Қазақстанда D және E санатындағы азаматтар үшін МӘМС жарналарын енді әкімдік төлейтін болды

Автор: Махан Миражан

Әлеуметтік-мәдени даму комитеті МӘМС жүйесін дамыту мәселесін қарады

Фото: istockphoto.com

Бүгін Құрылтайда Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің МӘМС жүйесін дамыту мәселесіне арналған отырысы өтті. Жиында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қаржылық тұрақтылығы, қор қаражатының жұмсалуы, медициналық көмектің қолжетімділігі және жүйедегі заңбұзушылықтар талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«МӘМС әлеуметтік салыққа ұқсап кетті»

Жиында Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов МӘМС жүйесінің қазіргі жұмысын сынға алды. Оның айтуынша, азаматтар сақтандыру жарнасын төлегенімен, жүйе толыққанды медициналық сақтандыру моделінен гөрі қаражат жинап, оны қайта бөлетін тетікке ұқсап кеткен.

«МӘМС жүйесі қазір қосымша әлеуметтік салыққа ұқсап кетті. Азаматтар жарна төлейді, алайда жүйе толыққанды сақтандыру моделінен гөрі қаражат жинап, оны қайта бөлетін тетікке айналған», – деді депутат.

Осылайша Аймағамбетов МӘМС жүйесін қайта қарау қажеттігін айтты. Жүйенің бастапқы қаржылық моделі толық орындалмай, мемлекет өз міндеттемелерін жеткілікті деңгейде атқармай отыр.

Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, МӘМС іске қосылғанына он жылға жуықтаса да, азаматтардың қалтасынан шығатын медициналық шығын азаймай отыр. Керісінше, халық әлі де ақылы медициналық қызметке жүгінуге мәжбүр. Депутат жүйені бағалағанда жиналған жарна мен бөлінген қаражатты ғана емес, оның азаматтарға нақты пайдасын ескеру керек екенін жеткізді.

Оның сөзінше, бастапқыда МӘМС-тің қаржылық моделі жұмыс берушілердің, қызметкерлердің және мемлекеттің жарналары есебінен денсаулық сақтау саласын тұрақты қаржыландыруға бағытталған. Алайда іс жүзінде мемлекет жеңілдік санатындағы азаматтар үшін өз міндеттемелерін толық орындамай келеді. Бұған қоса, жарналарды есептеу тәртібі мен жүйенің ережелері жиі өзгеріп, медициналық ұйымдар үшін де тұрақсыздық туғызған.

«Мәселені жекелеген өзгерістермен ғана шешу мүмкін емес. МӘМС-тің есептеулерін, қаржыландыру моделін және жалпы құрылымын қайта қарау қажет. Сонда ғана жүйе қосымша салық жинау құралы емес, азаматтарға нақты медициналық қорғаныс беретін сақтандыру тетігіне айналады», - деді Аймағамбетов.

Ол тарифтерді көтеру мәселесіне де тоқталып, олардың әлі де медициналық ұйымдардың нақты шығындарын өтемейтінін атап өтті. Бұған қоса, цифрландыру бағытындағы жұмыстарға қатысты өңірлерден шағым түсіп жатқанын жеткізді.

«Тарифтерді көтергеннен кейін бәрі мінсіз болып кеткендей әсер қалады. Алайда көп тариф, тіпті басым бөлігі медициналық ұйымдардың нақты шығындарын өтемейді. Цифрландыру бойынша да сұрақ көп. Ақпараттық жүйелердің санын 7-ге дейін қысқартқандарыңызды айтып отырсыздар. Бірақ өңірлерден медициналық ұйымдарды жаңа «Томси-Қалқан» ақпараттық жүйесіне деректерді қолмен енгізуге мәжбүрлеп жатқаны туралы ақпарат келіп жатыр», – деді ол.

