Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, электронды журнал ойдағыдай жұмыс істеп тұр
Бүгін, 2020-2021 жылғы оқу жылының алғашқы күнінде Қазақстан бойынша 3 миллионнан астам оқушының 80%-ы сабағын қашықтан бастады. Тек бірінші сыныпқа барған 352 мың бүлдіршіннің 60%-дан астамы мектепке барып, алғашқы қоңырауға қатысқан.
Бұл туралы бірінші қыркүйектегі жұмыстың қорытындысын жариялаған Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова мәлім етті.
«Бүгін, бірінші қыркүйек күні оқу процесі негізінен, қашықтан басталды. Елімізде 7 мыңнан аса мектеп бар, онда 3 миллионнан астам оқушы оқиды. Таңертең барлық мектеп бойынша Білім күніне арналған сынып сағаттары өтті. Осы 3 миллионнан астам оқушының ішіндегі 352 мың бала бірінші рет мектепке келіп отырған бірінші сынып оқушылары. Өздеріңізге белгілі, мектепалды даярлық тобы мен бірінші сынып оқушылары үшін кезекші сыныптар ашылған. Бастауыш сынып оқушыларының 60 пайызға жуығы кезекші топтарда оқып жатыр. Бұл топтар ата-аналардың өтініші бойынша ашылған», - деді вице-министр.
Оқушылардың тапсырмасы жазылып, бағасы қойылатын электронды журналдың жұмысына тоқталған Каринова «Өте үлкен салмаққа қарамастан, журнал ойдағыдай жұмыс істеп тұр» дейді.
«Қазақстанның білім жүйесіндегі негізгі электронды журнал – Kundelik.kz. Бүгінгі жағдайға қарасақ, журналға секундына 6 200 адам кірген, материалдарды 3 млн 700 мың адам көрген», - деп мәлім етті Каринова.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан