«Әділет» партиясы тау-кен саласындағы заңнаманы жетілдіруді ұсынды

Автор: Темірхан Айжан

Роялти жүйесіне қатысты шешілмеген мәселелер бар 

Фото: Azattyq Rýhy

«Әділет» партиясының бас ғимаратында пайдалы қазбаларды өндіретін компанияларға роялти төлету мәселесі талқыланды. Іскерлік кеңес жанынан құрылған тау-кен металлургия кешені жөніндегі салалық кеңестің алғашқы отырысына Құрылтай депутаттары мен мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.

Роялтиді қолдану мерзімі 2029 жылғы 1 қаңтарға дейін шегерілген. Сол уақытқа дейін салық жүйесіне қажетті өзгерістер бойынша ұсыныстар әзірленуі керек, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Роялти дегеніміз – компанияның жер қойнауынан пайдалы қазба өндіргені үшін мемлекетке төлейтін ақысы. Қазақстанда бұл жүйе 2009 жылға дейін қолданылған. Жаңа Салық кодексіне сай, роялти жүйесіне қайта оралу жоспарланып отыр. Ол әзірге жаңа жобаларға қатысты болмақ.

«Әділет» партиясы төрағасының орынбасары, Іскерлік кеңестің тең төрағасы Эльдар Жұмағазиев тау-кен металлургия кешенінің Қазақстан экономикасы үшін стратегиялық маңызы бар екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы технологиялық жаңғырту, инвестиция тарту, терең өңдеуді арттыру және ел ішінде жоғары қосылған құн қалыптастыру міндеттерін қойды. Оны іске асыру үшін мемлекет пен бизнес ынтымақтаса әркете етуі керек. Осы мақсатта партия жанынан кәсіпорындар мен салалық бірлестіктердің басшыларының басын біріктіретін Іскерлік кеңес құрылды. Енді оның жұмысы нәтижелі болуы үшін кездесулердің санына емес, әзірленген ұсыныстардың сапасына мән беруіміз керек», – деді Эльдар Жұмағазиев.

Роялтиді енгізу мерзімі неге шегерілді?

ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмриннің айтуынша, жаңа Салық кодексінде қарастырылған роялти жүйесінің талаптары тау-кен саласының өкілдері үшін қолайсыз болған. Мәселені ғалымдар мен сала мамандары талқылап, нәтижесінде оның мерзімін екі жылға шегеру туралы шешім қабылдаған.

Оның сөзінше, қазір осыған қатысты заң жобасы әзірленіп, Президент Әкімшілігіне жіберілген. Жақын арада оны Құрылтайдың қарауына енгізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар барлық ұсынысты жинақтап, арнайы жұмыс тобын құру көзделген. Оған Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жетекшілік етеді.

«Мәселе тек салық мөлшерінде емес, ең алдымен пайдалы қазбалардың есебін қалай жүргізіп, олардың нақты құнын қалай бақылауда болып отыр. Мемлекет пен сала арасындағы мүдделер теңгерімі сақталуы керек. Мысалы, кейбір компаниялар мысты шетелге бір бағамен шығарып, оның құрамындағы басқа металдарды ескере отырып, шетелдегі үлестес компаниялары арқылы қымбатырақ сатуы мүмкін. Мұндай жағдайда қосымша табыс шетелде қалып, Қазақстан бюджетіне төленуге тиіс салықтан жалтару қаупі туындайды. Біз роялти жүйесіне көшуге қарсы емеспіз. Бірақ мұндай схемаларға жол бермейтін бақылау тетіктері болуы керек. Халықаралық тәжірибені қолдану үшін алдымен сол елдердегі бақылау жүйесін де зерделеу қажет. Берілген екі жыл ішінде осы мәселелерді пысықтап, ортақ шешімге келуіміз керек», – деді Азамат Әмрин.

Сала өкілдері не ұсынып отыр?

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Руслан Баймишев пайдалы қазбаларды өндіру салығының орнына роялти жүйесін енгізуді ұсынды. Оның пікірінше, қазіргі салық жүйесі пайдалы қазбасы аз немесе өндіруі қиын кен орындарын игеруге кедергі келтіруі мүмкін. Ал роялти мемлекеттің де, компаниялардың де мүддесіне тиімді.

«Пайдалы қазбаларды өндіру салығы кен орындарының әлеуетін толық пайдалануға және мемлекет пен бизнес мүддесін тең ұстауға мүмкіндік бермейді. Соның салдарынан пайдалы қазбасы аз немесе өндіруі қиын кен орындары игерілмей қалуы мүмкін. Бұл жалпы өндіріс көлемін азайтады. Роялти жүйесінің арқасында өндіріс қалдықтарының құрамындағы пайдалы қазбаларды тиімді қайта өңдеуге болады. Сонымен қатар жаңа жобаларға инвестиция тартуға және оларды қаржыландыруға қолайлы жағдай жасайды. Біз мысал ретінде Батыс Австралияның тәжірибесін ұсынып отырмыз. Онда роялти мөлшері өндірілген өнімнің түрі мен өңдеу деңгейіне қарай белгіленеді. Бастапқы шикізатқа – 7,5%, байытылған концентратқа – 5%, ал толық өңделген дайын металға – 2,5% төленеді. Өнім неғұрлым терең өңделсе, роялти мөлшері соғұрлым төмен болады», – деді Руслан Баймишев.

Жер қойнауын пайдалану ережелерін жеңілдету ұсынылды

Жиында жер қойнауын пайдалану саласындағы заңнаманы өзгерту мәселесі де талқыланды. Қатысушылардың айтуынша, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, жаңа кен орындарын ашуға кедергі келтіретін артық шектеулерді азайту қажет.

Мысалы, қазір су қорғау аймақтарында жер қойнауын пайдалануға толық тыйым салынған. Осы талаптың орнына ерекше жағдайларда жұмыс жүргізуге рұқсат беретін тәртіп енгізу ұсынылды. Сондай-ақ геологиялық барлау үшін қажетті жер учаскелерін алуды жеңілдетуді, жерді мәжбүрлеп алып қоюға байланысты шығындарды мемлекет емес, жер қойнауын пайдаланушылар төлеуі керек деген ұсыныс айтылды.

Өндіріс қалдықтарын қайта пайдалануға мүмкіндік беру ұсынылды

Өндіріс қалдықтарын қайта өңдеу мәселесіне келгенде,  кәсіпорындарда жиналатын күл мен шлак сияқты техногендік минералдық түзілімдерге компаниялардың меншік құқығын заңмен бекіту ұсынылды.

Сонымен қатар кәсіпорындардың өз қажетіне пайдаланатын қалдықтарын пайдалы қазбаларды өндіру салығынан босату және оларды еркін айналымға жіберуге мүмкіндік беру мәселесі айтылды. Бұдан бөлек, елді мекендер маңында бұрыннан жиналып қалған қалдық үйінділерін толық тазалап, шығарғаннан кейін бүлінген жерлерді қалпына келтіру қажеттігі сөз болды.