«Жиіркенішті»: Дильназ Ахмадиева кеудесі мен санын ашқан мұғалім кейпінде бейнебаян түсірген (ВИДЕО)

Автор: Бақыт Шынар

Дильназ Ахмадиева мен «Азия» тобының «Milfa» әніне түсірген бейнеклипі көпке жария болмақ

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Дильназ Ахмадиева мен «Азия» тобының түсірген жаңа клипі әлеуметтік желіде сынға ұшырады. Клиптегі мұғалімнің ашық-шашық киімін, оқушылармен этикаға жат әңгіме орнатуға қатысты мағынасы халықтың ашуына тиіп, кейбір адам Оқу-ағарту министрлігі мен министр Жұлдыз Сүлейменованың аккаунтын белгілеп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әншінің әлеуметтік желідегі парақшасындағы мәліметке сүйенсек, бейнебаяды толық көргісі келген адамдар алдын ала ақша төлеп, бронь қоюы керек.

«Ешкімге көрсетпегенімізді бірінші болып сіздер тамашалайсыздар! «MILFA» бейнебаянын алғаш болып көру үшін бронь қоя аласыздар. Орын саны шектеулі», - деп жазған әнші.  

Алайда, әнші мен «Азия» тобының бұл креативін қоғам жылы қабылдай қойған жоқ. Дильназ Ахмадиева ашық-шашық киінген мұғалімнің кейпін, ал «Азия» тобының жігіттері «өзінен үлкен әйелдерді ақша үшін пайдаланатын» оқушылардың рөлін сомдап шыққан. Одан басқа, клипке түскен басқа да оқушы ұл-қыздардың рөліндегі әртістер партаға шығып алып, жан-жағына ақша шашатын әрі бейәдеп қимылда билейтін тұстары тағы бар.

 «Threads» әлеуметтік желісіндегі халық бұл клипті шығармай, тоқтату керек әрі әншілерді жазалау керек дейді.

Халық: «Оқушыларға  деген жаман түсініп қалыптастырады», «Онсыз да мұғалімдерге деген құрмет төмендеп жатқанда одан әрі құлдыратып тастады-ау», «Интернеттен өшіртіп тастау керек», «Неге мектепте жүр, жиіркенішті»,  «Дұрыс емес! Мектеп оқушыларымен мынандай видео түсіру қате және заңсыз деп ойлаймын» деп жазса, енді бірі «Мектепте мұғалімдер бұлай киінбейді. Педагог мәртебесі туралы заң қайда?», «Білім ордасына деген құрмет қайда?» деген пікірлерін қарша боратқан.

Осы жағдайға байланысты Azattyq Rýhy редакциясы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігіне сауал жолдады. Қазір министрлік пен Алматы қаласының білім басқармасы клипті зерделеп жатыр.