Ата-ана баласын қашан мектепке қорықпай жібереді: Қазақстанда күн сайын бір бала жол апатынан қайтыс болады

Автор: Темірхан Айжан

Ашық хабарландыруларда баланы мектепке немесе балабақшаға күнделікті тасымалдау құны айына 100 мыңнан 200 мың теңгеге дейін деп көрсетілген

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Елімізде әлі күнге дейін мектепалды және мектепке баратын балаларды білім ошақтарына қауіпсіз тасу жүйесі бірізге түспеген. Заң жүзінде көлікке, жүргізушіге талаптар қойылған, оқушыларды тасымалдау тәртібі бекітілген, бірақ олар іс жүзіне келгенде орындалмай жүр. Олай деуге себеп бар. Балалардың қауіпсіздігіне немқұрайлы қарағанның кесірінен қоғамды дүр сілкіндірген трагедиялар болды.

Мәселен, Түркістан облысында жаттықтырушысымен бірге жарысқа бара жатқан 3 жасөспірім жол апатынан қаза тапты. Олардың сапары туралы тиісті мемлекеттік органдарға алдын ала хабарланбаған. Өңірдегі тағы бір оқиға – жеке балабақшаның тәрбиеленушілерін тасымалдаған жүргізуші бес жастағы баланы үйінің маңына түсіріп, кейін оны басып кеткен.

Бұл «аз» десеңіздер, ары қарай тізе беруге болады: Алматы облысының Іргелі ауылында мектеп автобусы артқа қарай жүріп, 7 жастағы баланы байқамай қалып, мерт қылды. Осы оқиғадан кейін аудан тұрғындары мектеп пен бала тасымалдауға қатысты қордаланған мәселелерін ашық айтты. Мұндай қайғылы жайттардың жиі болуы мәселені кешенді түрде шешудің қажет екенін көрсетті. Бірақ жауапты министрліктер оны қолға алып, шешімін табуға асығар емес. Осы мәселені Құрылтай отырысында «Әділет» партиясының депутаты Айжан Наимбекова көтерді.

Голливуд фильмдерінен таныс сары мектеп автобустары АҚШ-та оқушыларды тасымалдаудың жарқын үлгісіне айналған. Қазақстанда да мектеп автобустары бар. Олар әр өңірде әртүрлі ұйымдастырылған. Осы орайда Azattyq Rýhy мемлекет пен жеке сектордың жауапкершілігі қалай бөлінген? Баласын күн сайын мектепке апарып, алып келетін жеке жүргізушіге қаншалықты сенуге болады? деген сұрақтарға жауап іздеп көрді.

Заңда не жазылған?

Қазақстанда балаларды ұйымдасқан түрде тасымалдауға қатысты заңнамалық талаптар қарастырылған. «Автомобиль көлігі туралы» заңның 25-бабына сәйкес, балаларды тасымалдайтын автобустың кемінде екі есігі болуы, техникалық жағдайы белгіленген талаптарға сай келуі және «Балалар тасымалы» белгісімен жабдықталуы керек. Жүргізушінің жасы кемінде 25- ке толған, тиісті санаттағы жүргізуші куәлігі мен кемінде бес жыл жұмыс өтілі болуы міндетті.

Бұдан бөлек, жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларында ұйымдасқан балалар тобын тасымалдау тәртібі белгіленген. Оған сәйкес, әр балаға жеке орын беріліп, талапқа сай жабдықталған автобуспен тасымалдануы тиіс. Ал шалғайдағы елді мекендерде тұратын балаларды мектепке жеткізуді ұйымдастыру жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жатады. Мінекей, заңнамада балаларды тасымалдауға қатысты негізгі қауіпсіздік талаптары бар. Мұнда автобустардың басым бөлігі жеке тасымалдаушыларға берілген өңірлерде осы талаптар орындалып отыр ма деген маңызды сұрақ туындайды.

Мәселен, Алматы облысында 2026 жылғы 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша, 281 елді мекеннен 136 білім беру ұйымына 26 934 оқушы тасымалданады. Оларға қызмет көрсету үшін барлығы 232 автобус тартылған. Оның 33-і аудандық және қалалық білім бөлімдерінің, 24-і «Алматы облысы автобус паркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің балансында болса, қалған 175 автобус жеке тасымалдаушыларға тиесілі, яғни өңірдегі оқушыларды тасымалдауға тартылған автобустардың шамамен 75 пайызы жеке секторға тиесілі.

Осы ретте экономист, сарапшы Асылхан Андашев мектеп автобустарының жекеменшікке берілуі бизнес тұрғысынан пайдалы екенін, бірақ, қауіпсіздік назардан тыс қалмауы үшін әділ тендер керек дейді.

