«Заң мен тәртіп»: Шығыс Қазақстанда жастар арасындағы есірткіге қарсы күрес туралы диалог алаңы өтті

Автор: Бақыт Шынар

Кездесуге университет және колледжд студенттері қатысты

Фото: ШҚО әкімдігі

Шығыс Қазақстан облысында «Есірткісіз болашақ – саналы таңдау» тақырыбында диалог алаңы өтті, деп хабарлайды  Azattyq Rýhy облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде өткен «Есірткісіз болашақ – саналы таңдау» тақырыбындағы диалог алаңы жастардың салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған.

«Іс-шараға жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері қатысып, есірткіге қарсы күрес, нашақорлықтың алдын алу, оның адам денсаулығы мен қоғамға тигізетін зиянды салдары, сондай-ақ салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелерін талқылады», - деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Дереккөзге сүйенсек, кездесу барысында жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, есірткіге тәуелділіктің алдын алу және әрбір азаматтың өз болашағына жауапкершілікпен қарауы жөнінде пікір алмасу өтті. Қатысушылар есірткісіз қоғам қалыптастыруда жастардың белсенді азаматтық ұстанымы мен саналы таңдауының маңыздылығына назар аударды.

«Диалог алаңының негізгі мақсаты – жастар арасында есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыру, құқықтық мәдениетті арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау және өскелең ұрпақтың жауапкершілігін нығайту», - деп хабарлайды әкімдік.

Мұндай кездесулер жастардың өзекті әлеуметтік мәселелерге қатысты көзқарасын қалыптастырып, құқықтық мәдениеті жоғары, жауапты әрі салауатты қоғам құруға бағытталған маңызды алаң.