Айтуынша, ағасы мен әкесінің туыстары жеке басының мүддесі үшін жүр
Биыл маусымда Қызылқоға ауданы Сағыз ауылының тұрғыны Әділхан Сисенов туған ұлының өзіне күш көрсетіп, үйге қамап қойғанын айтып, көмек сұраған еді. Міне, содан бері бес ай өтті. Осы уақыт аралығында әлеуметтік желі мен БАҚ беттерінде 90 жастағы қария мен оның туыстарының пікірі ғана жарияланды. Ал өз әкесін ұрды деп айыпталған баласы осы уақытқа дейін бірде-бір мәлімдеме жасаған жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алайда кеше ол 15 минуттық видеода осы оқиғаға қатысты өз нұсқасын айтып берді. Видео блогер Рүстем Баязиевтің Instagram және Facebook парақшаларында жарияланған.
«Осыдан бірнеше ай бұрын болған оқиғаға қатысты екінші жақтың уәжін ешкім тыңдаған жоқ», – деді Рүстем Баязиев.
Қарияның 12 перзенті бар. Соңғы 22 жылда ол кенже ұлы Қанаттың қолында тұрған. Осы уақыт ішінде ол әкесіне үш рет автокөлік сыйлап, бір рет мерейтойын атап өткен көрінеді. Сондай-ақ ол әкесін ұрмағанын мәлімдеді.
«Жоқ, мен әкемді ұрмадым, ол терезеден құлап қалды. Ал енді соның бәрін менің мойныма ілгелі жатыр. Олардың басқа мақсаты бар. Бұлардың мақсаты – менің үйімді даулау. Сонымен қатар 5 миллион теңге өтемақы сұрап отыр. Негізі басында тіпті 15 миллион теңге талап еткен еді.
Жағдайды түсіндіру үшін Кенжетай деген апама бардым. Ол – әкемнің туған қарындасы. Ол «Жоқ, басымды қатырма, шық!» деп мені тыңдамады. Ал өзі осы уақытқа дейін әкемнің жағдайын сұрап келген емес. Жылына бір-ақ рет келетін. Ал енді бәрі аяқ астынан жанашыр бола қалды. Олар жеке басының мүддесі үшін жүр», – деді ол.
Ер адам сол күнгі оқиғаны да баяндап берді. Оның айтуынша, әкесін 22 жыл баққандықтан, мінезін жақсы біледі.
«Ол қазір болған жағдайды да мойындамайды. Әкемнің бұған дейін де осындай әрекеттерін көріп жүрген соң, бөлмеге кірерде камерамды қосып кірдім. Сол кезде ол терезеден қашып бара жатқан екен. Мен кіргеннен кейін өзінен-өзі жерге құлап кетті. Бұл жерде айта кететін жайт, Қызылқоға сотында әкем «Мен терезенің алдында отыр едім, ол келді де, бір ұрып, жерге құлатты» деді. Ал соңғы сотта «Терезенің алдында отыр едім, тартып құлатты» деді. Сол кезде қасында отырған Сәуле деген өкілі «Ата, видео бар, өзім құладым деп айт» деп құлағына сыбырлады. Сосын әкем сасып қалды да «Иә, өзім құладым» деді. Кейін біз «Жаңа ғана тартып құлатты дедіңіз ғой» десек, Сәуле «Олай айтқан жоқ, өзім құладым деп айтты» деді. Ал ол соттың видеосында жазылды. Тағы бір айта кететінім, әкем тергеу кезінде де, сот процесі басталғанда да берген жауаптарын бірнеше мәрте өзгертті. Сараптама қорытындысында бетіндегі ісік ұрғаннан емес, терезеден құлағаннан пайда болуы мүмкін деген тұжырым жасалған», – деді Қанат.
