Көңіл білдіру мен қудалаудың арасы: ер адамның табандылығы қай кезде сталкингке айналады

Автор: Темірхан Айжан

Көктемдегі есепке сәйкес 36 сталкер уақытша ұстау изоляторына қамалды 

Фото: Жасанды интеллектпен жасалды

Қайта-қайта хабарласу, жұмысына келіп алу, әлеуметтік желіде аңду, сыйлық жіберу, бас тартқан адамның қыр ізіне түсу... Осы әрекеттерді қоғамда әлі күнге дейін романтикаға балап, сезімнің шынайылығына теңейтіндер көп. Қыздың «жоқ» деген жауабынан кейін де райынан қайтпайтын жігітті табанды деп мақтап, махаббат үшін күресіп жүрген қаһарман көреді. Бірақ бір адамның сезімі екінші адамның жеке шекарасын бұзуға құқық бере ме? Психоаналитикалық бағыттағы психолог Гүлжан Амангелдинова көңіл білдіру мен сталкингтің ара-жігін ажыратып, қудалаушының психологиялық уәждері мен жәбірленушінің мұндай жағдайда неге бірден көмек сұрай алмайтынын түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

 «Жоқ» деген жауаптан кейін не өзгереді?

Қызға көңілі түскен жігіттің хабарласып, кездесуге шақырып, сыйлық беруі – көпшілік үшін үйреншікті жағдай. Кейде қыз бірден келіспесе де, жігіттің қайта-қайта іздеп келіп, көңілін табуға тырысуын «сезімі шынайы екен», «оңайлықпен берілмеді» деп бағалайтындар бар. Мұндай түсінікке кинодағы махаббат хикаялары да әсер еткен болуы мүмкін, мәселен, жігіт қыздың артынан ұзақ жүріп, ақырында оның жүрегін жаулап алады. Шын өмірде біреудің бас тартқанын елемей, ізіне түсу - махаббаттың белгісі бола бермейді. Кейде мұның ар жағында өзгенің таңдауын қабылдай алмау, оны бақылауға ұмтылу, жеке шекарасын таптау сезімдері жатады.

Психоаналитикалық бағыттағы психолог Гүлжан Амангелдинованың айтуынша, біреуге көңіл білдіру мен оны қудалаудың арасындағы негізгі айырмашылық – екінші адамның жеке шекарасын мойындау. Адамның сезімін білдіруі бір бөлек, ал сол сезімге жауап беруге басқа біреуді мәжбүрлеуге тырысу – мүлде бөлек мәселе.

«Мәселен, жігіт қызға хабарласып, кездесуге шақырды делік. Қыз да оған қызығушылық танытса, екеуінің арасында қарым-қатынас басталуы мүмкін. Ал қыз кездесуден бас тартса, жігіт оның шешімін қабылдауы керек. Егер ол бұған қарамастан қайта-қайта қоңырау шалып, үйінің немесе жұмысының маңында күтіп, әлеуметтік желіден бақылап, түрлі жолмен байланыс орнатуға тырысса, бұл енді жай ғана көңіл білдіру шеңберінен шыға бастайды. Екінші адамның қарым-қатынасқа келіспейтінін түсінгеннен кейін де өз дегенінен қайтпау – жеке шекараны елемеудің белгісі. Бір адамның екінші адамға деген сезімі оның өміріне араласуға, қайда жүргенін бақылауға немесе өз шешімін өзгертуге мәжбүрлеуге құқық бермейді. Қарым-қатынас екі адамның да ерікті келісімімен құрылуы керек», - дейді ол.

«Мен оны жақсы көргендіктен істеп жүрмін»: сталкер өзін қалай ақтайды?

Психолог Гүлжан Амангелдинованың түсіндіруінше, сталкингке ұласатын әрекеттердің астарында әртүрлі психологиялық себеп жатуы мүмкін. Соның бірі – адамның бас тартуды қабылдай алмауы. Кейбір адамдар қарым-қатынастың аяқталуын жеке басына жасалған соққы секілді қабылдайды.

«Психологияда мұндай күйді нарциссистік жарақат ұғымымен байланыстыра түсіндіруге болады. Бұл адамның өзіне деген бағасы мен үмітіне соққы тиген кезде пайда болатын ауыр эмоциялық реакцияны білдіреді. Мысалы, адам өзін біреуге ұнайтын, қажет, маңызды жан ретінде қабылдауы мүмкін. Ал екінші тараптың бас тартуы оның осы түсінігіне қайшы келеді. Ол мұны «мені таңдамады» дегеннен гөрі, «мені қорлады», «мені бағаламады» деп қабылдауы ықтимал. Мұндай жағдайда адам екінші тараптың таңдауын мойындаудың орнына, оның шешімін өзгертуге тырысады. Қыздың «жоқ» деген жауабын түпкілікті шешім ретінде қабылдамай, «әзірге келіспей тұр», «маған уақыт керек», «бір күні көнеді» деп ойлауы мүмкін. Сөйтіп, байланыс орнату әрекеттерін жалғастыра береді. Бұл жерде адамның өз сезімін екінші тараптың қалауы мен еркінен жоғары қоюы байқалады. Ол өзіне ұнайтын адаммен бірге болғысы келеді, бірақ сол адамның да мұндай қарым-қатынасты қалайтыны-қаламайтыны екінші орынға ығысады. Қудалаушы өз әрекетін ақтаудың түрлі жолын табуы мүмкін. Мысалы, «мен тек сөйлескім келеді», «оған сезімімді түсіндіруім керек», «мен оны жақсы көргендіктен осылай істеп жүрмін» деп ойлайды. Кейде ол өзінің әрекетін зиянсыз санап, екінші тараптың қорқынышын немесе қарсылығын мойындамайды», - дейді ол.

