«Әділет» партиясының жастары есірткі туралы мыңға жуық жарнаманы жойды

Автор: Бақыт Шынар

Ел бойынша ауқымды акция өткен

Фото: «Әділет» партиясының баспасөз қызметі

«Әділет» партиясының Жастар қанаты республиканың көлемінде ауқымды акция өткізіп, есірткі туралы мыңға жуық жарнаманы жойған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бәрімізге белгілі, қазіргі қоғамдағы ауыр дерттің бірі – синтетикалық есірткі болып отыр. Партия өкілдері атап өткендей, жастар арасында белең алып бара жатқан бұл мәселеге президент Қасым-Жомарт Тоқаев та Ұлттық құрылтайдың  отырысында осы мәселеге назар аударған еді.и

Бұл бағыттағы күресті күшейту үшін еліміздің барлық өңірлерінде жастар мен жасөспірімдер арасында есірткі қылмысының алдын алуға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған кешенді профилактикалық жұмыстар бастау алды.

«Осыған орай, нашақорлықтың алдын алу, есірткі қылмысына қарсы қоғамдық иммунитет қалыптастыру және жастарды салауатты өмір салтына баулу мақсатында «Әділет» партиясының Жастар қанаты республика көлемінде кешенді акция өткізуде. Акция аясында өңірлерде қала көшелері мен тұрғын үйлердің аулаларында рейдтік жұмыстар ұйымдастырылып, есірткі заттарын насихаттайтын жарнамалар мен граффитилер анықталуда. Бір күннің өзінде 1000-ға жуық есірткі жарнамасы жазылған граффити мен трафарет жойылды», - деп хабарлайды «Әділет» партиясының баспасөз қызметі.

Жастар қанатының белсенділері көшедегі жарнаманы ғана өшіріп қоймай, халық арасында есірткінің зияны мен оның салдарын түсіндіріп,  есірткі саудасына қатысты күмәнді сілтемелер мен Telegram-арналардың жарнамалары анықталған жағдайда тиісті органдарға хабарлау керегіне газар аударды.

«Жастар Рухы» белсендісі Дильназ Нұрымжанованың айтуынша, мұндай акциялардың негізгі мақсаты жастарды есірткіден аулақ болуға шақырып қана қоймай, олардың қоғамдық жауапкершілігін арттыру.

 «Есірткіге қарсы күрес - тек арнайы органдардың емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Біз жастар ретінде өз қатарластарымызға дұрыс таңдау жасаудың маңызын түсіндіруге тырысамыз. Акция барысында есірткі жарнамаларын жойып, тұрғындармен сөйлестік, жастарға салауатты өмір салтының маңызын түсіндірдік. Ең бастысы – жастардың бос уақытын пайдалы өткізуіне жағдай жасап, спортқа, шығармашылыққа және қоғамдық жұмыстарға тарту деп ойлаймын», - деді Дильназ Нұрымжанова.

Акцияға өңірлердегі жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, полиция департаменттерінің қызметкерлері, волонтерлер, спортшылар, қоғамдық пікір көшбасшылары мен белсенді жастар қатысуда.

Қызылорда облыстық полиция департаменті Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкері, полиция капитаны Ахмет Темірхан  профилактикалық жұмыстың маңыздылығына тоқталды.

«Есірткі қылмысының алдын алуда жастармен жүргізілетін түсіндіру жұмыстарының маңызы зор. Қазіргі таңда есірткі жарнамалары интернет кеңістігімен қатар, қоғамдық орындарда да кездеседі. Осындай заңсыз жарнамаларды анықтау және жою бойынша азаматтардың белсенділігі маңызды. Күдікті жазулар мен сілтемелерді өз бетінше қолданбай, тиісті органдарға хабарлау қажет. Құқық қорғау органдары жастар ұйымдарымен бірлесіп профилактикалық жұмыстарды жалғастыра береді», - деді полиция капитаны.

Кешенді акция тек рейдтік жұмыстармен шектелмейді. Оның аясында жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған спорттық іс-шаралар, профилактикалық кездесулер, ашық пікірталастар және түсіндіру жұмыстары да өтеді.

Сонымен қатар жастарды спортқа тарту және олардың бойында жігер мен жауапкершілік қалыптастыру мақсатында «Чемпиондық рух» спорттық іс-шаралары өтеді. Жастар арасында бұқаралық спортты дамыту арқылы бос уақытты тиімді ұйымдастыру және зиянды әдеттерден аулақ болуға үндейтін бастамаларға ерекше көңіл бөлінеді.