Еңбек министрлігі бұл калькулятор тек алдын ала есеп екенін жазып отыр
Бүгін, 18 қазан күні ұялы телефондағы eGov Mobil қосымшасында қазақстандықтардың әл-ауқатын анықтайтын жаңа калькулятор пайда болды, деп жазады Azattyq Rýhy
Дәл осы калькулятор арқылы қазақстандықтар отбасының әл-ауқаты қалай бағаланатынын түсініп, өзінің қай санатқа жататынын алдын ала болжай алады.
Дегенмен, Еңбек министрлігі де, қосымшадағы ескерту хабарламасы да осы калькулятордың қорытындысы жәрдемақының тоқтайтынын немесе төлене беретінін шешпейді дейді.
«Айта кетерлігі, калькулятор адамның әл-ауқатын өзі енгізген мәліметтер негізінде есептеп береді және тек ақпараттық сипатқа ие. Яғни калькулятордың нәтижесі әлеуметтік төлем тағайындау немесе оны тоқтату туралы шешім болып саналмайды», - деп хабарлайды Еңбек министрлігі.
Айта кетейік, бұған дейін интернетте қазақстандықтардың қай санатқа жататынын анықтайтын калькулятор пайда болған еді.
«Бұрынғы, яғни ескі калькулятор теріс. Бүгін кешке біз eGov жүйесіне әл-ауқатты есептейтін жаңа калькуляторды жария етеміз. Азаматтар соған кіріп, өзінің әлеуметтік жағдайын анықтай алады», - деп мәлімдеген 16 қазан күні министрлік өкілдері.
«Неге бұған дейін ескі калькулятор тарағанын, ал жаңа калькуляторды «болары болып, бояуы сіңген соң» жариялаудың маңызы қандай екенін?» сұраған журналистерге министрлік өкілдері былай деп жауап берді:
«Бұған дейін жаңа калькулятор техникалық сынақтан өтті, қазір ол қолдануға толық дайын. Бұл жаңа калькулятор халықтың әл-ауқатын биыл 30 қыркүйекте қабылданған жаңа ережеге сай анықтайды».