Маманның айтуынша, психоанализде адамның өзіне жағымсыз сезімдер мен әрекеттерді мойындамай, оларды басқа біреуге телуі проекция деп аталады. Мәселен, қудалаушы өзінің қызғанышын, ашуын немесе бақылауға деген ұмтылысын мойындамай, керісінше, екінші тарапты кінәлауы мүмкін. «Ол мені әдейі ашуландырады», «өзі мені осындай жағдайға жеткізді», «маған дұрыс қараса, мұндай болмас еді» деген ойлар осындай ақтаудың көрінісі.

Психолог мұндай әрекеттердің барлығын бір ғана диагнозбен байланыстыруға болмайтынын да ескертеді. Сталкингке бейім мінез-құлықтың себептері әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан адамға сырттай диагноз қоюдан гөрі, оның әрекетіне және басқа адамның шекарасын қаншалықты құрметтейтініне назар аударған жөн.

Сталкер бұрынғы сүйіктісіне тыныштық бермейді...

Сталкинг бұрынғы серіктестер арасында да пайда болады. Бір тарап қарым-қатынасты тоқтатқысы келгенімен, екінші адам мұны қабылдамай, бұрынғыдай байланыста болуды талап етуі мүмкін.

«Қудалау көбіне бірден ашық қысым көрсетуден басталмайды. Әуелі адам қайта-қайта қоңырау шалып, хабарлама жібереді. Жауап алмаса, басқа нөмірден хабарласуы, бұрынғы серіктесінің үйі мен жұмысының маңында жүруі, таныстары арқылы ол туралы ақпарат білуге тырысуы мүмкін. Әлеуметтік желідегі парақшаларын бақылап, кіммен араласатынын, қайда жүргенін аңдиды. Кейбір адамдар үшін қарым-қатынастың аяқталуы тек сүйікті адамынан айырылу емес, өз өміріндегі бақылауды жоғалту сияқты қабылдайды. Сондықтан бұрынғы серіктесінің өз бетінше шешім қабылдап, басқа адаммен қарым-қатынас құруына көндіге алмайды. Оны қайтарамын деген оймен өміріне араласуын тоқтатпайды. Ал қалағанына қол жеткізе алмаған жағдайда, реніш пен ашу күшейіп, қудалау қорқытуға, мазалауға, тіпті бұрынғы серіктесінің өмірін қиындатады», - деді психолог.

Қызғаныш пен аңдуды махаббатпен шатастырмау керек

Маманның айтуынша, қарым-қатынаста қызғаныш болуы мүмкін, бірақ оның да шегі бар. Бір адамның екіншісінің қайда жүргенін үнемі сұрауы, кіммен сөйлесетінін тексеруі, әлеуметтік желідегі жазбаларын бақылауы немесе басқа адамдармен араласуына шектеу қоюы кейде қамқорлық ретінде көрсетіледі.

«Қайдасың?», «Кіммен жүрсің?», «Неге телефоныңды алмадың?», «Ол адаммен неге сөйлестің?» деген сұрақтар жиілеп, жауап беруді талап етуге ұласса, қарым-қатынаста бақылау белгілері пайда болуы мүмкін. Адамның өзгені бақылауға ұмтылуы кейде айырылып қалудан қорқуымен, ішкі сенімсіздігімен немесе қарым-қатынастағы бақылауды жоғалтқысы келмеуімен байланысты. Бірақ мұндай сезімдер басқа адамның еркін шектеуге негіз бола алмайды. Мәселен, серіктесінің телефонын рұқсатсыз тексеру, оның кіммен сөйлесетінін бақылау, достарымен кездесуіне кедергі жасау немесе үнемі қайда жүргенін талап ету – махаббаттың міндетті белгілері емес. Сталкингтің қауіптілігі де осында, кейде ол бірден ашық қорқыту, күш қолданудан басталмайды. Алғашында сырт көзге байқала бермейтін, тіпті қалыпты көрінетін әрекеттерден басталуы мүмкін. Бірақ екінші тараптың қарсылығына қарамастан жалғаса берсе, жағдай күрделене түседі», - деді ол.

Сталкинг құрбаны неге бірден көмек сұрамайды?

