Шымкент университетінде Жолдауда айтылған цифрландыру және инфрақұрылымды дамыту міндеттері талқыланды

Автор: Темірхан Айжан

Ауыл мектептерінде цифрлық білім беру моделін енгізу көзделген

Фото: Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Шымкенттегі Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде Мемлекет басшысының «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі өзекті міндеттері» Жолдауы талқыланды. Кездесуге студенттер мен профессор-оқытушылар құрамы қатысып, елдің инфрақұрылымын жаңғырту, қалаларды цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту мәселелерін сөз етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жолдауда инфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аударылған. Жоспар бойынша, 2029 жылдың соңына дейін бұл мақсатқа шамамен 6,5 трлн теңге бағыттау көзделіп отыр. Оның ішінде 2026 жылы және 2027 жылдың алғашқы екі айында 1,6 трлн теңге бөлу жоспарланған. Қаржының бір бөлігі денсаулық сақтау саласындағы 70-ке жуық нысанды, білім беру, спорт және мәдениет салаларындағы 50-ге жуық нысанды дамытуға жұмсалмақ. Сонымен қатар газ және су желілерін жаңғыртуға шағын және орта бизнесті тарту көзделген.

Кездесуде қалаларды басқаруда цифрлық технологияларды қолдану мәселесі де талқыланды. Атап айтқанда, Президент Үкімет пен әкімдерге қалалардың цифрлық көшірмесін әзірлеу міндетін жүктеген.

Цифрлық көшірме – нақты қаладағы ғимараттар, жолдар, су және электр желілері сияқты нысандар туралы мәліметтер жинақталған виртуалды модель. Ол қаладағы инфрақұрылымның жағдайын бақылауға, құрылыс жұмыстарын қадағалауға және жоспарланған өзгерістердің нәтижесін алдын ала бағалауға мүмкіндік береді.

Университет проректоры Талжан Раимбердиевтің айтуынша, мұндай жүйе қаладағы түрлі үдерісті цифрлық форматта бақылауға мүмкіндік береді. Мәселен, мектеп құрылысының басталуынан бастап нысанды пайдалануға беруге дейінгі барлық кезеңді қадағалауға болады. Сондай-ақ құрылысқа пайдаланылған материалдар мен жұмсалған ресурстар туралы ақпаратты тексеруге мүмкіндік туады.

«Цифрлық көшірме арқылы мектеп құрылысының қай кезеңде тұрғанын көруге болады. Жобаның басталуынан бастап құрылыс жұмыстарының аяқталуы мен нысанды қабылдау актісіне дейінгі барлық кезеңді бақылауға мүмкіндік туады. Құрылысқа қандай материалдар пайдаланылғанын, қанша бетон жұмсалғанын және оның құрылыс мерзіміне жеткілікті-жеткіліксіз екенін де қадағалауға болады», – деді Талжан Раимбердиев.

Бұдан бөлек, Жолдауда цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуға басымдық берілген. Digital Qazaqstan стратегиясы аясында жаңа технологияларды экономика мен әлеуметтік салаларда қолдану, сондай-ақ жасанды интеллект әзірлемелерін коммерцияландыру міндеттері белгіленген.

Бұл бағытта Smart Cargo логистикалық жүйесін енгізу, су ресурстарын есепке алудың бірыңғай платформасын құру, мектептерде жасанды интеллект негіздерін оқыту жоспарланып отыр. Сонымен қатар Al-Sana бағдарламасы мен ауыл мектептеріне арналған Qazaq Digital Mektebi моделі де аталды. Кездесу барысында Жолдауда белгіленген міндеттерді жүзеге асырудың маңызы түсіндіріліп, елдің инфрақұрылымдық және цифрлық дамуына қатысты бастамалар талқыланды.