«Тасымалдаушының жеке меншік болуы қауіпсіздік тұрғысынан мәселе туындатпауы керек деп ойлаймын. Өйткені жеке компания қауіпсіздік талаптарын сақтамаса, тендерді басқа компания ұтып алуы мүмкін. Сондықтан бұл салада бірнеше бәсекелес жеке компанияның болғаны дұрыс. Бәсекелестік қызмет сапасына, соның ішінде қауіпсіздікке де оң әсер етеді. Ал егер жалғыз тасымалдаушы болса, мұның кері тұстары көбірек болар еді. Өйткені компания бағаны өзі белгілейді. Қауіпсіздікке немесе қызмет сапасына бейжай қараса да, нарықта балама болмаса, тапсырыс берушілердің басқа компанияны таңдау мүмкіндігі болмайды.

Саланың бизнес ретінде де артықшылықтары көп. Олар: жаңа жұмыс орындары, заманауи техника, бюджетке түсімнің артуы дер едім», - деді сарапшы.

Жеке компаниялар мен «автоняня» қызметі

Балаларды тасымалдау нарығында мектеп автобустарымен қатар жеке компаниялар мен жүргізушілердің де қызметі бар. Қазақстанда SchoolBus, BABYTAXI, UvU.kz, KidsGo сияқты балаларды мектепке, балабақшаға және қосымша сабақтарға жеткізуді ұйымдастыратын сервистер жұмыс істейді. Олар топтық тасымалдауды ұсынады. Жеке жүргізушілер «автоняня» қызметін ұсынып жүр. Ашық хабарландыруларда баланы мектепке немесе балабақшаға күнделікті тасымалдау құны айына 100–200 мың теңге аралығында деп көрсетілген. Бағалар жолдың ұзақтығына, уақытына қарай өзгеріп отырады. Бұл нарықтағы қызметтердің қауіпсіздік талаптарына қаншалықты сай келетіні, жүргізушілердің қалай іріктелетіні, олардың қызметін кім бақылайтыны туралы ақпарат жеткіліксіз. Компаниялар ақпарат құралдарына барынша жабық. Жеке тасымал қызметі жұмыста жүрген ата-ана үшін қолайлы болғанымен, қауіпсіздік талаптарын ешкім бақыламайды.

Ата-аналар неге жеке тасымалдаушыларға жүгінеді?

Ақмола облысына қарасты, бірақ Астананың түбіндегі Қоянды ауылының тұрғыны Айгерім Асылбекқызы баласын балабақшаның жалдаған көлігіне салып жіберіп, кешке күтіп алады. Айта кетейік, Қоянды ауылының тұрғындары ауылдан бөлек, Астанаға келіп-кетіп жұмыс істейді.

Айгерім Асылбекқызының айтуынша, инфрақұрылымы дұрыс дамымаған ауылда таңертең-кешке баланы жаяу алып жүру қауіпті.

«Біз ауылда адамнан қорықпаймыз, иттен қорқамыз. Яғни, күн қараңғы, далада қабаған иттер көп жүреді. Қыста күн қатты суық болады. Баламыз баратын балабақша арнайы көлік жалдаған, қателеспесем, 16 орындық. Балабақшаның бір қызметкері күнде таңертең сол көлікпен тасымалдауға ақша төлеген үйлердің жанына келіп, баланы есік алдынан алып кетеді. Кешке қайтадан үйге дейін әкеп тастайды», - дейді ата-ана.

Оның айтуынша, отбасы жеке тасымалдау көлігімен емес, балабақшамен келісім жасаған, яғни, көлікті балабақша ұйымдастырып беріп отыр.

«Жекеменшік көлік екені белгілі. Қауіпсіздік жағынан толық жауапкершілікті балабақша өз мойнына алып отыр. Былтыр балаларым мектепке барғанда оларды жекеменшік көлікке салып жіберетінбіз. Мектеп автобусы емес, жеке көлік иесі өзі алып кетіп, апаратын. Ал биыл мемлекеттен берілген мектеп автобусы бар, бірақ, оған тек әлеуметтік осал топтағы отбасының балалары мінеді. Ол автобус аялдамадан әкетіп, аялдамаға әкеледі», - дейді Айгерім Асылбекқызы.

Оның айтуынша, жалпы, баланы тасымалдау ата-ана үшін ыңғайлы. Дәл өз жағдайына қатысты ата-ана осылай дейді.

«Бізде баланы үйден алып кетіп, үйге әкелетіні өте ыңғайлы. Балам қалай келер екен деп уайымдамайсың, уақытында келеді, уақытында кетеді. Қазір балабақшаның тасымалдау қызметіне айына 7000 төлейміз. Былтыр жеке адам мектепке тасымалдағанда оған әр баламыз үшін 20 000 теңге төлейтін едік», - дейді ата-ана.

