Жұмыста – әріптес, өмірде – сүйікті жар: 19 жылын ТЖМ жүйесіне арнаған отбасы қиындықтарды қалай жеңеді

Автор: Бақыт Шынар

Бауыржан Жангузин мен Жұлдыз Ахметжанова 2007 жылдан бері өмірде де, қызметте де бірге келеді

Фото: кейіпкерлердің жеке мұрағаты

Төтенше жағдайлар қызметінде адам өмірін құтқару үшін күн сайын тәуекелге баратын мамандардың бірі – полковник, Атамекен кентіндегі №5 өрт сөндіру бөлімінің бастығы Бауыржан Жангузин. Ал оның өмірлік серігі Жұлдыз Ахметжанова да осы саланың жауапкершілігін жақсы түсінеді. Себебі бірі өрт сөндіру бөлімін басқарса, екіншісі Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Жоспарлау және жедел басқару орталығында инженер ретінде еңбек етеді.

Қызметте әріптес, ал шаңырақ көтергендеріне биыл – 19 жыл. Төрт бала тәрбиелеп отырған ерлі-зайыпты үшін отбасы мен қызметтің жауапкершілігін қатар алып жүру оңай емес. 19 қазан –  Құтқарушылар күніне орай Azattyq Rýhy тілшісі қос құтқарушыны кәсіби мерекемен құттықтап, сұхбаттасып қайтты.  

«Біздің қызметіміз дайындықты, жедел әрекет етуді талап етеді. Десе де бізді табыстырған да  дәл осы қызмет еді. 2005 жылдың маусымында дипломалды тәжірибеден өтуге келгенде, жұбайым Жұлдыз №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде хатшы болып жұмыс істейтін. Сол кезеңде басталған қарым-қатынасымыз уақыт өте келе үлкен сезімге ұласып, 2007 жылы шаңырақ көтердік», – деді Бауыржан Жангузин шастық шағын еске алып. Біз де әрі қарай сұраққа кезек бердік.

–Жұлдыз, жолдасыңыз қызметте білікті маман, ал үйде ол – өмірлік серігіңіз. Оның жұмыстағы қандай қасиеттеріне тәнті боласыз?

Жұлдыз: – Cұрағыңызға рақмет! Жолдасым өте жинақы, талапшыл әрі сенімді офицер. Оның қиын сәтте салқынқанды қалпын сақтап, дұрыс шешім қабылдай алатын қасиеті ерекше тәнті етеді. Сонымен қатар қызметкерлеріне қамқорлық танытып, адамдардың қауіпсіздігін бәрінен жоғары қоятынын бағалаймын. Әрбір дабылға қаншалықты жауапкершілікпен қарайтынын, қызметке бар күш-жігерін жұмсап, ортақ іске шын ниетімен берілетінін көрген сайын осы мамандықтың маңызын тереңірек түсінемін.

– Қызмет пен жеке өмірді қатар алып жүрудің артық-кем тұсы жайлы  айтып берсеңіз...

Бауыржан: –  Біріншіден, бір-бірімізді сөзсіз түсінеміз. Не үшін кешіккенімізді, аяқ асты жұмысқа шақыртудың не екенін екеуіміз де жақсы білеміз. Бір ортада қызмет еткендіктен құндылығымыз да бір десем болады.

Иә, мұндай артықшылықтың да екінші тұсы бар.  Өкінішке қарай, қызметтегі уайым мен күйзеліс кейде үйге де ілесіп келеді. Сөйтіп, жұмыс пен отбасының арасындағы шекара көмескіленуі мүмкін. Сондықтан дер кезінде үйдегі тыныштықты, жылуды сақтауға тырысамыз. Өйткені үй – қызметтегі қарбаластан кейін күш жинап, жақындарыңның ортасында тынығатын орын.

