Алаяқтық пен адамгершілік ісі: «Әділет» партиясының қоғамдық қабылдауында қандай мәселелер қаралды

Автор: Махан Миражан

«Әділет» партиясының орталық аппаратында қоғамдық қабылдау өтті

Фото: Azattyq Ruhy

Бүгін «Әділет» партиясының орталық аппаратында қоғамдық қабылдау өтті. Құрылтай депутаты,  «Әділет» партиясының мүшесі Ербол Данағұлов Алматы, Ақмола облыстары мен Астана қаласынан келген азаматтардың мәселесін тыңдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қабылдауға жазылғандардың бірі Владимир Ремизову Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының экологиялық жағдайына алаңдайтынын айтты. Тұрғынның сөзінше, ауылда ірі қара малдың саны көбейіп, сасық иіс пен антисанитария мәселесі күшейген. Ол ауа сапасына жасалған зерттеулердің нәтижесін қайта тексеруді сұрады.

«Бізде экологиялық жағдай өте күрделі. Сасық иіс, лас орта, антисанитария. Өңірде фермалар көп. Әрқайсысында шамамен 3000 бас малдан бар. Адамдар ауырып жатыр. Кейбір тұрғындар үйлерін сатып, көшіп кеткісі келеді. Бірақ бұл оңай емес. Адамдар тұншығып өмір сүріп жатыр», – деді тұрғын.

Оның айтуынша, үш жыл бұрын жасалған сараптама кезінде кейбір көрсеткіштер шекті рұқсат етілген концентрациядан 82,5 есеге дейін жоғары болған. Алайда биылғы өлшеу нәтижесінде көрсеткіштер белгіленген нормадан төмен шыққан.

«Олардың мәліметіне сүйенсек, қазір біздің ауа өте таза. Бірақ тұрғындардың пікірі мүлдем басқа», – деді ол.

Сондықтан, қоғамдық қабылдауға келген ол ауа сапасын қайта тексеріп, елді мекендегі мал саны мен тұрғындардың денсаулығына қатысты статистиканы салыстыруды ұсынды.

Қабылдауға елорда тұрғыны Болысбек Құсайынов та келді. Оның айтуынша, осыдан 17 жыл бұрын бұрын жақын араласқан адамы шамамен 70 мың доллар қаржысын алып, қайтармаған.

Құсайыновтың сөзінше, ол кезде екеуі Қазақстан мен Ресей арасында дәрілік өнімдер тасымалдаумен айналысқан. Кейін азамат Ресейде қалып, сол елдің азаматтығын алған.

«Ол кедендік мәселелерге өзі жауап беретінін айтып, қомақты қаржы сұрады. Біз бірге жұмыс істеп жүрдік. Мен оған еш күдіктенбестен шамамен 70 мың доллар бердім. Бірақ ешқандай шығынды өтемеген. Менің барлық шотым бұғатталып, елден шыға алмай қалдым. Ал ол Ресейде қалып, сол елдің азаматтығын алған. Мен ақшамды қайтара алмай жүрмін», – деді ол.

Зейнеткердің айтуынша, осы мәселе бойынша ішкі істер органдары мен прокуратураға бірнеше рет жүгінген. Сондай-ақ азаматты халықаралық іздеуге жариялау туралы өтініш берген. Тіпті, алаяқтың барлық дерегі мен мекен-жайын ашық көрсеткен. Алайда, оның сөзінше, құзырлы органдар бұл істі жылы жауып қойған.

Қабылдауға тағы бір елордалық тұрғын туған анасын іздей келген. 36 жастағы азамат Ақмола облысы Щучинск қаласында туғанын, асырап алған ата-анасының тәрбиесінде өскенін айтты. Ол үш жылдан бері Астанада тұрады. 

Қоғамдық қабылдау барысында барлығы сегізге жуық азаматтың мәселесі тыңдалған.

«Бүгін экология мәселесі, алаяқтық мәселесі және ата-анасын іздеп жүрген жандар да бізге жүгінді. Кейбір мәселелер мемлекеттік органдарға байланысты болып отыр. Бас прокуратураға депутаттық сауал жолдауға байланысты ұсыныстар қаралды. Әр адамның әртүрлі мәселесі айтылды. Осылардың барлығы құзыретімізге сәйкес қарап, бізге жүгінген адамдарға көмек беріледі», – деді Құрылтай депутаты Ербол Данағұлов.

Оның айтуынша, азаматтардың өтініштері қоғамдық қабылдау арқылы тіркеліп, тиісті мемлекеттік органдарға жолданады.

«Құрылтайда 146 депутат бар. Оның 110-ы «Әділет» партиясынан сайланған. Әр депутат кестеге сәйкес қабылдау бөлмесіне тіркелген. Өзім де қабылдауға тұрақты қатысуды жоспарладым. Сонымен қатар Құрылтайда қабылдау бөлмесі жұмыс істейді. Қазір e-kurultai.kz және e-Otinish арқылы арыз-шағым қабылдаймыз. Соның негізінде барлығын тіркеп, жағдайды реттеуге жұмыс істейміз», – деді депутат.