Оның айтуынша, балаларды көлікке отырғызып, түсіріп, ата-анасына табыстау тәртібін заңмен бекіту қажет
Құрылтайда балабақша, мектеп, спорт секцияларына балаларды тасымалдайтын көліктердің бірыңғай тізілімін құру ұсынылды. Бастаманы «Әділет» партиясы фракциясының депутаты Айжан Наимбекова көтерді. Ол балаларды тасымалдау кезіндегі қауіпсіздік талаптарын күшейтіп, жүргізушілер мен оларды алып жүруге жауапты адамдардың міндеттерін заңмен бекітуді сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол премьер-министрдің орынбасары – көлік министрі, ішкі істер министрі және оқу-ағарту министріне жолдаған сауалында балаларды күнделікті тасымалдау кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталмай жүргенін айтты. Депутаттың мәліметінше, 2025 жылы жол-көлік оқиғаларынан 285 бала қаза тауып, 12 409 бала жарақат алған. Ал биыл жыл басынан бері жол апаттарынан 200-ден астам бала көз жұмған.
«285 бала! Бұл – жай ғана сан емес. Әр санның артында баласынан айырылған отбасының қайғысы тұр. 2023 жылғы қазанда Түркістан қаласында жеке балабақшаның тәрбиеленушілерін тасымалдаған жүргізуші бес жастағы баланы үйінің жанында түсіріп, кейін байқамай көлікпен қағып кеткен. Бала көз жұмды. Ата-анасы баласын балабақшаға сеніп тапсырды. Бірақ ол үйіне қайта оралмады. 2024 жылғы тамызда Ақтөбе облысында жарысқа бара жатқан бес бала, ал 2026 жылғы сәуірде Түркістан облысында тағы үш бала жол апатынан көз жұмды. Екі жағдайда да сапар туралы құзырлы органдарға алдын ала хабарланбаған. 2026 жылы полиция тексерген үш мыңнан астам мектеп автобусының шамамен 400-інен техникалық ақаулар анықталған. Сонымен қатар, қараша айының басында әлеуметтік желіде Түркістан облысындағы жекеменшік балабақшаның 12 орындық көлігіне 30-дан астам бала отырғызылғаны туралы ақпарат тарады. Егер бұл ақпарат расталса, балалардың өмірі мен қауіпсіздігіне тікелей қатер төнгенін білдіреді», - деді ол.
Осы жағдайларды ескере отырып, депутат балаларды көлікке отырғызу, түсіру және ата-анасына табыстау тәртібін заңмен бекіту қажет деп санайды. Оның пікірінше, балаларды тұрақты тасымалдайтын барлық көлік бірыңғай тізілімге енгізілуі керек. Депутат мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша жұмыс істейтін жекеменшік балабақшалар мен басқа да ұйымдарға да міндетті қауіпсіздік талаптарын енгізу қажет екенін атап өтті.
«Оқу-ағарту, ішкі істер және көлік министрліктерінен балаларды ұйымдасқан және тұрақты тасымалдау қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін автомобиль көлігі саласындағы заңнамаға қажетті өзгерістер енгізуді сұраймын. Атап айтқанда, балаларды тасымалдайтын көліктердің бірыңғай тізілімін құрып, жол-көлік оқиғаларын жеке есепке алу мен талдау жүйесін енгізу қажет. Сонымен қатар жүргізушілер мен балаларды алып жүруге жауапты адамдардың міндеттері мен жауапкершілігін заңнамалық тұрғыдан нақтылау керек. Балаларды тасымалдау қауіпсіздігіне мемлекеттік бақылауды күшейтіп, министрліктердің өзара іс-қимыл тәртібін, ақпарат алмасу тетіктерін және осы шараларды орындау мерзімдерін белгілеуді ұсынамын. Біз бұл мәселені жаңа талаптарды көбейту үшін емес, балалардың өмірін сақтау үшін көтеріп отырмыз. Әрбір баланың өмірі құнды. Баланың қауіпсіздігі ұйымның мемлекеттік немесе жекеменшік болуына, тасымалдың ақылы не тегін болуына байланысты болмауға тиіс», – деді Айжан Наимбекова.