«Бұл мәселе біз үшін өте маңызды еді»: «Әділет» партиясының ШҚО-дағы филиалы тұрғындарды тыңдады

Автор: Бақыт Шынар

Күршім қаласындағы көппәтерлі үйлердің ауласына жаңа контейнер орнатылды

Фото: партия филиалының баспасөз қызметі

«Әділет» партиясының Шығыс Қазақстан облысындағы филиалы Күршім тұрғындарының мәселесін шешіп берді. Дәлірек айтсақ, Күршім ауылындағы көппәтерлі үйдің ауласына жаңа қоқыс контейнерлері орнатылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Партия филиалының баспасөз қызметі хабарлағандай, Күршім ауылында өткен қоғамдық қабылдауда тұрғын Жаңыл Тырнақпаева көппәтерлі үйлердің аулаларындағы қоқыс контейнерлерінің тозғанын айтып, оларды жаңарту мәселесін көтерген.

«Тұрғынның айтуынша, қолданыстағы контейнерлердің ескіріп, жарамсыз күйге түсуі аулалардың тазалығына кері әсер етіп, тұрғындарға қолайсыздық туғызған. Бұл мәселе бұған дейін де бірнеше рет көтерілгенімен, нақты шешімі ұзақ уақыт бойы табылмаған», - деп хабарлайды партия филиалының баспасөз қызметі.

Қоғамдық қабылдау барысында айтылған өтініш партия өкілдерінің назарына алынып, тиісті мекемелермен бірлесіп мәселені шешу жолдары қарастырылды. Нәтижесінде Күршім ауылындағы көппәтерлі тұрғын үйлердің аулаларына жаңа қоқыс контейнерлері орнатылды. Осылайша, қоғамдық қабылдауда көтерілген мәселе нақты нәтижемен шешімін тапқан.

«Бұл мәселе біз үшін өте маңызды еді. Ескі контейнерлер тұрғындарға қолайсыздық туғызып келген болатын. Қоғамдық қабылдауда көтерген өтінішіміздің назарға алынып, қысқа уақытта шешімін тапқанына қуаныштымыз. Тұрғындардың мәселесіне бейжай қарамай, нақты көмек көрсеткен партия өкілдеріне алғысымды білдіремін», – деді Жаңыл Тырнақпаева.

Жаңа контейнерлердің орнатылуы тұрғындарға қолайлы жағдай жасап қана қоймай, аулалардың санитарлық тазалығы мен абаттандырылуына да оң ықпал етеді.

Халықпен кері байланыс – мәселені анықтаудың ғана емес, оны нақты шешуге ықпал етудің маңызды тетігі. Қоғамдық қабылдауларда тұрғындардың ұсыныстары мен өтініштері назарға алынып, олардың шешілу барысы бақылауда болады.