«Үш ай бойы анасы ұлын іздемеген»: БҚО-да қоқыс жағалап күн көрген он жасар бала әріп танымайтын болып шықты

Автор: Бақыт Шынар

Сот баланың шешесін ата-ана құқығынан айырды

Фото: ЖИ

Батыс Қазақстан облысында қоқыс жағалап күн көрген 10 жасар ұл әріп танымайтын болып шықты. Сот оның шешесін ата-ана құқығын айырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бала қоқыс арасынан тамақ іздеп ішкен

Батыс Қазақстан облысындағы «Отбасылық үлгідегі облыстық балалар ауылы» деген ұйым осы он жасар баланың құқығын қорғау үшін сотқа жүгінген. Олардың басты талабы – анасын ата-ана құқығын айырып, ай сайынға алиментін баланың депозитіне түсіру еді.

«Бала туған сәтінен бастап қиындыққа душар болған. Оның анасы қоғамға жат өмір салтын ұстанған, спирттік ішімдіктерді көп ішкен. Оның үйіне бөгде адамдар тұрақты келген. Бала ешқашан мектепке бармаған, оқып-жазуды білмеген, ал тамағы мен киімін қоқыс үйіндісінен тауып отырған», - деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.

Анасы үш айда баласын бір де бір рет іздеп келмеген 

Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия баланы алып кетіп, арнайы орталықта тәрбиелеген. Дереккөз осы үш ай ішінде анасы ұлын іздеп келмегенін айтады. Әйел оны ата-ана құқығынан айыруға қатысты сотқа да келмеген көрінеді.

«Сот талқылауына қатысқан психологтың қорытындысына сәйкес, баланың ауыр психологиялық жарақаты бар болып шыққан және оның анасына деген эмоционалдық байланысы толығымен жоғалған. Бала анасынан қатты қорқады, өйткені оның өзін қайтадан қоқыс үйіндісіне алып кетуінен қауіптенеді», - деп хабарлайды сот.

Баланың ісін қараған судья оның шешесі ата-ана міндеттерін қасақана және ұзақ уақыт бойы орындаудан жалтарғаны, сондай-ақ оның өмір салтын өзгертуге ниеті болмағаны дәлелденді деп санайды.

«Әйел ата-ана құқықтарынан айырылды. Одан баланы асырауға алимент өндіріліп, ақша баланың жеке депозиттік шотына аударылатын болды», - деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.