Оқиға 17 қыркүйекте болған
Маңғыстау облысында Toyota Camry көлігін тексеру кезінде Қызыл кітапқа енген бекіре тұқымдас балықтың 10 данасы табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасай отырып.
Оқиға 17 қыркүйекте «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында болған. Полиция қызметкерлері облыс прокуратурасының үйлестіруімен «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімшесінің жауынгерлерімен бірлесіп, демалыс орындарының біріне жақын маңдағы тасжолда Toyota Camry көлігін тоқтатқан.
Көліктің жүксалғышын тексеру кезінде Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген бекіре тұқымдас балықтың 10 данасы анықталып, тәркіленді. Олардың жалпы салмағы 44,5 келі болған.
Осы факті бойынша Қылмыстық кодекстің 339-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Тәркіленген балықтар сот сараптамасына жіберілді.
Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды.
Полиция сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген жануарлар түрлерін заңсыз аулау, сатып алу, сақтау, тасымалдау және өзге де заңсыз айналымға енгізу заңда белгіленген жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті.