Қазақстан көршілерін мұнаймен қамтамасыз етеді: Ақтөбе облысында ірі зауыт салынады

Автор: Темірхан Айжан

Ол жылына 2 миллион тонна мұнайды өңдейді 

Фото: Magnific

Ақтөбе облысында жылына 2 миллион тонна мұнай өңдейтін зауыт салынады. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкіметтің баспасөз конференциясында айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Мұнай өңдейтін зауыты ішкі нарықты өніммен қамтамасыз етіп, Орталық Азия елдеріне экспорттайтын болады. Қазір көрші мемлекеттерде мұнай өнімдерін жеткізуде қиындықтар байқалады,  Қазақстан ресурсқа бай ел ретінде аймақтағы мемлекеттерді қажетті өніммен қамтамасыз етуге қауқарлы», - деді министр.

Жобаны екі жыл ішінде аяқтау жоспарланып отыр. Зауыт іске қосылса,жанармай өндірісі ұлғаяды. 

Сондай-ақ еліміздегі жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарында мұнай өңдеу көлемін арттыру жоспарда тұр.

«Биыл мұнай өңдеу саласын дамытудың тұжырымдамасын әзірледік. Соған сай, жұмыс істеп тұрған үш мұнай өңдеу зауытында мұнай өңдеу көлемі 18 млн тоннадан 27,7 млн тоннаға дейін ұлғаяды», – деді энергетика министрі.