Жалпы саны шамамен 34 мың әйелге ЭКҰ жасалған
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова «Аңсаған сәби» бағдарламасы жайлы мәліметтерді жария етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрдің айтуынша, президент тапсырмасына сәйкес ЭКҰ бағдарламаларын қаржыландыру 7 есе ұлғайды. 2021-2025 жылдар аралығында «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша шамамен 34 мың әйелге ЭКҰ жасалды. Олардың 13 мыңнан астамы жүктілік бойынша есепке алынып, нәтижесінде 11 мыңнан астам сәби дүниеге келді.
«Бұл цифрлардың артында ата-ана болуды армандаған мыңдаған отбасы тұр. Бұл – бірлескен жұмысымыздың ең маңызды нәтижесі. Осындай технологиялардың әрқайсысының артында көпжылдық ғылыми зерттеулер, ғалымдардың, эмбриологтардың, дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің қажырлы еңбегі жатыр», – деп атап өтті ведомство басшысы.
Денсаулық сақтау министрі соңғы 5 жылдың ішінде ана өлімінің көрсеткіші 4 есе төмендегенін, ал нәресте өлімі 30 пайызға азайғанын тілге тиек етті.