«Қазақстанда зорлық-зомбылық құрбандары мемлекеттен өтемақы ала алады»: неге онда 8,5 млрд теңге төленбей тұр

Автор: Бақыт Шынар

Бір жәбірленушіге Қордан төленетін бір реттік ақша небары 130-200 мың теңге 

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Қазақстанда ресми дерек бойынша жыл сайын зорлық-зомбылыққа қатысты 100 мыңға жуық шағым тіркеледі. Әр арыздың артында қорлық көрген, денсаулығына ауыр зиян келген, кейде өмірі мен тағдыры түбегейлі өзгерген адам тұратыны сөзсіз.

Иә, қазір қоғам тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы көп айтады. Полицияның әрекеті, тергеудің тез немесе керісінше, баяу өткені, істің сотқаны жеткені, прокуратураның талабы мен соттың үкімі айтылады, талқыланады, жазылады.

Бірақ осы көп ақпараттың ішінде зорлық-зомбылық көрген адамдарға ақшалай өтемақы беретін арнайы Қордың (Қор ресми түрде 2018 жылы құрылған және сегіз жыл ішінде оған 9 млрд теңге түскен, осы сегіз жыл ішінде 5,5 мың адамға 855 млн  теңгесі ғана төленген – ред) бар екені, тіпті, ол Қорға сегіз жыл ішінде 9 млрд теңге жиналғаны, зорлық-зомбылықтан, тұрмыстық жанжалдан зардап шеккен мыңдаған әйел болса да, сол 9 млрд теңгенің тіпті 1 млрд теңгесі де төленбей, «босқа» тұрғаны көп айтыла бермейді. Тіпті айтылмайды десек те болады.

Azattyq Rýhy тілшісінің бүгінгі материалы осы өзекті әрі толық зерттелмеген осы тақырыпқа арналмақ.

«Жағдайды бірден полицияға айтпайды, өйткені қорқады әлде білмейді»

Бір ғана Қызылорда қаласының өзінде жыл басынан бері 219 адам дағдарыс орталығына жүгінген. Оның 61-і тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қажыған аналар, ал қалғандары балалар. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының директоры Жандос Тұсмағамбетовтың айтуынша, жәбір көрген әйелдердің барлығы бірдей мемлекет ұсынатын өтемақы туралы біле бермейді. Кейбірі құқық қорғау органдарына жүгінуге қорықса, енді бірі өзіне қандай көмек тиесілі екенінен бейхабар.

Биыл орталыққа жүгінген екі әйелге өтемақы тағайындалған. Екеуі де Қызылорда қаласының тумасы. Отбасындағы зорлық-зомбылықтан әбден қажыған әйелдер дағдарыс орталығына көмек сұрап келген. Бүгінде біреуі оталықтан өз еркімен үйіне қайтса, екіншісі әлі күнге дейін орталықты паналап келеді.

Орталық басшысының сөзінше, өтемақы барлық зорлық-зомбылық құрбанына автоматты түрде берілмейді. Оны алу үшін адам заңда белгіленген тәртіппен жәбірленуші мәртебесін алуы және тиісті құжаттарды рәсімдеуі керек. Алайда отбасында «жақынынан» зәбір көрген, әбден қажып, қашып келіп отырған адам өзінің жәбірленуші екенін дәлелдеп жүргісі келмейді. Өйткені көптеген әйел өзіне жасалған зорлық туралы полицияға хабарлауға жүрексінеді.

«Біздің орталыққа көмек сұрап келетін әйелдер мен аналардың көбі басынан өткен жағдайды бірден полицияға хабарлай бермейді. Біріншіден, қорқады. Екіншіден, өз құқықтарын толық білмейді. Сондықтан олар алдымен біздің орталыққа жүгінеді. Біз келген адамның жағдайын анықтап, заңнамада көзделген нормаларға сәйкес қажетті жұмыстарды жүргіземіз. Сондай-ақ қандай көмекке құқығы бар екенін түсіндіріп, өтемақы алу тәртібі туралы хабардар етеміз», – дейді Жандос Тұсмағамбетов.

