Бүгін Ақордада тағы да шұғыл жиналыс өтті
Бұған дейін хабарлағынымыздай, бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысындағы 14 әскеридің қазасына байланысты тағы да шұғыл жиын өткізіп, арнайы құрылған комиссияның алғашқы есебін тыңдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақорда жазғандай, Маңғыстау облысындағы трагедияның жай-жапсарын зерттеу барысында оқу-жаттығу жиындарын дайындау және жоспарлау кезінде тәуекелдерді бағалау, десант түсіруді ұйымдастыру және әскерилердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты елеулі кемшіліктерге жол берілгені анықталды.
«Қолбасшылық құрамның қылмысқа парапар салғырттығы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр. Бес лауазымды тұлға тұтқындалды. Тергеу аяқталған соң олардың әрекетіне түбегейлі құқықтық баға беріледі», - деп жазады Ақорда.
Сонымен қатар, дереккөзге сүйенсек, комиссия әскери тәртіп пен алдын алу жұмыстарында біршама кемшілік анықтаған. Әскерилерге әлімжеттік жасау, жарғыға қайшы әрекет ету фактілері әшкереленіп, қылмыстық істер қозғалды. Қауіпсіздік талаптарын, әскери қызметті өткеру шарттарын сақтау, тылды қамтамасыз ету және жеке құраммен тәрбие жұмысын ұйымдастыру мәселелеріне айрықша мән беріліп отыр.
«Қасым-Жомарт Тоқаев Комиссияға Қорғаныс министрлігінің жаңа басшылығымен бірлесіп, анықталған кемшіліктерді жою жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Тексеріс нәтижесі Қарулы күштерді реформалау жоспарын дайындау кезінде ескерілуге тиіс», - деп хабарлады Ақорда.
Тоқаев осы реформадан кейін қазіргі заманның сын-қатерлеріне қарсы тиімді әрекет ететін жаңа тұрпатты армия қалыптастыру қажеттігіне баса мән берген көрінеді.
«Жаңғыру белгілері әскери тәртіптің күшеюінен, әскери қызметшілерге борышын өтеу кезінде тиісті жағдай жасаудан және қауіпсіздік деңгейінің артқанынан байқалуға тиіс. Кешенді тексеріс объективті түрде өтіп, әскердің жауынгерлік әзірлігіне нұқсан келтірмеу қажет. Қарулы күштер қатарында Конституциядағы «Заң мен тәртіп» қағидаты мүлтіксіз сақталуы керек. Комиссия жұмысын жалғастырып жатыр», - деп хабарлайды Ақорда.