Жұлдыз: – Уақыт тапшылығы мен үйге еріп келетін эмоциялық жүктеме ең үлкен қиындықтың бірі. Екеуміз де погон таққан, ТЖМ жүйесінде жұмыс істейтін маман болғандықтан, үйіміз бір жағынан тынығатын орнымыз болса, екінші жағынан күнделікті тұрмыстық мәселелер шешіліп, балаларға көңіл бөлетін орта. Кейде қызметтегі ойдан арылып, отбасылық өмірге бірден ауысу оңай емес. Мұндай кезде бір сөз айтпай-ақ, бір-біріміздің көңіл күйімізді түсінеміз. Үй шаруасын бөліп атқарамыз, балалармен бірге өткізген әр сәтімізді бағалаймыз. Біз үшін өзара қолдау мен түсіністік таныту – отбасы мен қызмет арасындағы тепе-теңдікті сақтаудың басты жолы.

​–  Ал кәсіби тұрғыда бір-біріңізден не үйрендіңіздер?

Бауыржан: – Жұбайыммен бір қызметте жұмыс істеу мені тәртіпке, ұсақ-түйекке дейін мән беруге және талап пен адамгершіліктің арасындағы тепе-теңдікті сақтауға үйретті. 

​–  Демалыс пен мерекеге қарамай еңбек етіп, әрқашан оқыс оқиғаға дайын жүру керексіздер. Бетін әрі қылсын, десе де тілсіз жаудың қашан келетінін білмейміз. Есте қалған оқиға болса, біздің оқырмандарға да айтып бересіз бе?

Бауыржан: –  ТЖМ жүйесіндегі қызмет жылдарында талай оқиға орнына барып, күрделі жағдайларға тап болдық. Өзгенің өмірін сақтап қалу, үйін өрттен қорғау немесе қиын жағдайға тап болған адамға көмек көрсету – мұның бәрі жадымызда ерекше із қалдырады. Сондай оқиғалардың бірі – ірі әрі күрделі өрт кезі. Ол сәтте әр секундтың маңызы зор еді. Жалын жылдам тарап, ғимарат құрылымдарының құлау қаупі төнді. Өрттің көрші нысандарға таралу ықтималы да жоғары болды. Қою түтіннен айналаны көру мүмкін емес еді. Осындай сәтте шешуші рөлді тек техника емес, жеке құрамның үйлесімді жұмысы мен салқынқанды әрекеті атқарды. Оқу-жаттығу кезінде меңгерген дағдыларымыз дәл сол сәтте іске қосылды. Әрқайсымыз нұсқаулыққа сай әрекет етіп, абдырап қалмай, өз міндетімізді орындадық. Осындай оқиғалар біздің мамандығымыз жай ғана жұмыс емес, үлкен жауапкершілік пен жанқиярлықты талап ететін нағыз қызмет екенін тағы бір дәлелдейді.

–  Бір салада жүрген соң, әрине қиындығын сізден артық ешкім білмес. Жолдасыңыз үшін қатты алаңдайтын шығарсыз?

Жұлдыз: – Иә, жолдасым кезекшілікке немесе оқиға орнына кеткенде үнемі алаңдаймын. Сырт көзге тек киім, погон мен атағы көрунуі мүмкін. Ал жақын адамыңның ірі өртті сөндіруге аттанғанын көріп, оның аман-есен оралуын күту қандай сезім екенін бәрі бірдей түсіне бермейді. Әрине, үнемі білдіре бермеуге тырысамын. Қызмет барысында оған қосымша уайым жүктегім келмейді. Сондықтан кейбір сезімімді ішімде сақтаймын. Ал сол алаңдаушылықтың орнын оған деген сенімім, қолдауым мен амандығын тілеген ниетіммен толтыруға тырысамын.

– Бауыржан, егер жұбайыңыз бір күні осы мамандықтан кеткісі келетінін айтса, оны қолдар ма едіңіз? Ал өзіңізге басқа мамандық таңдауға мүмкіндік берілсе...

Бауыржан: –  Жұлдыз мұндай шешім қабылдаса, оны сөзсіз қолдаймын. Өйткені бұл қызметтің қаншалықты көп күш-жігерді, денсаулық пен жүйкені талап ететінін жақсы білемін. Біз үшін отбасы бәрінен маңызды. Ал өзіме келсем, барлығын қайта бастап, басқа мамандық таңдауға мүмкіндік берілсе де, осы жолды таңдайтын едім. Құтқарушы болу – менің өмірлік жолым. Өзімді бұл қызметтен бөлек елестете алмаймын.