Әл-ауқатты анықтайтын калькулятор, автобустағы қорлық, сотталған дәрігер: ел талқысына түскен жаңалықтарға шолу

Автор: Асыл Арман

Өткен демалыс күндері қандай маңызды оқиғалар болды

Фото: istockphoto.com

Елімізде өткен сенбі-жексенбі күндері ел құлағын елең еткізген маңызды, резонансты бірнеше оқиға болды. Azattyq Rýhy тілшісі демалыс күндері ел талқысына түскен жаңалықтарға шолу жасап, бірқатарын топтастырды.

Отбасының әл-ауқатын анықтайтын калькулятор. Қазақстандықтар енді қаншалықты дәулетті екенін, яғни өз жағдайын өзі тексеріп біле алады. Өткен жексенбі күні қарапайым ұялы телефондағы eGov Mobil қосымшасында қазақстандықтардың әл-ауқатын анықтайтын жаңа калькулятор іске қосылды. Еңбек министрлігінің мәліметінше, дәл осы калькулятормен қазақстандықтар отбасының жағдайы қалай бағаланатынын түсініп, өзінің қай санатқа жататынын алдын ала болжай алады.


Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Алайда, министрліктің мәліметіне назар аударсақ, бұл калькулятордың қорытындысы жәрдемақының тоқтайтынын немесе ары қарай төлене беретінін шешпейді. Тек адамның жағдайын өзі көрсеткен мәліметтер бойынша ғана есептеп береді.

«Құрмет» орденінің иесі ондаған млн теңге ұрлаған. Ақтөбеде танымал дәрігер Жәнібек Нармұхамедов 53 млн теңге ұрлағаны үшін кінәлі деп танылып, 5 жылға шартты түрде сотталды. Сотта оның Damumed жүйесіне жалған мәліметтер енгізіп, ақша ұрлағаны әшкере болды. Сол сияқты өз кінәсін мойындап, ұрлаған ақшаны толық көлемде қайтарғаны да белгілі болды.


Фото: diapazon.kz

Медицинада 40 жылдан астам уақыт еңбек еткен дәрігерге қатысты сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Жантүршігерлік жол апаты. Жетісу облысында адам шошырлық жол апаты болды. Mercedes-Benz Sprinter шағын автобусы тасжолда өзімен қатарласа келе жатқан жүк көлігінің тіркемесіне соғылған. Салдарынан шағын автобустың күл паршасы шығып, ішіндегі екі адам сол жерде тіл тартпай кетсе, тағы 10 адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Қайғылы жағдай Алматы-Өскемен тасжолының 143-шақырымында болған.


Фото: Видеодан скрин

Қазір оқиғаның анық-қанығын толықтай анықтау үшін тергеу жүріп жатыр. Полиция қызметкерлері жол апатына байланысты қылмыстық іс қозғап, Mercedes-Benz Sprinter жүргізушісін қамап тастады.

Семсерлесушілер — Әлем кубогының чемпионы. Қазақстандық спортшылар Марокконың Касабланка қаласында өткен Әлем кубогында алтын медаль жеңіп алды. Отандастарымыз командалық сайыстың финалында Ресей құрамасынан 45:40 есебімен басым түсті. Қазақстан құрамасы ширек финалда Мысырдан, жартылай финалда Франциядан басым түсті. Одан бөлек, бәсеке жолында Түркия мен Гонконг құрамаларынан да мықты екендерін көрсетті.


Фото: Семсерлесу федерациясы

Қазақстан құрамасы сапында Александр Федотов, Кирилл Павлов, Кирилл Проходов және Вадим Шарлаимов ел намысын қорғады.

Нариман Құрбанов пен Нұртан Ыдырысов. Қазақстандық екі атлет спорттық гимнастикадан әлем чемпионатының финалына шықты. Дүбірлі дода Нидерландтың Роттердам қаласында өтіп жатыр. Олимпиаданың күміс жүлдегері Нариман Құрбанов ат снарядындағы жаттығудың іріктеу кезеңінде 14,866 ұпаймен екінші орынға ие болды. Ал Нұртан Ыдырысов көпсайыстың финалына шықты. Ол алты снарядтағы жаттығулардың қорытындысында 79,665 ұпаймен іріктеу кезеңін 17-орынмен аяқтады.


Фото: Olympic.kz

Сонымен, Нұртан Ыдырысов сынға түсетін әлем чемпионатының финалы 22 қазанда өтеді. Ал Нариман Құрбанов 24 қазан күні ел намысын қорғайды.

Бойжеткеннің автобуста көрген қорлығы. Қазақстанда қыз балалардың адам толы автобуста, такси жүргізушісімен жалғыз қалған жағдайларда тап болатын қиындығы тоқтамай тұр. Өткен сенбі күні адам толы автобуста ер адамның бойжеткенге азғындық әрекет жасап, ұятты жеріне қол жүгірткені туралы ақпарат тарады. Оқиғаның қалай болғанын бойжеткеннің өзі толықтай айтып, Threads желісінде арнайы жазба жариялап, орта жасты алқымдап қалған ер адамның фотосын қоса жариялаған. Желідегі жазба лезде резонанс тудырып, жұрттың ауыр сынына қалған. Астана қаласының Полиция департаменті жағдайды бірден анықтап, ерсі қылық көрсеткен ер адамды жылдам тауып, темір торға қамап тастады. Оған қатысты жуырда сот шешімі шығып, қандай жаза қолданылатыны белгілі болады.


Фото: Жазбадан скрин

Айта кетейік, осыған дейін Қазақстанда қоғамдық көлікке жалғыз мінетін қыздардың қауіпсіздігі өзекті мәселеге айналып бара жатқаны жайлы жазып, қыздардың соңғы жылдары тап болған қиындықтарына шолу жасаған едік.