«nobd.edu.kz» арқылы конкурсқа қатысқан педагогке 6,5 балл артық есептелген
Мектептегі бос жұмыс орнына жарияланған конкурста жеңімпаз атанған мұғалім жаңа қызметіне кірісе алмай қалды. Педагогтің айтуынша, кандидатурасы қабылданғаннан кейін 10 жыл еңбек еткен орнынан өз еркімен кеткен. Алайда кейін конкурс нәтижесі тоқтатылып, қайта іріктеу жарияланатыны айтылған. Енді ол бұрынғы жұмысынан да, жаңа қызметінен де айырылып, әділдік іздеп жүр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мұғалім бұл туралы Threads желісіндегі жазбасында мәлімдеді. Оның сөзінше, Тараз қаласындағы №69 мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімінің бос орнына конкурс жарияланған. Іріктеуге қатысқан педагог жеңімпаз атанып, жаңа жұмысқа орналасуы керек болған.
Алайда көп ұзамай процесс тоқтап, дәл осы вакансия қайта ашылды. Сөйтіп, алдыңғы жұмысынынан шығып кеткендіктен, жаңа жұмысқа тұра алмай, табыссыз қалған.
«Менің бір ғана сұрағым бар. Бұл жағдайға кім жауап береді? Конкурсқа қатысып, жеңімпаз атанған адамның кінәсі не? Мен ешкімнен аспандағы айды сұрамаймын. Ешкімнің орнын да сұрамаймын. Тек өз еңбегіме, құқығыма және басымнан өткен жағдайға әділ баға берілуін талап етемін», – деп жазды ол.
Оның айтуынша, бұл жағдай тек еңбек жолына емес, отбасының тұрмысына да әсер еткен.
«Адамның өмірі ойыншық емес. Біреудің болашағына әсер ететін әрбір шешімнің артында жауапкершілік болуы керек. Үнсіз қалғым келмейді. Себебі мен үшін бұл жай ғана жұмыс емес, бұл менің еңбек жолым мен отбасымның жағдайы», – дейді мұғалім.
Ол Оқу-ағарту министрлігіне, Жамбыл облысы мен Тараз қаласының білім саласына жауапты органдарына үндеу жасап, жағдайды назарға алуын сұраған.
Осы жағдайдан кейін Тараз қаласының білім бөлімі тексеру жүргізіп, өрескел кемшілік орын алғанын анықтаған.
«Конкурсқа қатысқан 36 кандидаттың ішінен тек 10 кандидат бағаланып, нәтижесінде сіз комиссияның жалпы балымен 20,5 балл жинап, жеңімпаз атанғансыз. Зерделеуде бағалауды қайта есептеу барысында сізге 6,5 балл артық есептелгені анықталды. Осындай кемшіліктерге жол беріп, конкурсты әділ өткізбей, бұрмалауға жол бергені үшін №69 орта мектеп директорының жауапты орынбасарына сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылды, мектеп директоры мен орынбасары лауазымынан босады», – деп хабарлады білім бөлімі.
Айта кетейік, бұған дейін де Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Жосалы кентінде мұғалімдер арасында өтетін конкурс бойынша дау туған еді. Жас маман «nobd.edu.kz» ресми сайты арқылы бос жұмыс орнына өтінім жіберген. Оның кандидатурасын қабылдағанымен, жұмысқа орналаспады.