Депутат үш концепцияны насихаттау бойынша екі министрге ұсыныс айтты
Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Сайыр президенттің саяси реформаларын іске асыру барысында «Адал Азамат», «Заң мен Тәртіп», «Таза Қазақстан» концепцияларын қоғамға жүйелі түрде түсіндіруді ұсынды. Ол осыға байланысты Құрылтай отырысында оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол өз сөзінде жаңа Конституцияның қабылдануымен еліміздің саяси тарихында маңызы орасан зор саяси реформация кезеңін бастан өткердік. Еліміз бір саяси дәуірден, прогрессивті дәрежесі жоғары саяси кезеңге аяқ басты.
«Қазақстанда «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» моделі заңдық тұрғыдан бекітілді. Мемлекеттің тұрақтылығы мен үйлесімін сақтау үшін вице-президент лауазымы енгізілді. Мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру мақсатында бір палаталы Парламент Құрылтай өз жұмысын бастады. Құрылтайда қабылданатын заңдар мемлекет басшысының халқымыздың әл-ауқатын арттырып, әділетті Қазақстан құру міндетіне сәйкес атқаруға жігерлі кірісті. Билік пен қоғам арасындағы конструктивті диалогты нығайту мақсатында Қазақстан Халық Кеңесі құрылды», – дейді Құрылтай депутаты.
Оның айтуынша, бұл реформалардың басты мақсаты – Қазақстанда болашақ сын-қатерлерге қарсы тұруға қабілетті мемлекет, тұрақтылық пен плюрализм принциптеріне негізделген саяси жүйе қалыптастыру.
Сонымен қатар, президент Тоқаев мемлекет пен қоғам арасында байланысты күшейтіп, халқымыздың дәстүрлі рухани тамырымын тереңдету мақсатында «Адал Азамат», «Заң мен Тәртіп», «Таза Қазақстан» концепцияларын ұсынғанын тілге тиек етті.
«Бұл Концепцияларды ел мен жерді, Қазақстанның тұтастығы мен тұрақтылығын сақтау мақсатында халқымыздың саяси мәдениетін арттырып, қоғамның гармониясын сақтауға бағытталған заманауи моральдық кодекс деуге болады», – дейді Ерлан Сайыр.
Сөзін жалғай отырып, «Әділет» фракциясы мемлекет басшысы Тоқаевтың прогрессивті саяси реформаларын нық бекіту үшін мемлекеттік құзырлы органдар мынадай қадамдар жасауы қажет деп есептейтінін жеткізді:
«Осы негізде, мектеп, жоғарғы оқу орындарында, аталған концепциялардың маңызы жөніндегі тақырыптық сағаттар өткізу, әдістемелік курстар ұйымдастыру, аталған концепцияларды насихаттап, іс-жүзіне асырудың жүйесін жасау маңызды. Мемлекет басшысының еліміздің саяси жүйесін реформациялаудағы басты мақсаты – халықаралық құқық девальвацияға ұшырап, жаһандық тұрақсыздық жайлаған кезеңде Қазақстанда елдікті сақтап, тәуелсіздікті мәңгі ету. Баршамыз осы міндет биігінен шыға білуіміз қажет!» – дейді Құрылтай депутаты Ерлан Сайыр.