Депутат бірнеше министрлік бірігіп, ортақ жүйе құру керек дейді

«Әділет» партиясының депутаты Айжан Наимбекова балаларды тасымалдау мәселесін шешу үшін ең алдымен ортақ ереже мен бақылау жүйесі қажет деп санайды. Оның айтуынша, қазір балаларды тұрақты тасымалдайтын көліктердің бірыңғай тізілімі жоқ. Сондықтан мұндай көліктерді есепке алып, олардың қауіпсіздігін бақылау тетігін қалыптастыру керек.

Сондай-ақ депутат балаларды көлікке отырғызу, түсіру және ата-анасына табыстау тәртібін заңмен бекітуді ұсынды. Жүргізушілер мен балаларды алып жүретін жауапты адамдардың міндеттері де нақты жазылуға тиіс. Мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтін жекеменшік балабақшалар мен басқа да ұйымдарға балаларды тасымалдау кезінде міндетті қауіпсіздік талаптарын енгізу қажет.

«Осы мәселелерді шешу үшін Оқу-ағарту, Ішкі істер және Көлік министрліктеріне заңнамаға өзгеріс енгізу, балалар қатысқан жол апаттарын бөлек есепке алу және ведомстволардың жауапкершілігін нақтылау жөнінде ұсыныс жолдаймыз. Баланың қауіпсіздігі ұйымның мемлекеттік немесе жекеменшік болуына, тасымалдың ақылы не тегін болуына байланысты болмауға тиіс. Біз бұл мәселені жаңа талаптарды көбейту үшін емес, балалардың өмірін сақтау үшін көтеріп отырмыз. Әрбір баланың өмірі бірдей құнды», - деді ол.

Қайғылы жағдайдан кейін ғана ойлануды доғару керек

Senim Qogamy қоғамдық қорының жетекшісі, QAZAQ EXPERT CLUB сарапшысы, балалардың құқықтары мен қауіпсіздігі саласының сарапшысы Юлия Смышляеваның айтуынша, баланы қауіпсіз түрде мектеп пен балабақшаға тасымалдау қызметі дұрыс ұйымдастырылмаса, бұл әлеуметтік теңсіздікті тудырады.

«Бір отбасы баласын мектепке, балабақшаға, спорт секциясына өзі апара алады. Ал басқа отбасында мұндай мүмкіндік жоқ, өйткені ата-ана жұмыста, қоғамдық көлік қолайсыз, жеке тасымалдың құны қымбат. Сөйтіп, балалар қабілетіне қарай емес, отбасының материалдық жағдайы мен тұратын жеріне байланысты теңсіздікке тап болады. Бұдан бөлек, баласын күн сайын өзі таситын ата-аналар жұмыс уақытын қысқартуға, болмаса мүлде жұмыстан шығуға мәжбүр болады. Бұл отбасының табысы мен әлеуметтік жағдайына әсер етеді. Сондықтан бала тасымалы дегеніміз, балаға тең мүмкіндік берудің бір жолы», - деді сарапшы.

Осы орайда Юлия Смышляева балаларды тасымалдау мәселесін әр өңірге жеке шешуге бермей, ортақ жүйе қалыптастыру қажет.

«Алдымен әр өңірде күнделікті тасымалдауды қажет ететін балалар санын, бағыттарды, тасымалдауды кім ұйымдастыратынын және көліктердің қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін анықтау керек. Мемлекеттік мектеп, жеке балабақша немесе спорт ұйымы болсын, балаларды ұйымдасқан түрде тасымалдауға ортақ міндетті талаптар қойылуы тиіс. Оған көліктің техникалық жағдайы, жүргізушінің біліктілігі, қауіпсіздік құралдары, балаларды алып жүретін жауапты адамның болуы, маршрутты бақылау және баланы жауапты ересек адамға тапсыру тәртібі кіреді. Қазақстан заңнамасында балаларды ұйымдасқан түрде тасымалдауға қойылатын арнайы талаптар бар. Сондықтан, мәселені біржола шешу үшін жаңа ереже ойлап табудың қажеті жоқ, тек қолданыстағы талаптардың орындалуын бақылап, олқылықтарды жою қажет. Спорттық жарыстарға баратын балалардың қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлу керек. Балалар командасының ұйымдасқан сапары жауапты адам белгіленбей, тасымалдаушы тексерілмей және ата-аналарға қауіпсіздік тәртібі түсіндірілмей жүзеге аспауы тиіс. Мұның бәрі қайғылы жағдайға түспей тұрып қамтамасыз етілуі тиіс»,-дейді сарапшы.

Юлия Смышляеваның айтуынша, балалардың мектепке аман-есен барып келуін тек ата-ананың жауапкершілігі деп қарауға болмайды. Мұнда мемлекеттің де өзіне алар жүгі бар.