Олардың бірі тау баурайына қонса, енді бірі құстармен соқтығысқан
Елімізде жыл басынан бері бірнеше әуе кемесі апатты жағдайда қонып, ел назарын аударды. Кейбір ұшақтардың оқиғадан кейінгі көрінісі жұртшылықты шошытқаны да анық. Бір ұшақ тау баурайына қонса, енді бірі құстармен соқтығысқан, ал тағы бірі борттық жүйедегі ақауға байланысты бағытын өзгертуге мәжбүр болды. Azattyq Rýhy тілшісі биыл апатты жағдайда қонған ұшақтарға қатысты оқиғаларды жинақтап, шолу жасады.
Ан-2 ұшағы тауға қонды. Биыл мамыр айының 20-сына таман Алматы облысында әуе көлігі тау баурайындағы ағаштар мен бұталардың арасына апатты жағдайда қонған. Апат Еңбекшіқазақ ауданындағы Талдыбұлақ – Қаракемер аумағында болды. Ал бұл маңайда ұшақ қонатындай әуежайлар жоқ. Оқиғаның адам шошырлық видеосы әлеуметтік желіде жарияланды.
Көлік министрлігі ұшақ апатына қатысты желіде тараған мәліметті растап, тексеру жүріп жатқанын хабарлаған.
«Авиациялық оқиғаларды тергеу қағидаларына сәйкес, UP-A0091 тіркеу нөмірі бар Ан-2 ұшағы адам шығыны тіркелмеген авиациялық апат ретінде есепке алынды. Оқиғаның мән-жайын Көлік министрлігінің Көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеу департаменті анықтайды», – деп түсіндірді ведомство өкілдері.
13 адам мінген тікұшақ. Павлодар облысында іздестіру-құтқару жұмысына қолданып жүрген «Қазавиақұтқару» тікұшағы Байдалы ауылынан бірнеше шақырым жердегі ашық далаға апатты жағдайда қонған.
Әуе көлігінің апаттан кейінгі жағдайы елді шошытты. Абырой болғанда ішінде отырған 13 адам аман қалған. Оқиға туралы ақпарат биыл 25 маусым күні жарияланды.
«Тікұшақ бортында экипаж мүшелері мен құтқарушылар болған. Олардың барлығы аман. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ», – деген еді ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Динара Нұрғалиева.
Министрліктің мәліметінше, тікұшақ апатқа дейін жетуі қиын аумақта қалып қойған 1950 жылы туған ер адамды іздестіру үшін ұшқан.
«Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам балық аулап жүргенде мотоциклмен аударылып, аяғын жарақаттап алған. Содан кейін құтқарушылардан көмек сұраған», – деді Динара Нұрғалиева.
Әскери дрон. Сөз ыңғайы келгенде айта кетейік, биыл 2 маусым күні Жамбыл облысына қарасты Талас ауданының аумағына Қазақстан әскеріне тиесілі дрон апатты жағдайда қонды.
Қорғаныс министрлігі сол күні апатты жағдайға байланысты ресми мәлімдеме жасаған.
«Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ. Жергілікті тұрғындар мен инфрақұрылым нысандарына да қауіп төнген жоқ. Алдын ала болжам бойынша, бұған техникалық ақау себеп болуы мүмкін. Оқиғаның нақты себебін анықтау үшін арнайы комиссия оқиға орнына жіберілді», – делінген хабарламада.
Ресей ұшағы апатты сигнал берген. Ресейдің S7 Airlines әуе компаниясының Новосібірден Махачкалаға ұшып шыққан жолаушылар ұшағы Қазақстан аумағының үстімен өтіп бара жатып, апатты белгі берген. Осы жағдайдан кейін ұшақ бағытын өзгертіп, Омбы қаласын бетке алған.
Алдын ала ақпаратқа сүйенсек, әуе кемесінде 189 адам болуы ықтимал. Бірақ борттағы жолаушылар мен экипаж мүшелерінің нақты саны сол қалпы айтылған жоқ.
Сол сияқты ұшақтың апатты сигнал беруіне не себеп болғаны және оның Омбы әуежайына сәтті қонған-қонбағаны әзірге белгісіз. Бұл жөнінде ресми түсініктеме де берілген жоқ.
Бір топ құсқа соғылған. Қызылордадан Астанаға бағыт алған Vietjet Air компаниясының жолаушылар ұшағы әуеде құстармен соқтығысқан. Оқыс жағдай өткен аптада, яғни 4 қараша күні IQ426 рейсі кезінде болған. UP-DH003 тіркеу нөмірі бар ұшақ әуеде құстарға соғылған.
Фото: shutterstock
Әуе компаниясының хабарлауынша, осы жағдайдан соң ұшақтың техникалық жарамдылығын қосымша тексеру қажет болған. Соған байланысты ұшу кестесіне өзгерістер енгізіліп, бірқатар бағыттағы рейс кешіктірілген.
Компания өкілдері жолаушылар мен экипаждың қауіпсіздігі басты назарда екенін мәлімдеді.
SCAT апатты жағдайда қонды. Мәскеуден Алматыға ұшып бара жатқан ұшақ бірер күн бұрын Астанаға апатты жағдайда қонып, елді шошытты. Оқыс жағдай болғаны туралы алғаш Threads желісінде сол ұшақтың жолаушысы жазба жариялап, елді хабардар етті.
Ал агенттік тілшісіне SCAT компаниясының баспасөз қызметі түсініктеме беріп, ұшақтың апатты жағдайда қонуына не себеп болғанын айтты.
«Мәскеу – Алматы бағыты бойынша рейсте ұшақтың борттық жүйесінде ескерту индикаторы іске қосылған. Осыған байланысты экипаж Астана қаласындағы әуежайға қону туралы шешім қабылдады. Ұшақ штаттық режимде қонды. Жолаушыларды Алматыға жеткізу үшін әуе компаниясы қосалқы ұшақты қамтамасыз етті. Ол келгенге дейін жолаушыларға салқын сусындар ұсынылды. Жолаушылар мен экипаждың қауіпсіздігі – SCAT әуе компаниясының басты басымдығы», – деп жауап берді SCAT агенттік тілшісіне.