Өлместің күні: елордалық мүгедек әйел айына 10 мың теңгеге өмір сүріп келеді

Автор: Azattyq Rýhy

Еріктілер астанада мұндай жандардың көбейгенін айтып дабыл қақты

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны ай сайын небәрі 10 мың теңгеге ас-ауқат пен дәрі алып ішеді. 37 жастағы Мария Богомолова екінші топтағы мүгедек. Негізгі табысы – 45 мың теңге көлеміндегі жәрдемақы. Алайда, бұл ақша жалдамалы пәтерге жұмсалады. Еріктілер мен қоғам белсенділерінің айтуынша, елордада мұндай жандардың саны артқан деп хабарлады «Астана» телеарнасы.

10 мың теңгенің ай сайынғы ас-ауқатқа жетпейтіні белгілі. Сондықтан мүгедек әйел қарызға әбден батқан.

«Нан, макарон, сүт аламын, сүйек-саяқ сатып алып, оны бірнеше бөлікке бөлемін де, бір айға жеткіземін. Мен секілді мұқтаж жандар өте көп, зейнеткерлер, мүгедектер, көпбалалы аналар... Ешқандай көмек көрсетілмейді», - дейді Мария Богомолова.

Қоғам белсенділерінің айтуынша, мұқтаж адамдардың қатары астанада күннен күнге өсіп келеді екен. Бәріне бірдей көмектесіп үлгере алмаймыз дейді белсенді Марат Нұрсұлтан.

«Карантин басталғалы күніне 5-6 адамнан хабарласып, көмек сұрайды. Көбі материалдық көмек қажет етеді, құжат рәсімдеуге жәрдем сұрайтындары да бар. Ал, демалыс күндері тәулігіне 20-30 адамға дейін хабарласып жатады», - дейді елордалық тұрғын М. Нұрсұлтан.

Көмек сұрайтындардың көбі карантин салдарынан жұмысынан айырылған тұрғындар екен. Олардың арасында шетелдіктер де бар. Ал, жергілікті билік өкілдері әдеттегідей, оларды  уайымдаудың қажеті жоқ дегенді айтып отыр. Мұқтаж жандардың саны өссе де, Нұр-Сұлтанда жағдай тұрақты дейді әкімдік өкілдері.

«Иә, жыл сайын мұқтаж жандардың саны артып отырады. Ол қаладағы көші-қон процесіне, туу көрсеткішіне, яғни адам санының өсуіне байланысты. Біз жыл сайын 164 мыңнан астам адамға әлеуметтік көмек көрсетіп келеміз. Олардың саны күрт өсіп кеткен жоқ, жағдай тұрақты», - дейді Нұр-Сұлтан қалалық Еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасының бөлім басшысы Айгүл Таласова.

Басқарманың мәліметінше, елордалық 160 мыңнан астам адам жеңілдіктер мен әлеуметтік төлемдер алады. Ол үшін бюджеттен 12 млрд теңге қарастырылған.