Көрермендердің елеулі бөлігі 65 жастан асқан адамдар екені анықталды
2024 жылдан бері Жоғарғы сот Қазақстандағы ең резонансты сот істерін өзінің ресми youtube арнасынан тікелей эфирде көрсетіп келеді. Сондай сот процесстерінің бірі - фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот еді. Осы сот процессінің тікелей трансляциясын 13 елдің азаматтары көрген. Бұл туралы ҚР Жоғарғы сотындағы коммуникация бөлімінің меңгерушісі, сот істерін онлайн-трансляциялау тобының жетекшісі Перизат Сәдуақас мәлім етті, деп жазады Azattyq Rýhy
Онлайн-трансляция жай ғана эфир емес екенін алға тартқан Перизат Сәдуақас бұл практика ең алдымен сот төрелігінің ашықтығын әрі жария жұмыс істейтінін айқындайтын тәсіл дейді.
«Өздеріңізге мәлім Жоғарғы Сот 2024 жылдан бастап резонансты сот істерін тікелей эфирде көрсетуді бастады. Онлайн-трансляция жай ғана эфир емес. Бұл отандық сот төрелігінің ашықтығы мен жариялылығын тек Қазақстан аумағына ғана емес, халықаралық аудиторияға да көрсететін тиімді құрал. Қоғам сот процесін сырттан айтылған субъективті пікір арқылы емес, өз көзімен көріп, оның барысына тікелей куә болады», - деп жазған Перизат Сәдуақас.
Бұл ретте Перизат Сәдуақас Жоғарғы соттың практикасында тікелей эфирде таралған бесінші процесс – фельдшер Ұлдана Мырзуанның ісіне қатысты онлайн-трансляцияның қорытындысын ұсынды. Айта кетейік, Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты процесс тамыз-қазан айларында жалғасты.
«Бұл процесс бойынша 21 тікелей эфир, 45 сағаттан астам эфирлік сағат өтті. Тікелей трансляцияларды 13 елдің көрермендері тамашалаған: Қазақстан – 86,4%, Ресей – 3,5%, Қырғызстан – 1%, Өзбекстан – 0,7%, Украина – 0,1%, Иран – 0,1%, Болгария – 0,1%, Беларусь – 0,1%. Ал Латвия, Франция, Италия, Германия және Жапониядан көрермендер үлесі 0,1%», - дейді Перизат Сәдуақас.
Сот процессін бақылаған көрермендердің елеулі бөлігі 65 жастан асқан адамдар екені белгілі болды. 45–54 жас аралығындағы көрермендер (13,6%) және 55–64 жас аралығындағы көрермендер (12,4%) құрады. Ал 18–24 жас аралығындағы көрермендердің үлесі - 3,8% болса, көрермендердің 61,7% - әйелдер, 38,3% - ерлер.
«Эфирлерді отандық жетекші медиаресурстар ретрансляция жасап, сот процесінің барысын кең аудиторияға жеткізді. Онлайн-трансляция сот отырыстарының ашықтығын қамтамасыз етіп қана қоймай, қоғамға процесті тікелей бақылауға мүмкіндік берді. Сот төрелігі – тек шешім шығару емес. Бұл – әр тарапты тыңдау, дәлелдерді жан-жақты бағалау және ақиқатқа ұмтылу», - деді сөзін түйіндеген ол.