Оның айтуынша, жәбірленушілерге берілетін ақшалай өтемақы қылмыс салдарынан келген зардаптың орнын толтыра алмайды. Әсіресе денсаулығы құрыған, психологиялық қысым көрген және отбасындағы тұрақсыздықтан әбден қажыған адамдар үшін белгіленген төлем дымға жетпейді. Жәбірленушіге ұзақ уақыт емделуге, психологиялық оңалтуға, кей жағдайда балаларымен бірге қауіпсіз жерге көшуге тура келеді.

«Қылмыстың зардабын ақшамен өлшеу мүмкін емес. Әсіресе адамның денсаулығына, психологиялық жағдайына және отбасына келген зиянды ескерсек, қазіргі өтемақы көлемі өте аз. Оның үстіне жәбірленушіге емделу, тұрмысын қалпына келтіру сияқты қосымша шығындар жүктеледі. Сондықтан өтемақы мөлшерін қайта қарап, көбейту керек деп есептеймін», – дейді орталық директоры.

«Қорда 9 млрд теңге бар, бірақ барлығы бірдей оны алып жатқан жоқ»

Қаржы министрлігінің мәліметінше, қорда 9 млрд 347,3 млн теңгеден астам қаржы бар. 8 жылдан астам уақыт ішінде қорға бар-жоғы 5500 жәбірленуші жүгініп, оларға небәрі 855 млн теңге өтемақы берілген. Айта кетейік, жәбірленушілерге өтемақы 30-50 айлық есептік көрсеткіш аясында есептеледі. Осылайша, қазір қорда 8,5 млрд теңге бар.

Осы тұрғыда Жәбірленушілерге арналған өтемақы кімдерге берілетінін еске сала кетейік:

  • Сексуалдық зорлық-зомбылықпен байланысты қылмыстар бойынша кәмелетке толмаған жәбірленушілерге;
  • Адам саудасымен және азаптаулармен байланысты қылмыстар бойынша жәбірленушілерге;
  • Денсаулығына ауыр зиян келтірілген немесе адамның иммун тапшылығы вирусын (АИТВ/ЖИТС) жұқтырған жәбірленушілерге;
  • Қылмыстық құқық бұзушылық салдарынан жәбірленуші қайтыс болған жағдайда – оның заңды өкілдері немесе құқықтары берілген жақын туыстарына.

Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Снежанна Имашева өтемақы алуға құқылы адамдардың саны бұдан да көп, бірақ олар қордың қызметінен бейхабар екенін ашық айтып, қордың ашықтығына күмән келтіріп, тиісті тараптарға депутаттық сауал жолдады. 

«Жәбірленушілердің құқығын қорғау үшін ең алдымен өтемақы төленетін қылмыс түрлерінің тізімін кеңейтіп, төленетін қаражат көлемін арттыру қажет. Қазір өтемақы мөлшері 30-50 айлық есептік көрсеткіш аралығында белгіленген. Яғни, бұл өтемақы жеке басына қатысты ауыр зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдарға берілетінін ескерсек, олар небары 130-200 мың теңге аралағында өтемақы алады. Сондай-ақ өтемақыны төлеу мерзімін қысқарту керек. Қазір бұл процестің ұзаққа созылуына жәбірленушілерді дер кезінде хабардар етуге, өтемақы тағайындауға және төлеуге мүмкіндік беретін бірыңғай цифрлық платформаның жоқтығы себеп. Осыған байланысты Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің базасында өтемақы төлеу процесін цифрландыруды ұсынамын. Бұл ретте азаматтардың жеке деректерін қорғау және нақты статистикалық есеп жүргізу маңызды», - деді депутат.

Бұдан бөлек, депутат Қор төлеген ақшаны кейін сотталғандардан және өзге де жауапты адамдардан өндіріп алу тетігі де тиімсіз екенін айтты. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысты күшейтіп, қаражатты кері қайтару механизмін жетілдіру қажет деп санайды.

