Білім саласының маманы жасына қарамастан еңбек етіп жүр
Кез келген елдің қоғамы үшін 72 жастағы адам дегеніміз ең алдымен зейнеткер, бала-шағасының арқауы, немерелерінің сүйікті ата-әжесі болып елестейді. Бірақ, тағдыры қиын қариялар бұл стандартты сценарийден бөлек, зейнетте емес, бейнетте, әлі де «қашан жетемін, қалай құтыламын» деген ауыр ойлармен өмір сүруге мәжбүр. Жуырда Алматыда жолаушылар сыртынан түсіріп алған «таксист» әже де өкінішке қарай қазір қиын күндерді бастан кешіріп жүр. Бірақ, мойымай, қарызын біреуге артып қоймай, күні-түні жолаушы тасиды. Жол қысқарту үшін әңгіме бастаған жастарға әжей өмірі жайлы айтып берген. Алайда ол ешкімнен көмек сұрап, мұңын шақпаған. Тіпті өзін видеоға түсіріп жатқанын да білмеген. Ал жастардың бейнежазбаны жариялаудағы мақсаты – қарияның жағдайын көпшілікке жеткізіп, қолдан келгенше көмек көрсетуге мүмкіндік жасау. Кейде бір адамның жанашырлығы өзгелердің де қолдау білдіруіне себеп болады. Сондықтан Azattyq Rýhy да Аим әжемен (тілшіміз сұхбат алуды өтінгенде, «әріптестерім көп, танып қояды» деп, қатты ұялды, сондықтан аты-жөнін емес, банк қосымшасында ақша аударғанда жазылып тұратын осы атын қойдық - ред.,) байланысып, жағдайының мән-жайын білуге тырысты.
Ота кезінде студенттер құлатып алған
Аим әже қазір жетпіс екі жаста. Алматыда дүниеге келіп, өмірінің басым бөлігі осы қалада өткен. Қазақ политехникалық институтын бітіргеннен кейін бес жылдай сол білім ордасында еңбек етіп, кейін «Мерей» мекемесінде тағы он жыл жұмыс істеген.
Алайда 2004 жылдан бастап екінші топтағы мүгедек атанды.
«Денсаулығыма байланысты қалалық ауруханада ота жасады. Бірақ мені операция үстелінен ауыстырып жатқанда студенттер құлатып алған екен. Маған мұны ешкім айтпаған. Арада екі жыл өткенде көшеде келе жатып, кенет екі аяғымды баса алмай қалдым. Неден болғанын сонда барып білдім. Омыртқама зақым келген. Содан бері екінші топтағы мүгедекпін», – дейді әже.
«Балам да, келінім де жұмыс істемейді»
Қарияның жалғыз ұлы бар, сол ұлынан үш немере сүйген. Әжейдің сөзінше, баласының ешқашан тұрақты жұмысы болмаған, оның үстіне есірткіге тәуелділігі бар. Ұлы өмірінде үш рет түрмеге қамалған.
«Балам да, келінім де жұмыс істемейді. Ал мен шамам келгенше күні-түні еңбек етуге тырысып жүрмін. Егер жұмыс істемесеңдер, кетіңдер дедім. Қазір жалғыз тұрамын. Олар үш ай бұрын көшіп кетті», – дейді кейіпкер.
Оның сөзінше, бірге тұрған кезде ұлы үйдегі тұрмыстық заттарды сатып жіберген. Тоңазытқыш пен кір жуғыш машина сияқты күнделікті қажет дүниелер де қалмаған. Оның үстіне коммуналдық төлемнің берешегі жиналып, шамамен 500 мың теңгеге жеткен.
«Менің барлық қарызым шамамен 4 миллион теңге, бұдан бөлек балам 25 миллион теңге несие алған екен», – дейді ол.
Ең қиыны, әжей алаяқтардың да арбауына түскен. Бұған дейін такси жүргізу үшін Daewoo Matiz көлігін сатып алмақ болып, банктен жетпей тұрған 150 мың теңгеге несие сұраған. Тіпті пәтерін кепілге қоюға дайын болса да, өтініші мақұлданбапты. Алайда өз атына онлайн несие рәсімделгенін арада бес ай өткенде бір-ақ білген.
«Кезінде 150 мың теңгені де ала алмаған банктен алаяқтар менің атыма 500 мың теңге онлайн несие рәсімдеген болып шықты. Енді банкке 1 миллион 200 мың теңге қайтаруым керек. Бір жарым жылдан бері төлеп келемін. Полицияға да, банкке де бардым. Бірақ еш нәтиже болмады. Тіпті зейнетақы алатын есепшотымды да бұғаттап тастады», – дейді ол.
«Біреудің қайғысына ешкім бас ауыртпайды деп ойлайтын едім»
Ал әлеуметтік желіде тараған видеосын көргенде қатты таңғалғанын айтты. Өйткені оны түсіріп жатқанын білмеген.
«Өзім де балалармен қалай әңгімелесіп кеткенімді білмеймін. Олар ұлымның есірткіге қалай тәуелді болғанын сұрады. Мен мұны жай ғана өздері үшін қызық көріп сұрап отыр деп ойладым. Кейін видеомның интернетке тарағанын естігенде қатты таңғалдым. Бірақ сол балаларға алғысым шексіз. Бұрын біреудің қайғысына ешкім бас ауыртпайды деп ойлайтын едім», – дейді ол.
Қазір Аим әженің ай сайын қолына алатыны – 120 мың теңге зейнетақы. Бұл қаражат күнделікті заттарына да, қарыздарын төлеуге де жетпейді. Сондықтан жасы мен денсаулығына қарамастан, такси жүргізуді жалғастырып жүр. Айтуынша, машина айдап келе жатып, қатты шаршағаннан ұйықтап кеткен кездері болған. Сонда да «өзім құтыламын» деп масылдыққа салынбай, атын айтып, түрін түстеп, ашық сұхбат беруге асықпады. «Бар айтарым осы» деп, сұхбатты түйіндеді.