Депутаттың пікірінше, медициналық деректер бірыңғай қоймада жинақталған болса, оларды жаңа жүйеге қайта қолмен енгізудің қажеті жоқ. Бұл қосымша жұмыс қана емес, мәліметтердің объективтілігіне де күмән тудыруы мүмкін.

«Егер медициналық деректердің барлығы бірыңғай деректер қоймасында жинақталған болса, онда жаңа жүйе не үшін қажет? Ақпаратты қайтадан қолмен енгізудің қандай қажеттілігі бар? Қолмен енгізу дегеніміз – деректердің объективтілігіне күмән тудыруы мүмкін деген сөз. Егер барлық мәлімет бұрыннан жиналып тұрса, бір жұмысты неге екінші рет жасауымыз керек?», – деп сұрақ қойды Асхат Аймағамбетов.

Прокуратура заңбұзушылықтарды анықтады

Жиында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмысына прокуратура жүргізген тексеру қорытындысы да жарияланды. Тексеру барысында қор қаражатын басқару, жоспарлау, қаржыландыру және бақылау салаларында жүйелі заңбұзушылықтар анықталғаны айтылды.

Бас прокуратурасының Әлеуметтік саладағы заңдылықты қадағалау басқармасының бастығы Олжас Бектұровтың мәліметінше, 161 жағдайда медициналық қызмет лицензиясыз немесе санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысыз көрсетілген. Сонымен қатар тиісті біліктілік құжаттары жоқ 446 дәрігердің жұмыс істегені анықталған. Мыңнан астам адам тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

«Тексеру нәтижесінде 11 қылмыстық іс қозғалып, ұрлық пен алаяқтыққа қатысты істер бойынша 16 адам сотталған. Тағы бірнеше іс сотта қаралып жатыр. Бас прокуратура үкіметке ұсыныс енгізіп, қор мен денсаулық сақтау министрлігінің бірқатар лауазымды тұлғалары тәртіптік жауапкершілікке тартылған», - деді Олжас Бектұров.

«Азаматтар әлі күнге дейін 30 пайыз шығынды қалтасынан шығарып отыр»

Отырыста «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқармасының төрағасы Гүлмира Сәбденбек те жүйедегі негізгі мәселелерге тоқталды. Оның айтуынша, денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемі 3-4 триллион теңгеге жеткен. Алайда қаржы көлемі өссе де медициналық көмектің қолжетімділігі артпаған. Қор басшысы азаматтар әлі күнге дейін медициналық қызметке жүгінгенде жеке шығынының 30 пайызын өз қалтасынан төлейтінін айтты.

«Он жылдықтағы басты жетістік бөлінген қаражаттың көлемі немесе кепілдіктердің кеңеюі емес. Ең маңыздысы – азаматтар медициналық көмектің қолжетімділігін сезіне алды ма және олардың қалтасынан шығатын шығын азайды ма деген мәселе. МӘМС жүйесіндегі басты мәселелердің бірі – мемлекет беретін медициналық кепілдіктер мен қорға түсетін ақшаның сәйкес келмеуі. Яғни, жүйе азаматтарға медициналық көмектің көптеген түрін ұсынуға міндетті, бірақ оны қаржыландыруға түсетін жарна жеткіліксіз. Оның үстіне, кейбір күрделі емнің құны ондаған, тіпті жүздеген миллион теңгеге жетеді», – деді Гүлмира Сәбденбек.

Гүлмира Сәбденбектің айтуынша, 2020-2025 жылдар аралығындағы деректерді талдау барысында шетел азаматтарының 200 мыңнан астам баласына тұрақты тұру мәртебесі тексерілмей, автоматты түрде медициналық сақтандыру мәртебесі берілгені анықталған. Оларға медициналық көмек көрсетуге 3,6 миллиард теңге жұмсалған.

