«Төлем автоматты түрде тоқтамайды»: Жаңа жылдан бастап кімдерге жәрдемақы төленбейді

Автор: Бақыт Шынар

Қазақстанда әлеуметтік көмек алудың тәртібі өзгереді

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

2027 жылдан бастап бірқатар мемлекеттік жәрдемақыны тағайындағанда отбасының табысы ғана емес, енді баспанасы, көлігі, мүлкі және басқа да көрсеткіштері ескеріледі. Негізгі мақсат – бюджет қаражатын тиімді пайдаланып, көмекті шын мәнінде мұқтаж азаматтарға бағыттау, деп жазады Azattyq Rýhy «Túrkistan» газетіне газетіне сілтеме жасай отырып.

Жаңа тәртіпте әлеуметтік әл-ауқат деңгейі маңызды болмақ. Себебі бұл деңгей бірқатар мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау кезінде ескеріледі. Олардың қатарында бала тууына байланысты біржолғы төлем, бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтім жәрдемақысы, көпбалалы отбасыларға және наградталған аналарға арналған төлемдер бар. Сондай-ақ мүгедектікке, асыраушысынан айырылуға және күтім жасауға байланысты жәрдемақылардың жекелеген түрлері де қарастырылған.

Барлық төлем автоматты түрде тоқтамайды. Десе де әлеуметтік әл-ауқаты жоғары «А» және ауқатты «В» санаттарына жататын азаматтарға жәрдемақы тағайындауға шектеу қойылуы мүмкін.

Отбасылардың әл-ауқат деңгейі қалай бағаланады

Басылым авторы хабарлағандай, бұл ретте Цифрлық отбасы картасының рөлі артпақ. Бағалау сегіз бағытты қамтитын 59 көрсеткіш бойынша жүргізіледі. Олардың қатарында отбасының табысы, мүлкі, тұрғын үй жағдайы, көлігі, жұмыспен қамтылуы, несиелік міндеттемелері мен кәсіпкерлік қызметі бар.

Дәл осы деректің негізінде отбасылар әл-ауқатына қарай бес санатқа бөлінеді. «А» – әл-ауқаты жоғары, «В» – ауқатты, «С» – қанағаттанарлық, «D» – экономикалық тұрғыдан осал, «Е» – экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал.

Мысалы «А» санатын анықтайтын өлшемнің бірі – отбасының әр мүшесіне шаққандағы табыстың күнкөріс деңгейінің жеті есесіне тең немесе одан жоғары болуы. Бұл шамамен 350 мың теңге. Сонымен қатар тұрғын үйі, мүлкі, бизнесі мен көлігі де ескеріледі

«Егер отбасының атында тұрғын үй бар болса, бұл ол отбасының тұрақты әрі жеткілікті табысы бар деген сөз емес. Ол бүкіл әулеті бірге тұратын жалғыз баспана болуы мүмкін. Сол секілді несиенің болу-болмауы да отбасының ауқатты екенін растамайды», - деп жазады газет.

Ал көпбалалы отбасылардың немесе мүгедектігі бар адамды бағып отырған жанұялардың күнделікті шығыны көп болатыны белгілі. Сондықтан отбасының әлеуметтік жағдайын бағалау кезінде табысы мен мүлкі туралы мәліметтермен қатар, оның нақты қажеттіліктері мен міндетті шығындары да ескерілуге тиіс.

Тоқтап қалған жәрдемақыны қайта алуға бола ма

Жаңа тәртіпте төлемді тағайындау, уақытша тоқтату, қайта жалғастыру және түпкілікті тоқтату мәселелері де қамтылады. Отбасының қаржылық жағдайы өзгерген жағдайда, бұл жәрдемақы алу құқығын қайта қарауға негіз болуы мүмкін. Бұл ретте төлемнің уақытша тоқтатылуы мен жәрдемақы алу құқығының түпкілікті жойылуын екі бөлек екенін ұмытпаған жөн.

Өзге елдерде бұл жүйе қалай жұмыс істейді

Қазақстанда  мүгедектік бойынша жәрдемақы мөлшері Ресей, Әзербайжан, Тәжікстан, Қырғызстанға қарағанда әлдеқайда жоғары.

Сондай-ақ бала тууына байланысты төлем арасындағы айырмашылық байқалады. Елімізде бала тууына берілетін бір­жолғы жәрдемақы баланың нешінші болып дүниеге келгеніне қарай 164 мыңнан 272 мың теңгеге дейін жетеді.

Ал Ресейде бұл төлем 149 мың теңгені, Әзербайжанда 158 мың теңгені құраса, Тәжікстанда – 28 мың, Өзбекстанда – 29,7 мың, Қырғызстанда 21,5 мың теңге. Бізден  жоғары төлем тек Беларусьте қарастырылған. Бірінші балаға 790 мың теңге тағайындалса, екінші және одан кейінгі балаларға 1,1 миллион теңге беріледі.

Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы бойында Қазақстанның өз  ерекшелігі де бар.  Мәселен төрт және одан да көп баласы бар отбасыларға төлем табысына қарамастан тағайындалады.

Осылайша, 2027 жылдан бастап күшіне енетін өзгерістердің негізгі мақсаты – әлеуметтік көмекті нақты мұқтаж азаматтарға бағыттау. Бірақ, басылым авторы жазып отырғандай, жаңа жүйенің тиімділігі бюджет шығынының қысқаруымен ғана өлшенбеуге тиіс. Ең бастысы – әлеуметтік қолдауға шынымен мұқтаж отбасылардың жәрдемақы алу құқығы сақталып, көмек оларға уақытында жетуі.