Атырауда балалар КВИ-мен ауырып жатыр деген ақпарат жалған – әкімдік

Автор: Azattyq Rýhy

Басқарма басшысы жалған ақпарат таратушылар қылмыстық жауапқа тартылатынын айтты

Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасы Нұрлыбек Қабдықапаров мессенджерлерде тараған балаларға қатысты жұқпалы ауру туралы ақпаратты жоққа шығарды.

Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Атырау қаласын тікұшақпен улайды, осы арқылы балалар ауырады» деген сыңайда әртүрлі мессенджерлерде тарап жатқан ақпарат – жалған. Бұл туралы басқарма басшысы жауап берді.

«Атыраудың провизорлық стационарларына балалар керуетін əкелу арқылы, əдейі ауру таратылып жатыр» деген мазмұнда әйел адам таратып жатқан ақпарат шындыққа сəйкес келмейді. Мұндай жалған ақпарат таратушылар ҚР қолданыстағы заңнамасына сəйкес қылмыстық жауапқа тартылатынын ескертеміз», - деген ол.

Облыстық басқармадағылар кеше де «Мақат ауданында балалар КВИ-мен ауырып жатыр» деген ақпаратқа түсінік берді.

Мақат аудандық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Асұлан Абдрахмановтың айтуынша, Мақат ауданы бойынша балалар короновирус инфекциясымен ауырып жатқан жоқ.

«Әлеуметтік желіде Мақат ауданында балдар ауырған деген жалған ақпарат тарады.  Қазіргі уақытта аурухананың провизорлық стационарында 11 адам емделіп жатыр. Біреуі ғана 10 айлық бала. Оның диагнозы - суықтан болған пневмония. Сәбидің жағдайы қазір жақсы. Жуырда үйіне шығарылады», - дейді Асұлан Абдрахманов.