Өлім жайлаған ауыл: СҚО тұрғындары өлім-жітімнің көбеюін ресейліктер салған кәсіпорыннан көреді

Автор: Azattyq Rýhy

Соңғы 1,5 жыл ішінде Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданына қарасты Бұлақ ауылында 18 адам қайтыс болған, оның жетеуі «Әулие Голд майнинг» серіктестігінде жұмыс істеген

СҚО әкiмi Құмар Ақсақалов «Әулие Голд Майнинг» серiктестiгiнiң алтын өндiру кен орнында, фото – inform.kz

Тұрғындардың сөзіне қарағанда, соңғы уақытта елді мекенде онкологиялық дертке шалдыққандар саны да күрт көбейген. Осы мәселені «Азаттық рухы» тілшісі зерттеген еді.  

Ауылда соңғы 3 жылда 30 адам қайтыс болған

Тұрғындар жағдайды осыдан 5 жыл бұрын ашылған ауылдағы «Әулие Голд майнинг» алтын өндіретін кәсіпорынмен байланыстырады. Зауыт Ресей инвесторларының қаражатына салынған, жоба құны 27 млрд теңге шамасында. Ауылдықтар өндіріс орны ашылғанда жаңа жұмыс орындарының пайда болғанына қуанған. Бірақ олардың шаттығы ұзаққа бармады. Соңғы 3 жылда 30 адам қайтыс болып, ауыл тұтас қара жамылды. Бақилық болғандардың арасында жастар басым. Топырақ пен судан алынған сараптама радиация мөлшері жоғары екендігін көрсеткен.

«5 жыл бұрын кәсіпорын өкілдері ауыл халқымен кездесті. «Жолды жөндейміз, су тартамыз» деп уәдені үйіп-төкті. Бүгін оның бірі де жоқ. Су сапасы керісінше нашарлай бастады. Ыдыстың түбінде тұнба қалатынын күнде көріп жүрміз. Ұлым сол мекемеде қызмет етті. 15 күн жұмыс істеп, жарты ай демалады. Үйге әбден қалжырап, ауырып келеді. Серіктестікте жұмыс істегендердің талайы өмірден озды. Өліп қалар деп үрейленіп, ұлыма арыз жазғыздым. Қазір жұмыссыз. Алтын зауыты үлкен мекеме ғой. Жоғары жақтан бұйрық болған соң, біз оны тоқтата алмайтынымызды білеміз. Бірақ, жер елдікі», - дейді Бұлақ ауылының тұрғыны Қадыржан Шопанаев.

Ауыл тұрғындары кіндік қаны тамған жерден кеткісі келмейді. Көбінің көшуге жағдайы да жоқ. Көз алдында жүрген адамдардың қатты сырқаттанып, қысқа уақытта көз жұмып жатқаны барлығының жанына батып жүр. Бірақ қолдан келер шара жоқ.

«Қазақ атын айтпайды. Ауылдастарымыз жаман аурудан қайтыс болып жатыр. Бірінің қайтыс болғанына 40 күн толмай жатып екіншісі дүниеден өтеді. Барлығы тепсе темір үзетін жап-жас жігіттер. Алтын келгелі ауылымыз оңбады», - дейді Нұриддин Идрисов.

Тұрғындар жергілікті билікке сенбейді

Солтүстік Қазақстан онкологиялық аурулар көрсеткіші жағынан республика бойынша бірінші орында тұр. Ал облыстық статистикада Есіл ауданы көш басында. Жыл басынан бері 78 тұрғын қатерлі ауруға шалдықса, 26 адам көз жұмған. Ал зауыт басшылығымен кездесу мүмкін болмады.

«Алтын зауытына жұмысқа кіргелі қан қысымым көтеріліп, денсаулығым сыр бере бастады. Бұған дейін еш жерім сырқаттанған емес. Кәсіпорынға барсам, басым ауырады. Жүре алмай қаламын. Қан қысымым 160-170-ке дейін көтеріледі. Үйге келсем, өзінен-өзі дұрысталады. Арыз жазып, жұмыстан шығып кеттім. 1984 жылы туған ағам да зауытта жұмыс істеді. Өткен жылы қайтыс болды. Жақында ғана жылын бердік. Осы өндіріс орны жабылса екен», - дейді зауыттың бұрынғы жұмысшысы Тілектес Есжанов.

Бұлақ ауылында 100 шақты шаңырақ түтін түтетіп отыр. Ауылда өлім саны күрт өскенін жергілікті билік өкілдері де мойындады. 2016 жылы 7 адам, 2017 жылы 5 адам қайтыс болса, биылғы жылдың 6 айында 10 адам ажал құшқан.  

«Власовка ауылдық округінде өлім көрсеткіші көбейді. Оның ішінде Бұлақта қайтыс болғандар көп. Бірақ онкологиялық дертке шалдыққандар саны артты деген ақпаратпен келіспеймін. Көбі кәріліктен кетіп жатыр. Судан сараптама алдық. Бәрі мөлшерге сай», - дейді Есіл ауданы әкімінің орынбасары Еділ Тұтқышев.

Ауыл тұрғындары мамандарға су мен топырақ сынамасын алғызып, өздері дербес сараптама жасатқан. Ал оның нәтижесі әкімдік өкілдері айтқан ақпаратқа сай келмейді. Сол себепті қарапайым халық жергілікті билік өкілдеріне сенімнен гөрі, күдікпен қарайды.

«2015 жылы Алматыда сараптама жасаттық. Мөлшерден тыс және мөлшерге сай норма бар. Радиацияның альфа, бетта, гамма сәулелері болады. Сараптама бойынша альфа мөлшері 2,5 есе көп. Әкімдік те сараптама алды. Олар бәрі дұрыс екенін айтты. Біз оларға сенбейміз. Өндірістен шыққан ционит қалдықтары жерге төгіліп жатқанын естідік. Ол топыраққа сіңіп, суға барады. Біз құдықтан сол суды тұтынамыз», - дейді ашынған ауыл тұрғыны Сырым Қалиев.

Аудан әкімдігі тарапынан ешқандай көмек болмағандықтан, ауыл тұрғыны Болат Бейсенбаев жуырда осы мәселені арқалап «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы Құмар Ақсақаловқа барған.

«Серіктестік жұмысты дұрыс ұйымдастырмаған. Бұл жағдай тұрғындардың денсаулығына кері әсер етіп жатыр. Кәсіпорын қызметкерлерінің айтуынша, қауіпсіздік техникасы бұзылады, шикізат сақтайтын ыдыстар тесілген. Кішкентай ғана ауылда соңғы 3 жылда 30 адам қайтыс болды. Жігіттер жұмыстан кетіп жатыр. Ауылда ауызсу да тапшы. Жол шұрық-тесік. Алтынның ортасында отырған ауылдың жағдайы осындай болғаны ақылға қонымсыз», - дейді Болат Бейсенбаев.

Аудандық әкімдік мәліметіне сүйенсек, қазір кәсіпорында 110 адам жұмыс істеп жүр. Оның 17-сі Бұлақ тұрғындары. Ақша табудың басқа амалы болмағандықтан, ауыл тұрғындары басын қатерге тігіп, дәл осы кәсіпорында күн сайын жұмыс істеуге мәжбүр.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО