Ол минивэнін өзі жүргізіп, базардан азық-түлік жеткізді
Ата-анасынан айырылып, тағдырдың тәлкегіне түскен балаларға Әмина апа пана болып отыр. Бүгінге дейін 4,5 мыңға тарта баланы бауырына басқан әжей оларға апта сайын базардан түрлі тәтті-дәмді алып келетінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әмина қажы Әжібаева әр жұма сайын базарға барып, азық-түлік сатып алатынын ерекше атап өтті.
«Күнде бармаймын. Жұма күні бір рет барып, балалардың ас-суын алып келемін», – деп 70-тен асқан әжей минивэнінің руліне отырды.
Видеоға назар аударсақ, базардан бірнеше жәшік помидор, сол сияқты құрма, алмұрт, алма сияқты жемістің түр-түрін, бір қап картоп алғанын байқауға болады.
Азық-түлікті үйіне жеткізгеннен кейін Әмина апа ас үйіндегі тоңазытқыштарда не барын көрсетті.
«Ел жемейтін дүниені жейді. Осының бәрін балаларға алып қоямыз. Өздері қалаған уақытында келіп жейді. Жүзім өте көп. Сол себепті жүзімнен шырын жасаймыз. Одан бөлек, әр жұма күні 10 литр шұбат келеді. Азық-түліктен қиындық жоқ», – дейді Әмина қажы Әжібаева.
Айта кетейік, осыған дейін 4500 жетімге пана болған Әмина апа өміріндегі қиындықтары туралы айтқаны хабарланған.