«Әділет» партиясы ашық есік күнін өткізді: ерекше балалар мен жалғызбасты аналардың мәселесі қалай шешілмек

Автор: Темірхан Айжан

Қабылдауға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау министрліктерінің өкілдері мен заңгерлер қатысты

Фото: Azattyq Rýhy

«Әділет» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесінде өткен Ашық есік күнінде балалар мен отбасыларға қатысты бірқатар әлеуметтік мәселе көтерілді. Ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналар мемлекеттің тегін қызметтері туралы сұраса, жалғызбасты ана баспана мәселесін көтерді. Қазақстанға келген қандас көші-қондағы қиындықтарын айтып берді. Azattyq Rýhy тілшісі де Ашық есік күніне қатысып, партия өкілдерімен бірге азаматтардың мұң-мұқтажын тыңдап келді. 

«Қазақстан балалары» Ұлттық бағдарламасы аясындағы қабылдауға еліміздің әр өңірінен азаматтар келіп, өздерін толғандырған мәселелер бойынша кеңес алды. Тұрғындарға балалардың құқықтарын қорғау, әлеуметтік қолдау, денсаулық сақтау және білім беру салалары бойынша ақпарат берілді. Қабылдауға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау министрліктерінің өкілдері мен заңгерлер қатысты.

Құрылтай депутаты Ләззат Жылқыбаева қабылдау барысында ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналардан бөлек, көші-қон және заңдастыру мәселелері бойынша да өтініштер түскенін айтты. Оның сөзінше, Қазақстанға келген қандастардың бірі мәртебесін рәсімдеу кезінде Қазтест сынағын тапсыруға байланысты қиындыққа тап болған. Бұдан бөлек, тұрғындар мектептердегі тегін үйірмелер мен ауруханаларда тіс емдеуге көрсетілетін тегін медициналық көмек туралы да кеңес сұраған.

«Бүгін көптеген тұрғын келіп отыр. Осы азаматтарды қабылдау барысында бүгінгі іс-шараның маңызы зор екенін байқадым. Тұрғындарды толғандырып жүрген, шешімін табу қиын болып отырған түрлі мәселелер көтерілді. Мысалы, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар қайда жүгінуге болады, қандай көмек түрлері бар, мемлекет тарапынан қандай тегін қызметтер көрсетіледі деген сұрақтар бойынша кеңес сұрап отыр.

Тағы бір маңызды мәселе көші-қонға қатысты болып отыр. Оны дәптеріме жазып алдым, ары қарай анықтайтын боламын. Қандастар Қазақстанға келген кезде өз мәртебесін рәсімдеу барысында көптеген қиындықтарға тап болады екен. Мысалы, басқа елде тілді латын қарпімен үйренген адам Қазақстанда Қазтест тапсырған кезде кириллше тапсырады. Жалпы, заңдастыруға қатысты да мәселе бар. Сол азаматтың телефон нөмірін алып қалдым. Мүмкін, заңнамаға қандай да бір өзгеріс енгізу керек шығар. Тікелей хабарласып, мәселенің жайын біліп отыратын боламын.

Сонымен қатар мектептердегі тегін үйірмелер, ауруханаларда тіс емдеуге байланысты көрсетілетін тегін медициналық көмек бойынша да кеңес сұрап жатыр. Жалпы, көптеген мәселе көтерілді. Осындай іс-шаралар халыққа үлкен септігін тигізеді деп ойлаймын»,- деді ол.

Қабылдауда білім беру саласына қатысты мәселе көтерілді. Space School жекеменшік мектебінің директоры Нұрболат Бейсенғалиев жекеменшік мектептер үшін жан басына шаққандағы қаржыландыру мәселесі өзекті болып отырғанын жеткізді.

Оның сөзінше, биыл Астана мектептеріне шамамен 10 мың бала қосылған. Мемлекеттік мектептердегі орын тез толып, кейбірінде бір сыныпта 37 оқушыға дейін отырады.

«Өзім «Space School» жекеменшік мектебінің директорымын. Қазір жекеменшік мектептер үшін ең негізгі мәселелердің бірі – жан басына шаққандағы қаржыландыру. Бүгін осы сұрақ бойынша «Әділет» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесіне арнайы келіп, Білім басқармасының басшысына сұрақ қойдым. Ол кісінің айтуынша, қазір комиссияның отырысы өтіп, қаржыландыру мәселесі қаралып жатыр екен. Менің естуімше, биыл Астана мектептеріне шамамен 10 мың бала қосылған. Балалар саны көбейген сайын мемлекеттік мектептер тез толып қалады. Қазір кейбір сыныптарда 37 балаға дейін оқып жатыр. Сондықтан мемлекеттік мектептердегі жүктемені азайту үшін жекеменшік мектептерге мемлекеттік тапсырыс беріліп жатыр. Қазір оқу ақысын көтерсек, оның салмағы ата-аналарға түседі. Ата-аналардың да мүмкіндігін ескеру керек. Сондықтан осы бағытта мемлекет тарапынан қолдау болғаны дұрыс деп ойлаймын. Бұл жекеменшік мектептерге ғана емес, жалпы білім беру саласындағы мәселелерді шешуге де әсер етеді деп есептеймін. Бүгін осы сұрақ бойынша жауап алдық, Құрылтай депутатына да ұсынысымызды жеткіздік. Берілген жауапқа қанағаттандым. «Әділет» партиясына рақмет айтамын. Жалпы осындай кездесулерге келіп, өзімізді толғандыратын сұрақтарды ашық қойып, жауап алып тұрамыз», – деді ол.

Кездесуге келген педагог Әсел Айтимова аналарды қолдауға қатысты ұсынысын жеткізді. Ол Астанада мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін жалғызбасты аналардың көбі баспана мәселесін шеше алмай, қиналып жүр.

«Әйелдер қанатының басшылары келіп отырғанын пайдаланып, аналарды қолдау мәселесіне қатысты өз ұсынысымды айттым. Әсіресе, елордада, Астанада баспана мәселесі өте өзекті ғой. Мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін жалғызбасты аналарға қолдау ретінде жалға берілетін пәтер немесе уақытша баспана қарастырылса деген ұсыныс айттым. Осы сұрағыма берілген жауапқа ризамын. Нақты жауап берді, ұсынысымды жазып алды, телефон нөмірімді де алып қалды. Мәселенің қолға алынатынын айтты», – деді педагог.

Құрылтай депутаты Ләззат Жылқыбаеваның айтуынша, қабылдау кезінде түскен өтініштер бойынша міндетті түрде тиісті мемлекеттік органдарға хат жолданатын болады.

«Келген азаматтар өтініштерін қалдырды. Сол талап-тілектер негізінде біз тиісті мемлекеттік органдарға хат жолдап, жауаптарын өтініш иелеріне жеткізетін боламыз. Егер заңнамаға өзгеріс енгізу қажет болса, мәселе Құрылтай деңгейіндегі жұмыс комиссияларында қаралатын болса, нақты әрі толығырақ мәлімет алу үшін сол азаматтармен байланысып отырамыз. Бүгін келді, мәселе айтылды, сол жерде қалды деген әңгіме болмайды», - деді Ләззат Жылқыбаева.

Азаматтарды қабылдау онлайн және офлайн форматта өтті. Тұрғындарға кеңес беріліп, түскен өтініштер тіркелді.