Сырт көзге сталкингке тап болған адамға «неге бірден бұғаттап тастамайды?», «неге полицияға бармайды?», «неге сөйлесуді тоқтатпайды?» деген сұрақтар туындауы мүмкін. Бірақ мұндай жағдайға тап болған адамның психологиялық күйі әлдеқайда күрделі.

«Біріншіден, ол бастапқыда болып жатқан жағдайды қудалау ретінде қабылдамауы мүмкін. Қайта-қайта хабарласуды адамның сезімімен, қызғанышымен немесе уақытша эмоциялық күйімен байланыстырады. «Өзі басылады», «уақыт өте түсінеді», «мені мазаламай қояды» деп үміттенеді.

Екіншіден, жәбірленуші өзін кінәлауы мүмкін. «Басында сөйлесіп қойдым», «оған үміт бердім», «ойымды дұрыс жеткізбедім» деген ойлар мазалауы мүмкін. Кейбірі айналасындағылардың жазғыруынан қорқады.

Тағы бір мәселе – жәбірленушінің қудалаушыға қарсы әрекет етуге қорқуы. Ол қарым-қатынасты бірден үзсе, екінші тараптың ашуланып, одан сайын қысым көрсетуі мүмкін деп ойлайды. Сондықтан кейде оған жауап беруді жалғастырады немесе сталкердің талабын орындауға мәжбүр болады. Мұны сырттан бақылаған адам түсінбеуі мүмкін, бірақ жәбірленуші үшін қауіпсіздіктің амалына айналады», - деді маман.

Психолог Гүлжан Амангелдинованың түсіндіруінше, қудалауға тап болған адам кейде өзінің сезімі мен жағдайын түсіндіруге қиналады. Өйткені сталкердің әрекеті бірде қамқорлыққа, бірде ашуға, енді бірде қорқытуға ұқсап, жәбірленушіні абдыратып қоюы мүмкін. Адам келесі әрекеттің қандай болатынын білмегендіктен, үнемі сақ жүруге мәжбүр болады.

Мұндай жағдайда адамның мінез-құлқы да өзгеруі мүмкін. Ол көшеде жүргенде айналасына жиі қарайды, үйіне жалғыз қайтудан қорқады. Телефонға хабарлама келген сайын мазасызданып, белгісіз нөмірге жауап беруден қашады.

«Үнемі бақылауда жүргендей сезіну адамның қауіпсіздік сезіміне тікелей әсер етеді. Ол өз өмірін еркін сүре алмай, тағы не болып қалар екен деген оймен жүреді. Бұл ұзаққа созылғанда психологиялық шаршау мен күйзеліске әкеледі. Сондықтан сталкингті тек «біреудің мазасын алу» деп жеңіл қабылдауға болмайды», - деді ол.

Қазақстанда сталкинг үшін қандай жаза қарастырылған?

Қазақстанда сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік 2025 жылы 16 қыркүйектен бастап енгізілді. Осы күні Қылмыстық кодекске 115-1-бап қосылып, адамның еркіне қарсы оны қудалау әрекеттеріне құқықтық баға беретін жеке норма күшіне енді.

Қылмыстық кодекске сәйкес, сталкинг – адамның еркіне қайшы онымен байланыс орнатуға және (немесе) оны аңдуға бағытталған, зорлық-зомбылықпен ұштаспайтын, бірақ елеулі зиян келтіруге алып келген заңсыз қудалау. Аталған бап бойынша кінәлі адамға 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тарту, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа жегу немесе 50 тәулікке дейін қамаққа алу жазасы көзделген.

Бұл ретте кез келген қоңырау, хабарлама немесе әлеуметтік желідегі әрекет автоматты түрде қылмыс болып саналмайды. Заңда әрекеттің адамның еркіне қарсы жасалуы, заңсыз қудалау сипаты және елеулі зиян келтіруі секілді белгілер қарастырылған. Нақты жағдайға құқықтық бағаны құзырлы органдар береді. Ішкі істер министрлігінің 2026 жылғы мәліметінше, сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілгеннен бері 51 іс сотқа жолданған. Оның 36-сында күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалған. Бұл – сотталғандар саны емес, сотқа жолданған істер мен тергеу кезеңіндегі күдіктілер туралы көрсеткіш.

Ухажер мен сталкердің арасындағы шекара қандай?

Психологтың айтуынша,екеуінің арасындағы шекараны анықтау үшін күрделі психологиялық терминдерді білу міндетті емес. Ең қарапайым белгі – өзара келісім мен жеке шекараға құрметті болуы.

Біреу қайта-қайта хабарласып, соңынан қалмай, мазалай бастаса, мұны елемей жүре беруге болмайды. Мұндай жағдайға тап болған адам жақындарына айтып, болған жайттарды дәлелдейтін хабарламаларды, қоңырауларды және басқа да деректерді сақтап қойғаны дұрыс. Қауіп төнсе немесе қудалау тоқтамаса, полицияға жүгіну керек.