Видеоға пікір жазған ата-ана мектептің іші шын өмірде бұдан да қорқынышты дейді
Алматы облысы Қаскелең қаласындағы орта мектептің әбден тозғаны белгілі болды. Әлеуметтік желіге видео салған ата-ана балалардың қандай жағдайда білім алып жүргенін бүкіл ел көрсе екен дейді. Өйткені, жазба авторының сөзіне сенсек, бұл мәселе қанша айтылса да білім басқармасы тарапынан шешімін таппаған, деп жазады Azattyq Rýhy.
«Алматы облысы, Қаскелең қаласындағы Пушкин атындағы мектеп. Барынша көп таратуларыңызды сұраймын. Пікір жазғанда БАҚ өкілдерін, әкімдікті және білім беру органдарын белгілеңіздер. Бұл мәселені шешуге міндетті адамдар көрсін», - деп жазған жазба авторы.
Видеодан анық байқалып тұрғандай, мектептің іші де, сырты да әбден тозған. Әсіресе, мектептің төбесі көгеріп, қабырғалары жарылып, едені сынып жатқаны көрініп тұр. Дәретхананың іші де өте нашар күйде. Тіпті, видеоға пікір жазған ата-ананың бірі дәретханадан жағымсыз иіс шығатынын ашық айтқан.
«Бірінші қабаттағы ұл балаларға арналған дәретхана қатты сасиды. Ал оның жанында асхана бар. Балаларға әбден обал болды», - дейді ол.
Тағы бір ата-ананың айтуынша, мектеп әкімшілігі бірінші сыныптағы оқушылардың ата-анасын ғимарат ішіне жолатпай қойған.
«Неге кіргізбей жүргені енді белгілі болды. Мынау сұмдық қой! Баланың қауіпсіздігі қайда қалды? Мектеп әкімшілігі қайда қарап отыр?», - деп жазған ата-ана.
Бір қызығы, осы пікірлердің арасында Қарасай аудандық білім бөлімінің де комментарийі бар екен.
Білім бөлімінің мәліметінше, Пушкин атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жүргізуге арналған жобалық-сметалық құжаттама 2025 жылғы қыркүйекте әзірленген. Құжаттар бюджет өтінімімен бірге Алматы облысының құрылыс басқармасына тапсырылған.
Білім бөлімі мектепті Алматы облысының құрылыс басқармасы жөндеу керек дейді. Егер Қаражат бөлінген жағдайда басқарма конкурс жариялап, жөндеу жұмыстарын жүргізетін мердігер ұйымды анықтамақ.
Оған дейін балалар осы ескі мектепте оқуға мәжбүр көрінеді.