Елімізде әйелдерге қарағанда ерлер бақыттырақ
Жыл сайын Статистика жөніндегі комитет «Халықтың өмір сүру сапасы» деген тақырыпта тұрғындар арасында сауалнама жүргізеді. Осы сауалнаманың нәтижесіне сәйкес, қазақстандықтардың 63,5 пайызы өз жағдайына көңілі толатынын айтқан. Әсіресе, ауыл тұрғындары (72,6%) қала халқына (58,4%) қарағанда өздерін бақытты санайды екен. Сондай-ақ, сауалнамаға қатысқан респонденттер арасында өзін бақытты санайтын ерлер (61,8%) әйелдерге (58,5%) қарағанда көп болып шықты.
Айта кетейік, 2019 жылы жүргізілген сауалнамада респонденттердің тек 60%-ы өз жағдайына көңілі толатынын жеткізген. Ал, 2018 жылы бұл көрсеткіш 56,5% деңгейінде болды.
Ал, 2020 жылдың бақытты елдер тізімінде (World Happiness Report) Қазақстан 10 сатыға жоғарылап, 163 елдің ішінде 50-ші орынға тұрақтады. ЕАЭО елдері арасында қазақстандықтар ең бақытты халық атанып отыр, бізден кейін Ресей (73-орын), Қырғызстан (74-орын), Беларусь (75-орын) және Армения (116-орын) жайғасқан.
World Happiness Report – әлем елдеріндегі халықтың өмір сүру деңгейін, қаншалықты бақытты екенін зерттеумен айналысатын халықаралық жоба. Мемлекеттер рейтингін түзерде зерттеушілер жан басына шаққандағы ЖІӨ, өмір сүру ұзақтығын, азаматтық бостандықты, қауіпсіздік пен ертеңге деген сенімділікті, отбасы тұрақтылығын, жұмыспен қамтуды, коррупция деңгейін негізге алады.
Айта кету керек, әлемдегі ең бақытты елдер рейтингінде Дания, Швейцария, Исландия, Норвегия, Нидерланды, Швеция, Жаңа Зеландия, Аустрия және Люксембург көш бастап тұр.
Ал ең бақытсыз елдер – Зимбабве, Оңтүстік Судан және Ауғанстан.