Жаңа тәсілдің арқасында 43 жастағы әйел қыз босанды
Алматыдағы клиникалардың бірінде жұмыртқа жасушасының ядросын көшіру әдісі арқылы қыз бала дүниеге келді. Қазір тағы бір ана босануға дайындалып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы академик Алмаз Шарман әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Ғалымның айтуынша, сәбидің анасы 43 жаста. Ол төрт жыл бойы экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) әдісі арқылы жүкті болуға тырысқанымен, оң нәтиже бермеген. Әдетте мұндай жағдайда дәрігерлер донордың жұмыртқа жасушасын пайдалануды ұсынады. Алайда бала генетикалық тұрғыда өз анасына туғанындай болмайды. Жаңа тәсілдің ерекшелігі де – осы.
«Дүниеге келген сәбидің ДНҚ-сы 99,9% ата-анасына тиесілі. Бұл әдісте дәрігерлер ананың жұмыртқа жасушасынан ядроны бөліп алынады. Ал ол ядросы алдын ала алынған донордың жұмыртқа жасушасына көшіріледі. Осылайша ананың негізгі генетикалық материалы сақталып, донор жасушасының митохондриялары ғана пайдаланылады. Кейін ұрықтандыру процесінде әкесінің ұрығы қолданылады», – дейді академик.
Жаңа бастаманың әлі де зерттеуді қажет ететінін айта кеткен жөн.
«Бұл әдіс әзірге эксперимент деңгейінде. Ол барлық мәселені шешетін сиқырлы құрал емес. Әрі барлық адамға бірдей жарамайды. Сонымен қатар генетикалық ақауларды түзетпейді және оң нәтижеге жететініне толық кепіл бермейді. Алда ауқымды ғылыми зерттеулер жүргізіліп, осы әдіс арқылы дүниеге келген балалардың денсаулығы ұзақ уақыт бақылауда болу қажет», – деп толықтырды Алмаз Шарман.
Процедураны АҚШ-тың Орегон штатындағы Портленд қаласында жұмыс істейтін профессор Шухрат Миталипов жүргізген. Ол клиникада кеңесші-эмбриолог қызметін атқарады. Эмбриологияға қатысты жұмыстың барлығын қазақстандық мамандар атқарған. Жобаның ғылыми жетекшілері – Шухрат Миталипов пен Вячеслав Локшин.