Осындай мәселелерге тоқтала келе депутат Снежанна Имашева Бас Прокурор Берік Асыловқа, Ішкі істер министрі Ержан Саденовке, Қаржы министрі Мәди Такиевке қордың жұмысын жетілдіру жүйесін ұсынды:

  • «Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы» Қазақстан Республикасы Заңының қолданылу тәжірибесіне кешенді талдау жүргізу, оның ішінде жәбірленушілердің өтемақы алу үшін жүгінбеу себептерін анықтау;
  • Төленетін өтемақы мөлшерін ұлғайту немесе оны алушылар санатының тізбесін кеңейту мәселесін қарастыру;
  • Өтемақы тағайындау рәсімі мен оны төлеу тетіктерін жетілдіру, олардың қолжетімділігін, жеделдігін және толық автоматтандырылуын қамтамасыз ету;
  • Өтемақы тағайындау және төлеу процесін толық автоматтандыруды қамтамасыз етіп, оның ішінде Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті базасында бірыңғай цифрлық платформа құру мүмкіндігін қарастыру.

«Асыраушысынан айырылған азаматтарға да өтемақы төлеу қажет»

Заңгер Марғұлан Шыныбаев та депутаттың ұсыныстарымен келісіп, өтемақы алушылар санатын кеңейтіп, өтініш беру рәсімін жеңілдету қажет екенін түсіндірді.   

«Өтемақы алу үшін азамат алдымен қылмыстық-процестік заңнамаға сәйкес ресми түрде жәбірленуші деп танылуы керек. Яғни полицияға немесе қылмыстық қудалау органына арыз беріп, тиісті қаулының қабылдануы маңызды. Ал медициналық анықтамалар, сараптама қорытындылары мен тергеу материалдары келтірілген зиянды растауға негіз болады», - дейді маман.

Заңгер өтемақы төленетін қылмыс түрлерінің шектеулі болуы да азаматтардың көмек алуына кедергі келтіретінін айтады. Оның пікірінше, ауыр дене жарақатын алған, қылмыс салдарынан ұзақ уақыт еңбекке жарамсыз болған, отбасындағы зорлық-зомбылықтан ауыр зардап шеккен және қылмыс салдарынан асыраушысынан айырылған азаматтарға да өтемақы төлеу мәселесін қарастырған жөн.

«Қазіргі берілетін өтемақы мөлшері жәбірленушінің шығынын өтеуге жетпейді. Мәселен, ауыр дене жарақатын алған адамға емделу, оңалту және дәрі-дәрмек сатып алу үшін әлдеқайда көп қаражат қажет болуы мүмкін. Сондықтан өтемақы мөлшерін инфляцияға, денсаулыққа келген зиянның ауырлығына және адамның нақты қажеттіліктеріне қарай саралап, бір реттік емес, ұзақ уақыт бойға тағайындау керекы өтемақы белгілеу керек», – дейді Шыныбаев.

«Өтемақыға кететін ақшаны сотталғандардан өндіріп алу керек»

Марғұлан Шыныбаев мемлекет жәбірленушілерге өтемақы алу құқығы туралы өздері хабарласып айтып, құжаттарды рәсімдеуге көмектесуі керек деп есептейді. Оның айтуынша, қылмыстан зардап шеккен адамды қосымша анықтама жинап, бірнеше мекеменің табалдырығын тоздыруға мәжбүрлемеген жөн.

Осы тұрғыда заңгер депутаттың ұсынысын қолдай келе өтемақы тағайындау процесін бірыңғай цифрлық жүйеге біріктіруді ұсынады. Айтуынша, мәселен, азамат жәбірленуші деп танылған кезде оның өтемақы алуға құқығы автоматты түрде тексеріліп, өтінішті онлайн беруге және қаралу барысын бақылауға мүмкіндік жасалуы керек.

«Мемлекеттік органдар қажетті ақпаратты өзара электронды түрде алмасуы тиіс. Азамат бір анықтаманы алу үшін бірнеше мекемеге барып жүрмеуі керек. Өтемақы алуға құқығы бар адамдарды анықтап, оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізу де маңызды», – дейді заңгер.

Сондай-ақ Марғұлан Шыныбаев жәбірленушілерге өтемақы төлегеннен кейін, оны сол күйге жеткізген, қылмыс жасаған сотталушыдан ақшаны өндіріп алу керек деп есептейді. Алайда сотталғандардың тұрақты табысы немесе өндіріп алуға болатын мүлкі болмағандықтан, мемлекет төлеген қаражатты қайтару қиынға соғады. Сондықтан сот орындаушыларының жұмысын күшейтіп, борышкерлердің табысы мен мүлкін анықтау тетіктерін жетілдіру қажет.

«Жәбірленушілерге өтемақы қорының басты мақсаты – қылмыстан зардап шеккен азаматты жалғыз қалдырмау. Сондықтан мемлекет азаматтың өтінішін күтіп қана отырмай, оның өтемақы алуға құқығы бар-жоғын өзі анықтап, ақпарат беруге және құжаттарды рәсімдеуге көмектесуі тиіс», – деп түйіндеді заңгер.

«Германия мен Скандинавияда баспана береді және тегін психолог пен заңгер көмектеседі»

Qazaq Expert Club-тың сарапшысы Толқын Саметова елдегі жұмыс жүйесін шетелдің тәжірибесімен салыстырып көрді. Мәселен, Эстония мен Сингапурда қылмыс құрбандары өздерінің жәбірленуші екенін дәлелдеп жүрмейді. Қылмыс тіркелгеннен кейін мемлекеттік жүйе азаматқа автоматты түрде хабарлама жіберіп, қайда жүгіну керегін түсіндіреді. Ал Францияда полиция бөлімшелерінде жәбірленушілерге көмектесетін арнайы мамандар жұмыс істейді. Олар қылмыс тіркелген сәттен бастап жәбірленушіге қажетті қызмет көрсетеді.

«Қоғамдағы әлеуметтік жағдай мен азаматтардың басына түсетін түрлі қиындықтарды ескерсек, қолдау тетіктерін қайта қарау қажет. Мәселен, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан әбден қажыған, таяқ жеген әйелдер мен балаларға шұғыл көмек көрсету керек. Германия мен Скандинавия елдерінің тәжірибесінде мұндай жағдайда зардап шеккендерге уақытша баспана, психолог пен заңгер көмегін алуға қаржылай қолдау көрсету тетіктері қарастырылған. Қазақстанда да осындай дағдарыстық төлемдерді енгізу мүмкіндігін зерттеген жөн», – дейді сарапшы.

Толқын Саметова сондай-ақ кибералаяқтық пен қаржы пирамидаларынан зардап шеккен азаматтарды қолдау мәселесін де көтерді. Оның пікірінше, әсіресе алаяқтарға алданып, несиеге белшесінен батқан әлеуметтік осал топ өкілдері назардан тыс қалмауы тиіс.

Сарапшы сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан орташа зиян келген жағдайда да әйелдер мен балаларға шұғыл психологиялық және медициналық көмек үшін қордан қаржы бөлінуі тиіс екенін айтты. Айтуынша, соңғы жинаған қаражатынан айырылып қалған зейнеткерлер немесе көпбалалы отбасыларға уақытша дағдарыстық материалдық көмек беру қажет.

«Жапония тәжірибесінде әлеуметтік осал топқа жататын қылмыс құрбандарына алғашқы кезеңде күнделікті қажеттіліктерін өтеуге көмектесетін қаржылай қолдау қарастырылған. Қазақстанда да зейнеткерлер мен мүгедектігі бар адамдар алаяқтардың арбауына түсіп, бар қаражатынан айырылған жағдайда, олардың ең төменгі тұрмыс қажеттіліктерін өтеуге бағытталған уақытша көмек тетігін енгізу мәселесін қарастыру керек», – деп түйіндеді маман.

Жалпы, Толқын Саметованың айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан немесе алаяқтықтан зардап шеккен азаматтарға дер кезінде көмек көрсетілмесе, олар баспанасыз, күнкөріссіз қалып, мемлекет көмегіне тәуелді болуы мүмкін.

«Тағы бір мәселе – жәбірленуші сотта жеңіп шыққанымен, сотталған адамның мүлкі немесе тұрақты табысы болмаса, өтемақыны жылдар бойы ала алмайды. Сондықтан мемлекет кепілгер ретінде әрекет етуі керек: алдымен ақшаны Қордан төлеп, кейін оны қылмыскерден өндіріп алуы қажет. Сонда азамат сот шешімінің орындалуын жылдар бойы күтпейді», – дейді сарапшы.

Маманның пікірінше, Қорда жиналған миллиардтар «босқа» жатпай, қылмыстан зардап шеккен адамдарға нақты көмек көрсетуге жұмсалуы керек. Бұл – әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етудің маңызды тетігі.