«Сонымен қатар 75 мың шетел азаматы мемлекеттік жарна есебінен медициналық көмек алған. Оларға көрсетілген қызметтердің жалпы құны 4,3 миллиард теңгені құраған. Олардың арасында диспансерлік есепте тұрған 27 мың адам және наркология мен психоневрология салалары бойынша ем алуға тіркелген 902 пациент бар. Бұл азаматтарға көрсетілген медициналық қызметтердің шығынын Қазақстан толық өтеген», - деді Сәбденбек.

 Қаржы өсіп жатыр, бірақ шығын одан да жылдам көбейген

Отырыста «Әділет» партиясының депутаты Арман Жансеңгіров те МӘМС қаражатының қозғалысы мен қордың қаржылық тұрақтылығына қатысты бірқатар мәселе көтерді. Оның баяндамасында 2026 жылы қордың шығыны 1,7 триллион теңге болса, 2027 жылы 2,4 триллион теңгеге, ал 2029 жылы 3,2 триллион теңгеге жетуі мүмкін екені айтылды.

Депутат мемлекет жарналары бойынша міндеттемелердің толық орындалмауына да назар аударды. Оның есебінше, 2024 жылы 252 миллиард теңге, 2025 жылы 239 миллиард теңге көлемінде қаражат толық төленбеген. Ал 2026 жылғы жоспарға енген түзетулерден кейін де қаражаттың түсуі баяу жүріп жатыр.

Арман Жансеңгіров медициналық ұйымдармен есеп айырысу мәселесін де көтерді. Оның дерегінше, 1 қарашадағы жағдай бойынша қор 1 538 медициналық ұйымға 183,1 миллиард теңге берешек болған. Депутаттың пікірінше, төлемдердің кешігуіне қаржыландыру тәртібінің жиі өзгеруі, ақпараттық жүйелерді қайта баптау және медициналық қызметтерді есепке алу мәселелері әсер еткен.

Министрлік қандай өзгерістер ұсынады

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, биылдан бастап тіркелген жұмыссыздар мен D және E санатындағы азаматтар үшін жарналарды жергілікті бюджеттер төлеуі тиіс. Оның түсіндіруінше, осы өзгерістің нәтижесінде миллионнан астам адамды медициналық сақтандыру жүйесіне қосымша қамту көзделген.

Министрлік өкілі жарна есептелетін табыстың жоғарғы шегін көтеру және мемлекет жарналарының мөлшерін кезең-кезеңімен арттыру шаралары да қарастырылғанын айтты. Атап айтқанда, мемлекет жарнасының мөлшерін 2027 жылы 2,2 пайызға дейін, ал 2037 жылға қарай 4,7 пайызға дейін жеткізу жоспарланған.

Сонымен бірге медициналық көмектің бірыңғай пакетін қалыптастыру, тарифтерді қайта қарау, медициналық ұйымдарға қойылатын талаптарды күшейту және цифрлық бақылауды жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Министрлік мәліметінше, 2024-2026 жылдары 904 медициналық қызмет тарифі қайта қаралған. Ал медициналық ұйымдардың көрсеткен қызметтерін тексеру мен есепке алу үшін цифрлық жүйелерді біріктіру жұмыстары жалғасуда.

Отырыста көтерілген мәселелер МӘМС жүйесіндегі түйткілдердің тек қаржы тапшылығымен шектелмейтінін көрсетті. Қаражат көлемі өскенімен, азаматтардың жеке шығыны азаймаған, медициналық көмекті күту мерзімі ұзарып, қордың қаржылық тұрақтылығына қатысты сұрақтар көбейген.

Сондықтан жиында жүйенің кірісі мен шығысын қайта есептеу, мемлекеттік міндеттемелердің орындалуын бақылау, медициналық ұйымдар алдындағы берешекті реттеу және цифрлық деректерді біріздендіру қажеттігі айтылды. Депутаттар мен жауапты мемлекеттік органдардың алдында енді осы ұсыныстарды нақты шешімдерге айналдыру міндеті тұр.