«Ахи», «ухти», «абла», «аби»: мүфтият Қазақстандағы мұсылман қауымға маңызды мәлімдеме жасады

Автор: Бақыт Шынар

ҚМДБ қазақтың қанына сіңген қазақ терминдерін қолдануға шақырды

Фото: ҚМДБ

Естеріңізде болса, осыдан үш күн бұрын Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында сөз сөйлеген президент Қасым-Жомарт Тоқаев қисынсыз аудармаларды айтып, өз пікірін білдірген болатын. Бұдан басқа президент дінге қатысты да дәстүрлі сөздеріміздің орнына араб сөздерін айту сәнге айналғанын сынаған. Президенттің осы айтқандарынан кейін Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы мәлімдеме жасап, араб тілінде айтылатын сөздердің көне баламаларын еске салды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Соңғы кезде дінге қатысты көне сөздеріміздің орнына араб сөздерін жиі қолдану сән болып кетті. Мұның да қажеттілігіне күмән бар», – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ал мәлімдемесін «осы аптада Мемлекет басшысы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында қазақ тілінің дамуы туралы маңызды ойлар айтты» деп бастаған мүфтият нақты өзі жауап беретін бағыт – діндегі, құлшылықтағы тілдің орны мен күнделікті сөз қолданысының аражігін ажыратып берген.

«Құран аяттарының, намазда оқылатын дұғалар мен зікірлердің араб тілінде айтылуының өзіндік мәні бар. Ана тілімізді ардақтай отырып, құлшылық сөздерінің де орнын ескергеніміз жөн», - деп жазылған мәлімдемеде.

Ал күнделікті қарым-қатынаста ойымызды қазақ тілінде айтып, тілімізде қалыптасқан сөздер мен ұғымдарды орнымен қолдану – ана тілімізге деген құрметтің көрінісі деп санайды мүфтият мамандары.

Соның ішінде, ҚМДБ сәнге айналған «ифтар» мен «сухур» деген ұғымдарды қазақтар байырғы заманнан-ақ «ауызашар», «сәресі» деп атағанын, бір-бірін «ауызашарға келіңіз», «сәресіге тұрайық» деп құлшылыққа шақырғанын еске салды. Әрі бес уақыт намаздың да «таң», «бесін», «екінті», «ақшам», «құптан» деген аттары халқымыздың діни өмірінде әбден орныққан.

«Сол сияқты кейбір азаматтардың өзара «ахи», «ухти», «абла», «аби», «брат» және «сестра» деп тілдесуі жиі кездеседі. Біздің пікірімізше, мұндайда өз тіліміздегі «бауырым», «ағам», «інім», «әпкем», «апам», «қарындасым» деген сөздерді қолданған абзал. Бұл сөздер жақындық пен құрметті білдіріп қана қоймай, халқымыздың үлкенге ізет, кішіге қамқорлық танытатын сыйластық дәстүрін де сақтайды», - деп түйіндеген мәлімдемесін ҚМДБ.