Мобильді қабылдау шалғай елді мекендерге жеткен
«Әділет» партиясы Ұлытау облыстық филиалының басшысы Ақжол Құрмансейіт Жәйрем кентінде мобильді қоғамдық қабылдау өткізіп, ауыл халқын алаңдатқан мәселелерді тыңдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Қабылдауға Жәйрем кентінің әкімі Қайрат Жансағымов, Қаражал қалалық полиция бөлімінің басшысы, полиция полковнигі Еркебұлан Байзақов және мемлекеттік мекемелер басшылары қатысты.
Қоғамдық қабылдауға жазылған жиырмадан астам тұрғын біраз мәселе қозғаған. Соның ішінде бірқатар мәселе қабылдау барысында шешімін тапты.
Мәселен, Жәйрем кентінің тұрғыны Күлшат Мусина 30 жыл бұрын сатып алған үйінің құжаттарын рәсімдей алмай жүргенін айтып келді. Үйдің бұрынғы иелері шетелге көшіп кеткен. Мәселені зерделеген филал басшысы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласы мамандарымен тиісті құқықтық кеңес беріп, мәселенің шешілу жолын көрсетті.
Тағы бір ауыл тұрғыны үйінің өртеніп кеткенін айтып көмек сұраған. Партия өкілдері тұрғынға құқықтық көмек беріп, қолданыстағы тәртіпке сәйкес өтемақы алуға құқығы бар екенін айтқан. Азамат қабылдау барысында өтемақы алу үшін тиісті өтініш жазған соң, құзырлы органдар оған 100 АЕК көлемінде өтемақы төлеген.
Валентина Кабардинова ұлы Аманәли Кабардиновқа жұмыс іздеп келді. Мүмкіндігі шектеулі азамат жақын уақытта Мансап орталығы арқылы жұмысқа орналасқан.
«Жәйрем кенті тау-кен өндірісімен байланысты болғандықтан, елді мекен жанынан арнайы техникалық жолмен ауыр жүк көліктері жиі қатынайды. Қоғамдық қабылдау барысында бірнеше тұрғын үлкен көліктер жолдың шаңын көтеріп, қолайсыздық тудыратынын айтқан. Облыстық филиал басшысы Ақжол Құрмансейіт кент әкіміне мердігер компаниялармен бірлесіп, жолдарға тұрақты түрде су себу жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырды», - деп хабарлайды партияның баспасөз қызметі.
Қабылдау барысында жылу мәселесі, аулаларды абаттандыру, инклюзия орталығын ашу және экологияға қатысты бірқатар мәселе көтерілді. Мобильді қоғамдық қабылдау барысында қарт тұрғындарға медициналық көмек көрсетіліп, дәрігерлер кеңес берді.
«Қоғамдық қабылдаудың басты мақсаты – тұрғындардың мәселесін тыңдап қана қоймай, оның нақты шешілуіне ықпал ету. Бүгін Жәйрем тұрғындары бірқатар өзекті мәселені көтерді. Кейбір мәселелер қабылдау барысында тиісті мамандардың қатысуымен сол жерде шешімін тапты. Біз алдағы уақытта да ауылдық елді мекендерде қоғамдық қабылдаулар өткізуді жалғастырамыз. Шалғай ауылдарға барып, тұрғындардың талап-тілегін тыңдап, көтерілген мәселелердің шешілуіне ықпал етеміз», – деді Ақжол Құрмансейіт.
Жалпы жыл басынан бері Ұлытау облысында 19 мобильді қоғамдық қабылдау өтіп, оған тоқсанға жуық азамат қатысты. 40 пайыз мәселе оң шешімін тауып, қалған азамат тиісті бағыт-бағдар алған.