Бұзақылардың кесірінен жиған-терген ақшасынан, үйі мен саяжайынан айырылып қалған
Алпыс жаста әлеуметтік желінің жұлдызына айналған Индира Әбжанованы бүгінде білмейтін жан кемде-кем. Instagram-да үш жарым мыңнан астам оқырманы бар апа халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүр. Оның бұрын мұғалім болғанын, мардымсыз жалақының кесірінен мектептен кеткенін, ал бүгінде нәпақасын табу үшін автобус жуып жүргенін бұған дейін бәрі жазды. Бірақ біз білмейтін оқиғасы шаш етектен. Жақында кейіпкеріміз өткенін еске алуға жүрексінсе де Azattyq Rýhy тілшісіне сұхбат берді.
Индира Әбжанова кезінде Семей қаласындағы №40 мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істеген. Балаларға сабақ беріп, ұстаздық жолын жалғастырғысы келгенімен, өз баласын асырау үшін амалсыз сауда-саттыққа бет бұрғанын айтады. Өйткені мектептегі жалақы күнделікті күйбең тіршілікке де жетпеген.
«1992 жылы ана атандым. Дәл сол тұста жұмысың болса да, еңбекақы уақтылы төленбейтін қиын кезеңнің бірі еді. Ұлымды асырау үшін педагогика саласынан алыстап, саудамен айналысуға тура келді. Осылайша азын-аулақ қаражат жинадым. Бірақ бұзақылардың кесірінен адал еңбекпен тапқан барлық ақшамнан бір сәтте айырылып қалдым», – дейді ол.
Ең сорақысы да сол, ол кезде заңды белден басқандар көбіне арқа сүйейтін тірегі жоқ әйелдерге қоқан-лоқы көрсеткен.
«Қорғайтын адамы жоқ жалғызбасты ана едім. Олар балаңды алып кетемін деп қорқытқан соң қолымдағының барлығын бердім. Себебі кез келген ана үшін перзентінен жақын адам жоқ. Сол уақытта тыныш өмір сүру үшін арпалысқан әйелдер мені жақсы түсінеді. Өйткені мұндай жағдай көп адамның басынан өтті», – деді Индира.
Міне, осылайша жиған-терген қаражаты түгелдей қолды болған. Бірақ оны да аз көрген бұзақылар үйі мен саяжайын да тартып алған.
«Тіршілігімізді ақырындап түзеген кезде екі бөлмелі пәтерімізден де айырылдық. Өз қолымызбен еккен бау-бақшасы бар саяжай ол да кетті. Қолымда тек кішкентай балам қалды», – дейді кейіпкер.
Ал сондай қилы заманда Индираға қиындықты еңсеру үшін ұлы демеу болған.
«Кейде әлім таусылып бара жатқандай көрінетін, бірақ балама қарасам болды тынысым қайтадан ашылатын. Сондықтан қол қусырып отыруға хақым болған жоқ. Өйткені алға жылжып, талмай еңбек етіп, баламды қатарға қосуым керек еді. Қазір ойласам, сол қиындықтарға шыдап, мықты төтеп берген екенбіз. Бүгінде аспанымыз ашық, бәріміз аман-есенбіз, соған шексіз шүкір етемін. Ал қалғаны расымен өткінші дүние. Пәтер мен ақшаны өзіңмен бірге көрге алып кетпейсің», – деді ол.
Осы жағдайдан кейін кейіпкеріміз Ұлттық ядролық орталығында ұзақ жылдар қызмет атқарған. Ал 2002 жылдан бастап базарда еңбек еткен.
«Қолымнан келетін жұмыстың барлығын орындауға тырыстым. Күнделікті қажеттілігімізді толық жабу үшін «Мереке» базарында аула сыпырдым. Екі ауысымда да өзім істейтінмін. Одан кейін «Ақшын» сауда үйін күндіз-түні тазалап, нәпақа таптым. Кейін базарға қайта оралып, көкөніс саттым. Әйтеуір, тамағымызға жететін ақша табатынбыз», – дейді апа.
Ал саудадан түсетін табыс азайған соң 2015 жылдан бастап Индира автопаркке жолақы жинайтын маман болып орналасқан.
«Автобуста жолаушылармен әңгімелескен қатты ұнайтын еді. Кейде таныстарымды, бұрынғы әріптестерімді, тіпті кезінде өзім сабақ берген оқушыларымды жиі жолықтыратынмын.
Бірде мектептен қайтқан оқушы қатты шаршаған болу керек, салонның ішінде ұйықтап қалыпты. Ал көзін ашса, соңғы аялдамаға келген. Ол қатты қорқып, абдырап, жылауға шақ тұр. Жүргізуші екеуміз бірден жұбатып, қасымызға отырғыздық, қайда тұратынын сұрап білдік те, кері бағыттағы рейспен дәл өзінің аялдамасына жеткізіп салдық. Үйіне аман-есен кіргенін де қадағаладық.
Ал блог жүргізіп бастағаннан кейін сол баланың анасы мені TikTok-та танып, алғыс айтты. Жақсылықтың жерде қалмайтынын түсінгенде төбем көкке жеткендей қуандым», – деді Индира Әбжанова.
Кейін, өкінішке қарай, автопаркте кондуктор қызметі қысқарып, несие мен күнделікті тұрмыстың қамы үшін түнгі ауысымда автобус жууға ауысқан. Ал бос уақытында Instagram парақшасын жүргізеді.
«Ұлым қызмет бабы бойынша басқа қалаға қоныс аударды. Әрине, оны күнде көрмейтінімді қабылдау оңай болған жоқ. Сол үшін бір-бірімізге видео жолдап, жиі хабарласып тұрамыз. Бір күні телефонымның жады толып, естеліктерді өшіруге тура келді. Сонда балам оларды әлеуметтік желіге салып отыруға кеңес берді», – деді Индира.
Міне, қазір халық арасында қарапайым, бірақ жылулыққа толы видеосымен танылған кейіпкеріміздің әлеуметтік желі жүргізуіне перзентіне деген сағыныш себеп болған. Оның айтуынша, адамды күлдіру – үлкен еңбек.
«Бұрын мұғалім болғандықтан, біреуді жылату оңай екенін жақсы білемін. Ал шын көңілден күлдіріп, жүзін жадырату – үлкен еңбек. Блогымның оқырман жинауына да осы себеп болған шығар. Қазір елге қуаныш сыйлау – менің сүйікті ісім», – дейді Индира Әбжанова.
Сөз соңында зейнетке шығып, немерелеріне көбірек көңіл бөлуді армандайтынын айтты.
«Ешқандай өкпе-назым жоқ, ең бастысы – деніміз сау. Алдағы уақытта зейнетке шығып, немерелеріме көбірек уақыт арнағым келеді», – деп түйіндеді Индира Әбжанова.