ӨЖЖ аппараттары қыркүйек-қазан айларында еліміздің барлық өңірлері бойынша 1500 медициналық мекемеге жеткізіледі
Қазақстанда ӨЖЖ стационарлық аппараттарының өндірісі ашылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі primeminister.kz-ке сілтеме жасап.
Премьер-Министр Асқар Мамин пандемия жағдайында өкпені жасанды желдетудің стационарлық аппараттары (ӨЖЖ) өндірісін ұйымдастырған Қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорнында болды. Бұл аппарат емдеу мекемелеріндегі реанимация және қарқынды терапия бөлімшелерінде ересектер мен балалардың өкпесін ұзақ уақыт желдетуге арналған.
«ӨЖЖ стационарлық аппараттары ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің талаптарына сәйкес келеді және медицина мамандарының оң сараптамалық қорытындысын алып, Нұр-Сұлтанның Көпбейінді инфекциялық орталығында сәтті сынақтан өтті. Бүгінгі күні оқшаулау деңгейі 30 пайызға дейін және оны 50 және одан да көп пайызға дейін ұлғайту перспективасымен ӨЖЖ аппараттарын өнеркәсіптік құрастыру жүзеге асырылуда»,- делінген хабарламада.
Өндірістік цикл ішінде оқшаулау деңгейі кәсіпорынның қазіргі заманғы технологиялық жабдықпен жарақтандырылуы және электрондық, радиоэлектрондық және оптикалық аспаптар өндірісі саласындағы инженерлік-техникалық персоналдың жоғары құзыреттілігі нәтижесінде арттырылатын болады.
ӨЖЖ аппараттарын өндіруге ҚР басқа қорғаныс кәсіпорындарының технологиялық әлеуеті тартылған. Денсаулық сақтау министрлігінің Рұқсат қағазы бойынша ӨЖЖ аппараттары ағымдағы жылдың қыркүйек-қазан айларында еліміздің барлық өңірлері бойынша 1500 бірлік медициналық мекемелерге жеткізілетін болады.
ӨЖЖ аппараттарын құрастырумен қатар кәсіпорынның инженерлік-техникалық персоналы емдеу мекемелерінде медицина қызметкерлерін оқытуды қамтамасыз етеді, сондай-ақ 24/7 режимінде техникалық қолдауды жүзеге асыратын болады.
Кәсіпорын қызмет көрсетудің кепілдік мерзімін 3 жыл бойы ұсынады. Үкімет басшысы өндіріспен танысып, бұйымдарды еліміздің медициналық мекемелеріне уақтылы жеткізуді қамтамасыз етуді тапсырды.
Өндірістік алаңды тексеруге Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Атамқұлов, ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой және Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қатысты.