Зайырлы мемлекет деген не? Ал Конституциядағы 7-бапта не жазылған? Бұл жөнінде сарапшылар пікір білдірді
Биыл қабылданған жаңа Конституцияда дін мен мемлекеттің арақатынасына қатысты жеке норма бекітілді. Онда діннің мемлекеттен бөлек екені нақты көрсетілген. Алайда Қазақстанның зайырлы мемлекет екені бұған дейін де Ата заңда жазылған еді. Ендеше, жаңа норма дінге қатысты саясатқа әсер ете ме, әлде бұрыннан қалыптасқан құқықтық қағидаттың аясын нақтылай ма? Azattyq Rýhy осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп, сарапшылардың пікірін білді.
Еліміздің зайырлы мемлекет екені 1995 жылғы Конституцияның 1-бабында да бекітілген еді. Ал 2011 жылғы 11 қазанда қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның 3-бабында мемлекеттің дін мен діни бірлестіктерден бөлінгені көрсетілген. Яғни бұған дейін қалыптасқан құқықтық қағидат енді конституциялық деңгейде нақтыланды.
Зайырлылық пен діннің мемлекеттен бөлінуі өзара байланысты болғанымен, құқықтық тұрғыдан екі бөлек ұғым. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы, заң ғылымдарының магистрі Қанат Әлиханның айтуынша, зайырлылық мемлекеттің конституциялық сипатын айқындаса, діннің мемлекеттен бөлінуі осы қағидатты жүзеге асыратын институционалды-құқықтық тетік саналады. Яғни мемлекет діни ілімдерге емес, Конституция мен заңдарға сүйенеді.
«Ешбір дін мемлекеттік немесе міндетті дін ретінде белгіленбейді, діни бірлестіктерге мемлекеттік органдардың өкілеттігі берілмейді. Сонымен бірге мемлекет заңға қайшы келмейтін бірлестіктердің қызметіне араласпауға тиіс. Алайда ешқандай байланыс болмау керек дегенді де білдірмейді. Конституцияның 7-бабының 2-тармағында діни ұйымдардың қызметі конституциялық құрылыс негіздерін, адам құқықтары мен бостандықтарын, ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысын қорғау мақсатында шектелуі мүмкін екені көрсетілген», – дейді Қанат Әлихан.
Сарапшы бұл жерде адамның жеке діни сенімі мен діни ұйымдардың қызметін ажыратып қарау керегін ескертеді. Конституциялық норма азаматтың сенімін шектеуге емес, діни бірлестіктер қызметінің құқықтық шекарасын белгілеуге бағытталған. Оның үстіне мұндай шектеулер кез келген себеппен енгізіле салмайды. Олар заңмен негізделеді.
ҚМДБ Діни білім және кадр дайындау бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұлов та осы тақырып аясында пікір білдірді.
«Зайырлы мемлекет дегеніміз – дінге қарсы мемлекет емес, керісінше, барлық азаматтың діни сенім бостандығына кепілдік беретін, ешбір дінді мемлекеттік немесе міндетті дін ретінде бекітпейтін мемлекет. Әр азаматтың ар-ождан бостандығын, сенім таңдау құқығын тең дәрежеде құрметтейді», – дейді ҚМДБ өкілі.
Сонымен қатар «мемлекеттен бөлек» және «қоғамнан бөлек» деген екі ұғымды шатастырмау керек екенін мәлімдеді. Айтуынша, дін мемлекеттен бөлінгенімен, қоғамнан, халықтың мәдениетінен, салт-дәстүрінен және рухани өмірінен бөлінбейді.
