Жоба толық қуатында жұмыс істесе, кәсіпорындар жылына 5,5 мың тоннаға дейін шошқа етін өндірмек
Ақмола облысында жылына 5,5 мың тонна шошқа етін өндіретін кешен құрылысы салынбақ. Бұл туралы ауыл шаруашылығы басқармасында облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдіхалықовтың төрағалығымен өткен жиын барысында мәлім болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Жиынға «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Бағлан Құлтаев та қатысты. Облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласының мамандары мен басшылары қатысқан жиында іргелі инвестициялық жобалар төңірегіндегі мәселелер көтерілді.
Мәселен, «Еңбек» және «Камышенка» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің басшылары шошқа өсіру кешендерін салуға ниет білдірді. «Еңбек» ЖШС-і Ақкөл ауданында ал «Камышенка» серіктестігі Астрахан ауданында «AIC Bavaria product» базасында әрқайсысы 1200 бастан шошқа өсіру кешенінің құрылысын салуды жоспарлаған. Жоба толық қуатында жұмыс істесе, кәсіпорындар жылына 5,5 мың тоннаға дейін шошқа етін өндірмек.
Жиын барысында аталған инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың өзекті мәселелері талқыға түсті.
«Несиелеудің қолданыстағы шарттары ауыл шаруашылығын дамытуға аса қолайлы емес. Қарызды төлеуге аса қысқа мерзім беріледі. Мемлекет ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін, несие шартын өзгертіп, қолайлы жағдай туғызса жөн болар еді. Шаруаны дөңгелетіп кету үшін шаруаларға несиелеу мерзімін 12 жылға дейін , ал жеңілдікті кезеңді кемінде 3 жылға дейін ұлғайтса бұл біз үшін зор көмек болар еді», - дейді «Камышенка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Дүйсембай Ілдебаев.
Жалпы облыстың аграрлық өнеркәсіптік салада биылдың өзінде жалпы құны 47 миллиард теңгені құрайтын 41 жоба жүзеге асырылуда.
Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы