Ең басында 10 теңгеден басталған еді: Астанада қоғамдық көліктің жолақсы әр жылдары қалай қымбаттады

Автор: Асыл Арман

Астанада биыл желтоқсан айында жолақысы қымбаттайтын болды

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Астанада биыл желтоқсан айынан бастап автобустарда жол жүру құны 110 теңгеден 150 теңгеге дейін көтерілетін болды. Жалпы ел астанасы арқа төріне қоныс аударғалы бері қоғамдық көліктермен қатынау құны қалай өзгерді? Azattyq Rýhy тілшісі 30 жылға жуық уақыт ішіндегі жағдайды саралап көрді.

Ел астанасы 1997 жылдың 10 желтоқсаны күні ресми түрде Ақмола жеріне қоныс аударған. Бұл жылдары қоғамдық көліктің жолақысына қатысты нақты мәлімет жоқтың қасы, жекелеген деректерде 6-10 теңге аралығында болғаны айтылады. Сол жылдарғы тариф бойынша балалардың жолақысы ересектерден 50 пайызға арзан болатын. Яғни 3-5 теңге аралығында еді.

Ел астанасы статусына ие болғаннан кейін 15 теңге болып белгіленді. Балалардың жол жүру құны 7-8 теңге аралығында еді.

2000-жылдардың басында ересектер үшін автобуспен қатынау 20 теңге болса, балаларға 10 теңге еді.

2004 жылы баға көтеріліп, ересектерге 25 теңге, ал 15 жасқа дейінгі балаларға 15 теңге болып бекітілді.

2005 жылы баға тағы 5 теңгеге көтеріліп, ересектерге 30 теңге болды. Ал балалардың жолақысы өзгеріссіз қалды.

2006 жылы жолақы кезекті рет қымбаттап, ересектерге 40 теңге болса, балаларға 20 теңге болып белгіленді.

Бұл баға келер екі жылда өзгермей, сол қалпында сақталды. Алайда 2008 жылы ересектердің автобуспен қатынау құны 60 теңгеге бір-ақ көтерілді. Ал балалардың жолақысы 20 теңге мөлшерінде қалды.

Осыдан кейін бірнеше жыл қоғамдық көліктің жолақысында айтарлықтай өзгеріс болған жоқ. Тек 2011 жылы балалардың жол жүру бағасы 40 теңгеге көтерілді.

Ал 2014 жылы ересектер үшін қоғамдық көліктегі тариф бірден 30 теңгеге қымбаттап, 90 теңге болып белгіленді. Бұл тариф Астана қаласының тарихындағы ең ұзақ сақталған тариф болып, алдағы 10 жылда өзгерген жоқ. Тек 2018 жылы қалада «Astana LRT» (ред. – қазір CTS) карталары мен электронды төлем жүйесі енгізілгеннен кейін қолма-қол ақшамен төлеу екі есе етіп, яғни 180 теңге болып белгіленді. Ал картамен немес QR-код арқылы төлеу бұрынғыдай 90 теңге болып қалды.

Арада 10 жыл өткеннен кейін, 2024 жылы автобустардың жалпы шығыны есептеле келе бұрынғы бағасына 20 теңге қосылды. Яғни ересектер үшін 110 теңге болып белгіленді.

Ал балалардың автобуспен қатынауы 2020 жылдың наурыз айынан бастап арнайы карталар арқылы тегін болды.

Араға екі жылдан аса уақыт салып, биыл желтоқсан айында жолақы бірден 150 теңгеге көтерілетін болды. Астана қаласының әкімдігі осыған байланысты бүгін ресми мәлімдеме жасап, автобустардың жалпы шығынына байланысты осындай шешім қабылданғанын мәлімдеді.