«Жаңа Конституцияның 7-бабының 1-тармағында «Дін мемлекеттен бөлек» деп нақты көрсетілген. Ал осы баптың екінші тармағында діни ұйымдар қызметінің заңға сәйкес жүзеге асырылатыны және белгілі бір конституциялық-құқықтық мақсаттар үшін шектелуі мүмкін екені белгіленген. Бұл жерде «дін мемлекеттен бөлек» дегенді дін қоғам өмірінен аластатылуы керек деп түсінуге болмайды. Дін қоғамдық өмірге рухани-адамгершілік тұрғыдан ықпал ете алады. Бірақ бұл ықпал заңға, азаматтардың құқығына және қоғамдық келісім қағидаттарына қайшы келмеуі қажет», – дейді деді ол.
Білім беру жүйесі неге зайырлы болуы керек
Жаңа Конституциядағы маңызды нормалардың бірі – білім мен тәрбиенің зайырлы сипатын заңмен бекіту. 33-баптың 5-тармағына сай, діни оқу орындарынан басқа барлық білім ордасы зайырлы болуға тиіс.
Қанат Әлиханның түсіндіруінше, бұл талап мемлекеттік және жекеменшік мектептерге ортақ ережені айқындайды. Зайырлы білім дегеніміз – оқу процесінің ғылым мен мемлекеттік стандарттарға сүйенуі. Бұл дінді оқытуға тыйым салады деген сөз емес. Діннің тарихы мен мәдениеттегі орнын ғылыми түрде зерттеуге болады. Алайда дінді тану мен оны уағыздаудың аражігін ажырата білу керек, әсіресе оқушыларды діни рәсімдерге мәжбүрлеуге болмайды.
Осы тұста мектеп формасына қатысты даулы мәселенің де нақты заңды негізі бар.
«Білім туралы» заңның 47-бабы 15-1-тармағы бойынша әр оқушы бекітілген форманы сақтауға міндетті. Ал Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығына сәйкес, мектеп киіміне қандай да бір діни атрибуттарды қосуға тыйым салынған. Бұл ереже барлық дін өкіліне ортақ. Мектепте хиджаб кию мәселесі жеке сенімнің заңдылығын бағалау арқылы емес, міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар негізінде шешіледі. Сонымен бірге мектеп формасын сақтау міндеті мен баланың білім алу құқығын бір-біріне қарсы қоюға болмайды», – дейді сарапшы.
Оның ойынша, мектеп пен ата-ана арасындағы мұндай дауларда ең алдымен баланың мүддесі ескерілуі тиіс. Ал кез келген түйткілді заңды түсіндіру және өзара келіссөз арқылы шешкен абзал.
Құқығы бұзылса, қайда жүгінеді
Сарапшының айтуынша, діни көзқарасына бола шектеу көрген адам өз құқығын қорғай алады?
«Алдымен шешімнің заңды негізін жазбаша талап етіп, бас тарту туралы құжаттар мен басқа да дәлелдерді сақтап қою қажет. Содан соң тиісті уәкілетті органға немесе мекемеге шағым түсіруге болады», – дейді Қанат Әлихан.
Мысалы, еңбек құқығы бұзылса – еңбек инспекциясына, білім алу құқығы шектелсе – білім беру саласындағы уәкілетті органға, сондай-ақ адам құқықтары жөніндегі уәкілге баруға болады. Оған қоса, конституциялық құқығына тікелей әсер ететін нормативтік құқықтық актіні белгіленген тәртіппен Конституциялық сотта даулауға құқығы бар.
Ол Конституцияның 41-бабының 1-тармағына тоқталды. Онда бостандықты шектеу тек заңмен және қажетті мөлшерде ғана болуы тиіс екені жазылған.
«Әрбір нақты жағдайда шектеудің заңды негізі, конституциялық мақсаты, қажеттілігі мен мөлшерлестігі ескерілуге тиіс. Лауазымды тұлғаның субъективті пікірі немесе мекеменің заңға қайшы ішкі ережесі азаматтың құқықтарын шектеуге негіз бола алмайды», – деді Қанат Әлихан.
Біздің Instagram және TikTok желісіндегі парақшаларымызға жазылыңыздар.