Іс-шараны Атырау облысының прокурорлары өткізген
Елімізде зорлық-зомбылыққа ұшырап жатқан қыз-келіншектер туралы оқиғалар толастамай тұрған уақытта Атырау прокурорлары бүкіл ұлттың проблемасын қыздарға артумен әлек. Бүгін Бас прокуратура жариялаған мәтінде қалада уәкілетті органдардың жоғары сыныптың оқушы қыздарына тәрбиелік мәнде жиын өткізгені жазылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Атырау прокурорлары уәкілетті органдармен бірлесіп, жоғары сынып оқушы қыздарымен «Қызды тәрбиелеу – ұлтты тәрбиелеу» тақырыбында алдын алу әңгімесін өткізді. Кездесу барысында репродуктивті денсаулық, жеке қауіпсіздік, зорлық-зомбылықтан қорғану, жауапкершілік және құқықтық сауаттылықты арттыру мәселелері түсіндірілді. Біздің басты міндетіміз – қыздарымызды қорғау, тәуекелдердің алдын алу және оларды дұрыс әрі жауапты таңдауға бағыттау»,- делінген хабарламада.
Репродуктивті денсаулық, жеке бас қауіпсіздігі мен зорлық-зомбылықтың алдын алу тек қыздардың емес, бүкіл қоғамның мәселесі екенін заң өкілдері байқамаса керек. Яғни, прокурорлар қыз тәрбиесін ұлттың болашағымен байланыстырып, бүкіл қоғамдық жауапкершілікті қыздардың тәрбиесіне әкеліп тіреп қойғандай.
«Бір қызды тәрбиелесең, бүкіл бір ұлтты тәрбиелейсің» деген дана сөз бар. Сондықтан қыздарымызды тәрбиелеу, оқыту және дамыту үшін қауіпсіз жағдай жасау – қоғам мен мемлекеттің болашағына қосылған үлес. Өйткені бүгінгі қыз – ертеңгі ана, еліміздің болашағын қалыптастыратын тұлға. Бүгін қыздарымызды қорғай отырып, біз ертең еліміздің болашағын қорғаймыз», - дейді қыз баланы жеке тұлға емес, оның құндылығын тек болашақта ана болуымен өлшеген заң қызметкерлері.