«Жұдырықпен бір рет ұрып қалсаңыз да сотталасыз»: Астана прокуратурасы төбелесетіндерге ескерту жасады

Автор: Бақыт Шынар

Бұл туралы Астана қаласы «Есіл» ауданының прокуроры Қарлығаш Ерғалиев мәлім етті

Фотоколлаж: ЖИ арқылы жасалған, Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Бүгін Астана қалалық коммуникациялар қызметіндегі брифинг кезінде Астана қаласы «Есіл» ауданының прокуроры Қарлығаш Ерғалиева бір жұдырықтың өзі қылмыстық істің құрамы екенін айтып, жағдайды түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Айта кетейік, бүгінгі брифингтің мақсаты – адамды жеңіл жаралау, ұрып-соғу және баласына дұрыс тәрбие бермей, сабайтын ата-ананың жазасы туралы түсіндіру еді.

Қарлығаш Ерғалиева Қылмыстық кодекстің 108-1, 109-1 баптары туралы айта отырып, адамды бір рет ұрдыңыз ба, бірнеше рет ұрдыңыз ба, нақты жұдырықтың саны істі тергеуде аса бір айырмашылық болмайды дейді.

«Яғни, адамды бірнеше рет ұрса ғана қылмыстық жауапкершілік көзделген деп түсіну қате. Тіпті, адамды бір рет жұдырықпен ұрып қалсаңыз да, Қылмыстық кодекстің 109 бабы, 1-тармағы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартыласыз», - деді прокурор.

Бұл мәселені нақты бір мысалмен түсіндірген прокурор былай дейді:

«Мысалы, төбелес болды делік. Төбелесіп жатқанда сіз біреудің бетінен әдейі бір рет болсын ұрсаңыз, оның беті немесе басқа жері қызарып қалса, сіз жұдырыңызбен оның сол жерін ауыртып жіберсеңіз, ол қылмыстық жауапкершілікке жатады».

Яғни, прокурордың айтуынша, Қылмыстық кодекске сай, ір жұдырықты «жай ғана ұрып жіберді» деуге келмейді. Заң бойынша жұдырықтың ізі қалса, қылмыстық іс қозғалады.