Алматыда коронавирустан өкпесінің 97% зақымданған пациент жазылып шықты

Автор: Azattyq Rýhy

3 наурыз бен 28 шілде аралығында Алматыда 30 мыңға жуық адам емделіп шықты

Фото: ашық дереккөзден

Өкпесінің 97 пайызы зақымданған сырқатты Орталық қалалық клиникалық ауруханасының дәрігерлері емдеп жазды. Коронавирус инфекциясы салдарынан қос өкпесі бірдей зақымданған 59 жастағы пациент өздігінен тыныс алу қабілетінен айырылған. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалының хабарлауынша, Владимир Шестаковты қауіпті вирустан аман сақтап қалу үшін дәрігерлер оны қырық күндей емдеген.

«Науқастың қызы Ольга Чистякова Медициналық сақтандыру қорының Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы аурухана дәрігерлеріне алғыс жолдапты. Жылдың басында іске қосылған қосымша халық арасында үлкен сұранысқа ие бола бастады. Азаматтар Qoldau 24/7 арқылы шағым ғана емес, емдеген дәрігерлер мен медицина мекемесі атына алғыс жолдай алады. Жыл басынан бері қосымша арқылы 700-ге жуық алғыс хат келіп түсті», - дейді филиал басшысы Тілеухан Әбілдаев.

Бастапқыда дәрігерлер өткір респираторлық вирустық инфекция жұқтырды деген диагноз қойыпты. Бірақ тағайындалған емнен пайда болмаған соң, компьютерлік томография жасалған. КТ нәтижесі өкпенің 88%-дан астамы зақымданғанын растаса, ПТР-тест сырқаттың COVID-19 вирусын жұқтырғанын анықтап берді.

«Әкемді бірден ІІМ госпиталіне жатқызды. Бірақ беті бері қарай қоймаған соң, Орталық қалалық клиникалық ауруханаға ауыстыру туралы шешім қабылданды. Аурухана дәрігерлері әкемді емдеп жазамыз деген сөзінде тұрды. Әкем өз аяғымен ауруханадан шықты. Орталық қалалық клиникалық ауруханада алтын қолды дәрігерлер жұмыс істейді. Солардың білімі мен біліктілігінің арқасында әкем ауыр науқастан құлан-таза айықты», - дейді Ольга Чистякова.

Емдеуші дәрігер Мыңжан Меңлібековтің айтуынша, пациент ОҚК ауруханаға ауыр халде түскен.

«Коронавирус инфекциясын жұқтырған пациенттің өкпесі зақымданып, вирусты пневмонияға шалдығады. Бұл пациенттің өкпесі оттегі аппаратына қосқанға дейін 97 пайызға зақымданып үлгерді. Бірден тиісті дәрі-дәрмек бердік, оттегіге қосқаннан кейін жағдайы едәуір жақсарды», - дейді М. Меңлібеков.

Филиал мәліметінше, 2020 жылы 3 наурыз бен 28 шілде аралығында Алматы қаласы бойынша коронавирус инфекциясына қарсы күреске 26 медицина мекемесі жұмылдырылған. Оның 21-і – инфекциялық стационар, 17-сі – провизорлық, 1-уі – карантиндік стационар. Осы уақыт аралығында аталған ауруханаларда 29 667 адам емделіп шыққан. Оған 3,2 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы