Сондай-ақ эстафета барысында Құрылтай депутаттары азаматтарды қабылдады
«Әділет» партиясының жастар қанаты қолға алған ауқымды «Таза Qazaqstan» Road-эстафетасы аясында қатысушылар 474 шақырымға жуық жол жүріп, Ақмола және Павлодар облыстары аумағында 40 тоннаға жуық қоқыс жинады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Сондай-ақ эстафета барысында Құрылтай депутаттары азаматтарды қабылдады. Мәселен, Құрылтай депутаттары, «Әділет» партиясы фракциясының мүшелері Айнагүл Балташева, Ерқанат Мұсылманбек және Юлия Кучинская Ақмола облысы Ерейментау ауданында өткізген қабылдау барысында халық қалаулылары 20-дан астам тұрғынның ұсыныс-тілегіне құлақ түрді.
«Тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстары – өңірлердің нақты қажеттіліктерін түсінуге мүмкіндік беретін маңызды кері байланыс. Сондықтан әр мәселені нақты қарастыру қажет», – деді депутат Айнагүл Балташева.
Қабылдау барысында тұрғындар Ерейментау қаласындағы «Жігер» стадионын және № 8 АТК колледжінің ғимаратын жөндеу, аудандық орталық аурухананы заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету, қалалық қазандықты жаңғырту, су құбыры желілерінің құрылысын аяқтау және ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту мәселелерін көтерді.
«Ауылдар мен аудан орталықтарының тұрақты дамуы үшін инфрақұрылымдық мәселелерді жүйелі түрде шешу маңызды. Жергілікті бюджет мүмкіндіктерімен қатар, облыстық және республикалық деңгейдегі қаржыландыру тетіктерін де қарастыру қажет», – деді депутаты Ерқанат Мұсылманбек.
Сонымен қатар тұрғындар ауылдарға кіреберіс жолдарды жөндеу, Ажы және Қойтас ауылдары арасында көпір салу, Малтабар, Ақмырза ауылдарында дәрігерлік амбулаториялар ашу, ауылдық клубтар салу және кәсіпкерлер үшін электр қуаты тарифін арзандату мәселелеріне назар аударды.
«Қоғамдық қабылдаудың басты мақсаты – тұрғындарды тыңдау және олардың ұсыныстарын назарға алу. Әрбір өтініштің артында нақты адамның, отбасының немесе тұтас ауылдың қажеттілігі тұр», – деді депутат Юлия Кучинская.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысы миллионға жуық волонтерді біріктіріп, жаңа экологиялық мәдениет қалыптастырудың нақты құралына айналды. Осы орайда, эстафетаға қатысып жатқан белсенділер партияның «Вандализмге жол жоқ!» акциясын қолға алып, «Кемпіртас» тауы аумағын қоқыстан тазалады. Олар табиғи нысандарға салынған жазулар мен граффитилерді жойды.
«Кемпіртас» тауы – халқымыз үшін маңызды тарихи әрі рухани мұра. Ал оны қаз-қалпында сақтау – баршамызға ортақ жауапкершілік», – деді жастар қанатының белсендісі Мерей Сапарова.
Сондай-ақ эстафета аясында Екібастұз қаласында тұрғындар мен жастарға арналған ашық аспан астындағы Open Air концерті өтті. Алдағы уақытта жастар арасында «Чемпиондық Рух» жобасы аясында спорттық іс-шаралар ұйымдастырылып, жол бойындағы тазалық жұмысы жалғасын табады.