400 теңгеге дейін жетпек: Астанада қоғамдық көлік жолақысы қалай өзгереді

Автор: Асыл Арман

Астанада қоғамдық көліктің жолақысы қаншалықты қымбаттайды

Фото: CTS компаниясы

Астанада қала ішінде және қала маңына қатынайтын қоғамдық көліктің жолақысы қаншалықты қымбаттайтыны белгілі болды. Астана әкімдігі тиісті қаулыны жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қала маңына қатынайтын экспресс-автобустарда жолақы онлайн төленсе 300 теңге, ал қолма-қол 400 теңге болмақ. Осындай тариф қала ішіндегі автобустарға да қатысты. Яғни картамен төлем 150 теңге, ал қолма-қол ақшамен 300 теңге болмақ.

Қала маңына қатынайтын автобустарда жолақы құны қашықтығына байланысты өзгереді. Картамен төленген жағдайда 1 шақырымның құны – 13 теңге, ал қолма-қол төлем – 19 теңге.

Ал жеңілдікті көлік картасы бар жолаушылар үшін тұрақты әлеуметтік маңызды бағыттар бойынша жолақы мөлшері бұрынғыдай тегін болады.

Қаулыда сол сияқты электронды жүйеде ақау болған жағдайда жол жүру құны тегін болатыны көрсетілген.