Каспий теңізінің деңгейі 1,5 метрге тартылып, жаңа аралдар пайда болды (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Мамандар осыған байланысты дабыл қақты

Фото: Видеодан скрин

Каспий теңізі күн өткен сайын тартылып барады. Мамандар теңіз аумағында жаңа аралдар пайда болғанын айтып, дабыл қақты. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «Жетінші арнаға» сілтеме жасап хабарлайды.

Теңіз деңгейінің тартылып бара жатқанын ғалымдар ғана емес Ақтау қаласының тұрғындары да байқап отыр.

Зерттеу мәліметтеріне сүйенсек, соңғы 30 жылда теңіз деңгейі 1,5 метрге тартылған. Сарапшылардың болжамы бойынша, тағы 8-14 метрге дейін тартылуы ғажап емес. Соның салдарынан тағы да жаңа аралдар пайда болуы мүмкін.

Теңіз аумағын әуеден түсіру барысында Құлалы ауданы маңында жаңа арал пайда болғаны анықталды.

«Каспий тартылып бара жатыр. Жаңа аралдардың пайда болуы – соның бір белгісі. Каспий маңындағы елдер бұл істе жұмылып, ғылым мониторинг жүргізуі, өзен суын дұрыс пайдалануы керек. Қазақстан қазірден бастап ластануды тоқтатуы, ағынды суларды тазартуы және балық пен итбалықтың мекендеу ортасын қорғауы қажет», – дейді тәуелсіз эколог Кирилл Осин.

Қазақ ғылыми-зерттеу институтының мамандары да алдағы онжылдықта Каспий теңізі айтарлықтай тартылатыны жөнінде болжам жасап отыр.

«Ғалымдарымыздың зерттеуінен бөлек, шетелдік мамандардың болжамына сүйенсек, теңіз деңгейі тағы 2-4 метрге дейін тартылуы мүмкін. Ал ең ауыр болжам бойынша Каспий 20 метрге дейін тартылуы ғажап емес», – дейді Қазақ ғылыми-зерттеу институтының бөлім басшысы Балжан Елбасиева.

Сарапшылар Каспий теңізін бірлесе отырып сақтап қалуға болатынын айтып отыр. Ол үшін су деңгейінің өзгеруіне бейімделу, су ресурстарын тиімді қолдану, биоәртүрлілікті сақтау және жағалау инфрақұрылымын жаңа жағдайларға бейімдеу қажет. Сол сияқты Каспий маңындағы елдер осы бағытта жұмылуы керек.