Оқи отырыңыз: Телефонын тартып алып, үш жыл бойы қорлаған: келінін өлімге жеткізген ене бес жылға сотталды
Қанаттың сөзінше, оқиға болған күні Кенжетай есімді апасы қарияның бетінде сау жері қалмады деген. Ал туысы Аслан мен Салтанат оның бетінен ешқандай жарақат байқамаған.
«Кенжетай апам резонанс тудырғысы келіп, жедел жәрдем шақырған. Олар да әкемнің бетінде ештеңе болмағанын айтып отыр. Мамандар бәрін тексеріп, жағдайы жақсы екенін айтып, кетіп бара жатқанда, Кенжетай апам «Ауруханаға алып кетіңдер» деген. Сосын амал жоқ, ауруханаға апарған. Мұның бәрін олар сотта айтып берді. Ал ауруханаға апарғаннан кейін дәрігердің тексеруіне дейін 23 минут уақыт өткен. Дәрігер дебетінде ештеңе жоқ екенін айтқан. Ал видеода оның беті көгеріп тұрды», – деді Қанат.
Қанат бұл жағдайдың түп-төркіні отбасындағы үй дауына байланысты болуы мүмкін деп күмәнданып отыр. Ол ағаларының біріне күдік келтіреді. Айтуынша, әкесі сол ағасының үйінде тұрған кезде мүлікті бөлу және өтемақы алу туралы арыз жазған.
Сонымен қатар олар өздерінде бар аудиожазбаларды да жариялады. Аудиожазбалардың бірінде Қанаттың ағасы сараптама жасатқанын және аты-жөнін атауға болмайтын құпия адамдардың көмектескенін айтқан.
«Неге олар сараптама жасауға көмектесті? «Құпия адамдар» деген кім? Міне, осыны құзырлы органдар анықтау керек. Өйткені кез келген қылмыстық істе сараптаманың қорытындысына қарайды, соған сілтеме жасайды», – деді Рүстем Баязиев.
Ал келесі аудиожазбада Кенжетай апасының: «Аз ғана өмірі қалғанда Қанаттан басқа қайда барады? Алжығанда да жөнімен алжымады-ау. Күлкі болдық, масқара!» деген сөздерін естуге болады.
Қазір Қанаттың мүддесін адвокат Асылбек Орынбасаров қорғайды. Оның айтуынша, алғашында Қылмыстық кодекстің 107-бабының 2-бөлігі бойынша айып тағылған. Бұл бапта үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
«Іс құжаттарымен танысқаннан кейін ситуациялық сараптама тағайындау жөнінде өтінішхат білдірдік. Оның қорытындысына сәйкес, 107-бап бойынша тағылған айып дәлелденбей, іс 109-1-бапқа ауысты. Яғни қылмыстық құқық бұзушылық қылмыстық теріс қылық санатына ауыстырылды. Егер тергеу барысында орташа дәрежедегі жарақат салынбағаны анықталса, онда ұрып-соғу фактісі де болмаған деген сөз. Яғни Қанат ешқандай жарақат салған жоқ, ұрып-соққан да жоқ», – дейді адвокат.
Сонымен қатар олар отбасылық жағдайды жария еткісі келмегенін айтты. Дегенмен қоғамда тек бір тараптың мәлімдемесі ғана айтылып жатқандықтан, өз нұсқаларын жариялауға мәжбүр болған.
«Екіншіден, біз бүгінге дейін соттың әділдігіне сеніп келдік. Бірақ кейінгі уақытта әлеуметтік желіде бейнежазбалар көп жарияланды. Оның үстіне соңғы сот отырысында сот процесі аудиоға жазылып жатқанымен, қосымша видеоға түсірудің қажеті жоқ екенін айттым. Соған қарамастан, фото және видео түсірілім жүргізіліп, әлеуметтік желіге жарияланды. 20 қарашадағы сотта әділ үкім шығады деп сенеміз», – деді адвокат.
Біздің Instagram және TikTok желісіндегі парақшамызға жазылыңыздар