Ақмола облысында бұзау бағады – шаруалар форумында Тоқаевтың қолынан марапат алған әйел кім

Автор: Бақыт Шынар

Бүгін президент қарапайым шаруаларға жоғары марапат берді

Фото: Ақорда

Бүгін Астанадағы ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласын дамытуға елеулі үлес қосқаны үшін бір топ азаматқа мемлекеттік марапаттарды табыстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Соның ішінде, Батыс Қазақстан облысы, «Жеңіс» ШҚ басшысы Бейбіт Асанов, Қызылорда облысынан келген ауыл шаруашылығы саласының ардагері Бақыт Нұртазаев «Парасат» орденімен орденімен марапатталды. «ЭКО-культура» агроөнеркәсіптік холдингінің негізін қалаушы және президенті Александр Рудаков II дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды. Тағы бір топ шаруалар, соның ішінде, Сейітжан Балжігітов, Қуаныш Ищанов, Қайырбай Мақатов, Ислам Хуршудовтар  «Құрмет» орденімен марапатталды.

 III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденін алғандар арасында Рүстем Ахметжанов, Мәшік Әменов, Виктор Клишин, Қуандық Темірбаевтар бар.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ төрт  адамға  «Ерен еңбегі үшін» медалін берді. Олардың арасында зоотехни Дәурен Әбдірайымов, түйе өсірушісі Өтепберген Әбсәттар және Маңғыстаудан келген аға бақташы Бауыржан Сейдахметовтер бар.

Ал осы ер азаматтардың арасында президенттің қолынан марапат алған жалғыз әйел – Ақмола облысынан келген Әлия Қапарова бар болып шықты. Оның мамандығы – бұзау күтуші. Ақмола облысындағы  «Burabay Milk» ЖШС-да жұмыс істейді.

«Халқымыз «Ердің атын еңбек шығарады» деп бекер айтпаған. Түптеп келгенде, ерлік жасау – елдік мұратқа қызмет ету деген сөз. Ұлт мүддесіне мінсіз және адал қызмет ететін азаматтарға әрдайым құрмет көрсетіледі. Бұл – Әділетті Қазақстанның мызғымас қағидаты. Қазір осы жерде жұртқа жанашыр, нағыз адал азаматтар отыр. Мемлекет сіздерді әрдайым қолдайды, еңбектеріңізді жоғары бағалайды», - деген еді Тоқаев бүгінгі форумда шаруаларға алғыс айта отырып.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Астанада ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумы өтті. Сөз сөйлеген президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауылды дамыту бағдарламаларының тиімділігі, оларға бөлінген қаржы және кәсіпкерлердің ауылға қатысты позициясы туралы пікірін білдірген болатын.